Сырқат алқымыңнан алған кезде дертіңді жазу үшін үй сөрелерінде тұрған антибиотиктерді амалсыздан қолданамыз. Әрине, мұның айыбы жоқ. Алайда олардың кейбірі емдегенімен, енді бірі зиянды болуы мүмкін. Сондай-ақ дәріні қалай қабылдау ретін білмей, ағзаға ауыртпашылық әкелетін медициналық препараттарды қолданып жүргендер жетерлік.

Қазақстанда рецептісіз босатылмайтын дәрілерді қолдану қатаң реттеледі. Өйткені мұндай препараттарды дұрыс пайдаланбаудың соңы күтпеген нәтижелерге әкелуі мүмкін. Арнайы медициналық өнімдердің сатылу процесін реттейтін заң да қарастырылған. Оны «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» заңнамасы қамтиды.

Бүгінде заңсыз сатылатын дәрілер бар. Кейбірі интернет-дүкен арқылы да дәріге қол жеткізіп жүр екен. Ал оның заңдылығына кім кепіл?

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 233-бабы 4 тармағына сәйкес, дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады. Рецептілер қағаз және (немесе) электрондық түрлерде жазып беріледі. Дәрілік заттарды рецептісіз сатқаны үшін ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осылайша, 2024 жылдың қазан айына дейін дәрі-дәрмектерді рецептісіз сатқаны үшін 18,5 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік хаттамалар жасалынды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмагүл Кенжеханова.

Байқасақ, көптеген ата-ана, жастар ауруды басу үшін антибиотиктерді қабылдауға дағдыланып қалған. Алайда оның жас организмге қалай әсер ететінінен бейхабар.

Антибиотиктер – бактериялық инфекцияларды емдеуге арналған дәрілер, алайда оларды дұрыс қолданбаған жағдайда, ағзаға ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, антибиотиктердің рецептісіз сатылуы және дұрыс қолданылмауы, микробтардың дәріге төзімділігін арттырады. Яғни ағза үйренісіп қалса, керекті «қорғаныш жүйесін» құра алмайды. Ал бұл өз ретінде инфекцияларды емдеу барысында қиындық туғызады.

Ғалымдар 2050 жылға таяу 40 миллионға жуық адам аталған дәріден зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағуда. Министрлік былтырдан бастап 2027 жылға дейін медициналық өнімдердің сатылымын реттеу үшін арнайы бағдарлама бекіткен. Заң аясында емдік құралды дәрігер рұқсатынсыз сатуға болмайды.

Гормональды препараттар – эндокриндік жүйенің бұзылыстарын емдеуге арналған. Бірақ оларды бақылаусыз қабылдау гормондардың табиғи тепе-теңдігін бұзып, ауыр жанама әсерге әкелуі мүмкін. Осы орайда көзге көрінетін жағымсыз нәтижелерін атап өтейік. Мәселен, артық салмақ, тері қабатының бұзылуынан (безеу) орын алуы ықтимал.

Седативті дәрілер – психикалық ауытқуларды, ұйқысыздықты емдеу барысында қолданылады. Олардың бақылаусыз пайдаланылуы психологиялық тәуелділікті тудырады. Қатаң түрде дәрігердің нұсқаулығымен қолданысқа берілуі тиіс медициналық өнімдердің бірі. Сондай-ақ ауырсынуды басатын дәрілер де дәрігердің рецептімен ғана беріледі. Олардың әсері тез және күшті, бірақ шамадан тыс қолдануға болмайды.

Сондықтан рецептісіз босатылмайтын емдік препараттарды тек дәрігердің кеңесімен ғана қабылдаған жөн. Өз бетімен емделу ауыр зардаптарға әкеп соғады. Аурудың алдын алу үшін кәсіби медициналық көмекке жүгіну қажет. Осы орайда дәрігерлер де немқұрайлылық танытпай, дертті оңтайлы емдеудің жолын көрсетсе игі.

– Емдік препарат қандай да бір ауру мен сырқаттанып жатқан науқастарға ауру жағдайына қарай тағайындалады. Дәрігердің нұсқауынсыз, рецептісіз дәрілер сұрайтындар, әрине, бар. Бірақ кез келген дәріні сатуға болмайды. Себебі рецептісіз босатылатын және босатылмайтын емдік өнімдер болады.

Антибиотик жиі қабылдау ағзамызға зиян. Кемі 6 айда бір қолдану керек. Жалпы антибиотикті ем ретінде қабылдаған кезде, міндетті түрде пробиотиктерді де ішу керек. Себебі антибактериалды ем ішек микрофлорасын зақымдайды. Суық тию симптомдары байқалған уақытта, асқынбай тұрып вирусқа қарсы преппараттар қолданған жөн. Құрамдары бірдей дәрілік заттарды бірге қолданбау кажет, сондай-ақ емдік препаратты қабылдау арасы кемі 30 минут болуы тиіс. Жалпы антибиотиктерді аса қажет болмаса қабылдамаған жөн. Олар ішек микрофлорасын айтарлықтай бұзады. Біздің иммунитетіміздің 70%-ы сол ішектерімізде болғандықтан, антибиотик ішектерді зақымдайды және иммунитетті түсіреді, – дейді дәріханашы, медицина саласының маманы Тоғжан Жаңабаева.

Әрине, ешкім ауырайын деп дәрі ішпейді. Оған зәру болып жатқандардың саны қанша? Алайда елімізде дәрі құны арзандап, оны өндіру үшін де біршама жұмыс атқарылуда. Өткен айда «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев Үкімет отырысында соңғы жылдары мемлекет азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімін айтарлықтай кеңейткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды көлемі 2010 жылмен салыстырғанда қаржылай тұрғыда 15 есе артқан.

Дәл қазір «СҚ-Фармация» еліміздегі 1200-ден астам стационар мен 700 емхананы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуде. Биыл«СҚ-Фармация» тізімінде 480 миллиард теңге сомасына 1588 фармацевтикалық атау енгізілген. Сондай-ақ 35 отандық өндірушімен 4 мыңға жуық дәрі-дәрмек пен медициналық қажетті заттарды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған.

– Біз Қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасай отырып, отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуды белсенді түрде қолдаймыз. Біздің медициналық мекемелерді өмірлік маңызды препараттармен және бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысымыз денсаулық сақтаудың тұрақты дамуына және еліміздің барлық азаматы үшін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз, – дейді Еркен Жақатаев.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы. Расымен, денсаулығымызға немқұрайлылық танытпасақ, оған ешқандай қауіп төнбейді. Салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр болуға дағдыланғанымыз абзал.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!