BAQ.KZ. Тоқ ішек пен тік ішек обыры – әлем бойынша да, Қазақстанда да жылдан-жылға жасарып, өршіп келе жатқан ең қауіпті дерттердің бірі. Соңғы жылдары бұл диагноз елімізде онкологиялық аурулардың алғашқы үштігіне дейін көтерілді. Аурудың басты трагедиясы – бастапқы кезеңде еш белгі бермей, жылдар бойы жасырын дамитынында. Ал диагностика кешіксе, емдеу қиындайды, асқыну көбейеді. Осы күрделі дертпен күн сайын бетпе-бет келіп жүрген Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоколопроктологы Мейрам Мамлин колоректалды обырды ерте анықтау, емдеу, технологиялық жаңалықтар және пациенттердің жиі жіберетін қателіктері туралы кең көлемде айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, адамдар көбіне өз денсаулығына мән бермей, қарапайым симптомдарды елемей немесе оны басқа сырқатпен шатастырып, уақыт жоғалтады. Мұның салдары ауыр.
Қазақстандағы жағдай неге алаңдатарлық?
Соңғы онжылдықтың динамикасы көрсеткендей:
- Колоректалды обыр жасарып келеді;
- Жыл сайын диагноз қойылатын адамдардың саны артып отыр;
- Көптеген пациенттер асқынған кезеңде келеді;
- Скринингке қатысты мәдениет әлі қалыптаспаған;
- Ауылдық аймақтарда диагностикаға қолжетімділік төмен.
Осындай күрделі жағдайда дәрігерлердің міндеті – тек емдеу емес, қоғамға аурудың қаншалықты «үнсіз» дамитынын түсіндіру.
Адамдар неліктен дәрігерге кеш барады?
Мейрам Мамлиннің айтуынша, оған келетін науқастардың басым бөлігі кешігіп келеді. Ең жиі кездесетін шағымдар:
- Іштің ауырсынуы
- Дәреттің өзгеруі (қан араласу, жиілеп кету, іш қату)
- Дене салмағының төмендеуі
- Анемия белгілері
Бірақ дәл осы белгілерді адамдар қате түсініп, оны гастрит, панкреатит, холецистит, геморрой деп ойлайды. Дәрігер осы тұста былай дейді:
Колоректалды обырдың алғашқы белгілері басқа ауруларға өте ұқсас. Сондықтан көп адам уақыт жоғалтады. 50 жастан асқан кез келген адам міндетті түрде скринингтен өтуі керек, – дейді ол.
Дәрігерлер де кейде қателеседі
Маманның айтуынша, диагноз қоюдағы кешігуге дәрігерлік тәжірибедегі олқылықтар да себеп болатыны рас. Мысалы:
- Пациент анемиямен келгенде оны гематологқа жібереді
- Іш ауырса гастроэнтерологқа ғана жіберіледі
- Геморройдың өзінен емделіп жүріп, төменгі бөлікте орналасқан ісік байқалмай қалуы мүмкін.
Бірнеше ай бойы басқа ауруды емдеп жүріп, ақыры тоқ ішектен ісік табылған жағдайлар аз емес. Сондықтан дәрігер де, пациент те сақ болуы керек, – деп түсіндірді онколог дәрігер.
Асқынған кезде не болады?
Бірқатар пациенттерде ауру асқынып, ішек бітелісіне әкеледі. Ондай кезде олар онкологиялық орталыққа емес, көпсалалы ауруханаға түседі. Онда хирург тек ішек бітелісін ашатын операция жасайды, ал ісікті толық емдеу кейінге қалады. Бұл кейінгі болжамды нашарлатады.
Хирург өмірін сақтау үшін бітелісті ашып береді, бірақ қатерлі ісікке тиісті деңгейде онкологиялық операция жасалмауы мүмкін. Сол себепті бұл науқастарға кейін кешенді емдеу қиынға түседі, – дейді онколог дәрігер.
Ерте сатыда толық айығу мүмкін
Колоректалды обырдың ең басты ерекшелігі – дер кезінде анықталса 100% жазылуға жақын.
Бірінші сатыда:
- Ағзаны алып тастамай-ақ, эндоскопиялық жолмен емдеуге мүмкіндік бар
- Қалпына келу жоғарғы деңгейде
Екінші сатыда:
- 5 жыл өмір сүру көрсеткіші – 85%
Үшінші сатыда:
- 60–75%
Төртінші сатыда:
- Қазір жаңа технологиялар, HIPEC, метастаздарды хирургиялық жолмен алу арқылы өмір ұзарту айтарлықтай жақсарған.
Қандай тәсіл тиімді және олардың өмір сүру ұзақтығына әсері бар ма?
Колоректалды обырды емдеудің негізгі жолы – хирургиялық араласу. Мейрам Мамлин бұл туралы ашық әрі нақты айтады:
Операция – емдеудің жалғыз құралы емес, бірақ негізгі тәсілі. Ең маңыздысы – операцияның қалай және қай стандарт бойынша жасалғаны, – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі медицинада екі негізгі хирургиялық әдіс бар:
1. Ашық операция (традициялық әдіс)
Бұл тәсілде хирург іш қуысына кеңдеу кесу арқылы жетеді. Артықшылықтары:
күрделі асқынуларда кең көріну мүмкіндігі
ісік орналасқан аймаққа толық қол жеткізу
шұғыл жағдайларда ыңғайлы
2. Аз инвазивті (лапароскопиялық) операция
Бұл — медицинадағы соңғы онжылдықтағы ең маңызды жетістіктердің бірі.
Кішкентай тесіктер арқылы камера және нәзік құралдар енгізіледі.
Артықшылықтары:
- тыртық аз
- ауырсыну аз
- оңалту жеңіл
- инфекциялық қауіп төмен
- пациенттің химиялық терапияға тез оралуы
Лапароскопия косметикалық және оңалту тұрғысынан тиімді, бірақ өмір сүру ұзақтығына әсер етпейді. Негізгі фактор – ісіктің сатысы мен операцияның сапасы, – деп ағынан жарылды дәрігер.
Бұл – қате түсініктерді жоятын өте маңызды тұжырым. Өкінішке қарай, көп пациент операцияның әдісін таңдап алуға тырысады, ал іс жүзінде маңыздысы – онкологиялық талаптардың толық сақталуы.
Қазақстан онкологиясындағы жаңа дәуір
Онкологиядағы әлемдік стандарт – емдеуді бір ғана хирург емес, бірнеше сала мамандарының бірлесіп жүргізуі. Мамлиннің айтуынша:
Бізде әр пациенттің тарихы бірнеше маманнан тұратын консилиумда талқыланады. Бұл – ең дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Команда құрамына мыналар кіреді:
- Онкологиялық хирург (колопроктолог)
- Ісікті алып тастайды, операция түрін анықтайды.
- Радиолог (КТ, МРТ талдаушы)
- Ісіктің таралуын, лимфа түйіндерінің жағдайын анықтайды.
Химиотерапевт
- Операцияға дейін немесе кейін химиялық емнің қажеттілігін шешеді.
Морфолог (патолог-анатом)
- Ісіктің биологиялық табиғатын, агрессивтілігін, сатысын анықтайды.
Бұл – емдеу тактикасының негізгі тірегі.
Эндоскопист
- Ісікті ерте сатыда эндоскопиялық жолмен алып тастау мүмкіндігін қарайды.
Гастроэнтеролог, диетолог
- Операциядан кейінгі өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Психолог
- Дертті алғаш естіген сәт – науқас үшін ең ауыр кезең. Психологиялық қолдау ұзақ мерзімді емдеудің бөлігі.
Мұндай тәсіл Қазақстанда бұрын болмаған. Қазір Ұлттық онкологиялық орталық осы мәдениетті қалыптастырып, өңірлерге таратып келеді.
Дертті ерте анықтаудың жалғыз жолы
Мамлиннің сөзінше, 8–10 жыл бұрын елімізде колоректалды обырды ерте анықтау деңгейі 20% жетпейтін.
Қазір бұл көрсеткіш 35%-дан асты.
Бұл бірнеше технологиялық жаңалықтың арқасында мүмкін болды:
1. КТ және МРТ диагностикасының жетілдірілуі
Науқастың сатысын дәл анықтау,
дұрыс ем.
2. Заманауи эндоскопиялық құралдар
Полиптерді ерте алып тастау,
қатерлі түрге айналу қаупін тоқтату.
3. HIPEC технологиясы
Құрсақішілік гипертермиялық химиотерапия,
метастазды колоректалды обырды емдеудегі әлемдік стандарт.
4. Лапароскопияның кең қолданылуы
Жедел оңалту – емді кешіктірмеу.
5. Менторлық бағдарлама
UPMC (АҚШ), Бельгия, Ұлыбритания, Мәскеу, Санкт-Петербург мамандарынан тікелей үйрену арқылы қазақстандық дәрігерлердің деңгейі көтерілді.
Кез келген технологияны меңгеру үшін жылдар қажет. Бірақ біз оқып, үйренуді тоқтатқан емеспіз. Бұл – біздің сектордың басты құндылығы, – деп атап өтті Мейрам Мамлин.
Заманауи онкологиядағы мультидисциплинарлық тәсіл: нәтижелі емнің басты кепілі
Онкологиялық ауруларды емдеу бүгінде бір ғана хирургтің немесе жеке маманның жұмысы емес. Қазіргі медицинада науқастың тағдырын бір маман емес, бірнеше сала өкілдерінен құралған команда шешеді. Бұл тәсіл әлемнің жетекші клиникаларында қалыптасқан стандартқа айналды. Қазақстан да осы бағыттан қалыс қалып отырған жоқ.
Дәрігер Мейрам Мамлиннің айтуынша, сапалы ем жүргізудің негізгі шарты – мультидисциплинарлық тәсілді енгізу. Бұл тәсіл әр пациентке жеке қарауды, диагнозды терең талдауды, әр мүдделі маманның пікірін қоса отырып нақты шешім қабылдауды көздейді.
Бұл жерде бәрінен бұрын пациентті емдеген кезде бірнеше маман қатысатын мультидисциплинарлық тәсілді қолдану туралы айта кету керек. Қазіргі тенденция бойынша аурудың белгілі нозологиясын тиімді емдеу үшін заманауи технологияларға сүйенетін мамандандырылған дәрігерлер командасы қажет, – дейді ол.
Мейрам Мамлин атап өткендей, бүгінде колоректалды обырды емдеуге құзырлы толыққанды команда жасақталған. Оның әрқайсысы өз саласы бойынша шешуші рөл атқарады.
Эндоскопист: аурудың алғашқы белгілерін анықтайтын маман
Эндоскопист — обырды ең ерте сатысында байқап, полиптердің табиғатын анықтай алатын негізгі маман. Науқастың тағдырын көбіне дәл осы маманның кәсібилігі шешеді, өйткені алғашқы қадам — дұрыс эндоскопиялық бағалау.
Радиолог: МРТ/КТ нәтижесі арқылы ауру сатысын айқындайды
Ем тактикасын дұрыс құру үшін ісіктің нақты көлемі, таралу аймағы, лимфа түйіндерінің жағдайы өте маңызды. Бұл жұмысты радиологтар атқарады.
МРТ/КТ сипаттамасын қарайтын, аурудың сатысын анықтауға және емді дұрыс белгілеуге көмектесетін радиолог-дәрігер команданың негізгі мүшелерінің бірі, – дейді маман.
Химиотерапевт: операцияға дейін және кейінгі ем тактикасын реттейтін маман
Онкологияда хирургиялық ем жалғыз шешім емес. Кей науқастарға операцияға дейін ісікті кішірейту үшін химиотерапия қажет болса, екіншілеріне операциядан кейін қайталану қаупін азайту үшін тағайындалады. Бұл процесті химиотерапевт басқарады.
Морфолог: диагноздың “алтын стандарты”
Морфолог дәрігер ісіктің жасушаларын микроскоппен зерттеп, оның қаншалықты қауіпті екенін, өсу агрессиясын, биологиялық ерекшелігін анықтайды.
Ісіктің биологиялық сапасын, қатерлілік деңгейін морфологсыз анықтау мүмкін емес, – дейді мамандар.
Паллиативті көмек: ауыр жағдайдағы науқасқа жан ауруын жеңілдету
Кей пациенттерге операция немесе емнің басқа түрлері көмектесе алмайтын жағдайлар болады. Осындай сәтте паллиативті көмек мамандары науқастың ауырсынуын азайтып, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Паллиативті көмекті тарту – ауыр жағдайдағы адамға соңғы кезеңде де адамгершілікпен көмек көрсету, – дейді маман.
Команда ішіндегі үздіксіз байланыс – нәтижелі емнің басты шарты
Онкологиялық орталық дәрігерлері тек бір кабинетте емес, тұрақты кәсіби байланыста жұмыс істейді. Кез келген күрделі жағдай консилиумда талқыланады.
Барлық мамандармен үнемі байланыстамыз. Кез келген уақытта консультация аламыз, – дейді Мейрам Мамлин.
Бұл жүйе емді жедел бастауға, тактиканы нақты анықтауға және әр пациентке жеке тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қорытынды: заманауи онкология — бір маманның емес, бірлесе жұмыс істейтін команданың еңбегі
Бүгінгі таңда онкологиялық ауруларды емдеудегі ең сенімді тәсіл — мультидисциплинарлық командалық модель. Бұл тәсіл әлемнің жетекші клиникаларында қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген.
Қазақстандағы онкологиялық қызмет те осы бағытқа жүйелі түрде көшіп келеді. Әр маманның біліктілігі, бір-бірімен үздіксіз байланысы, дәлелді медицинаға сүйену — колоректалды обырмен күрестегі ең мықты құрал.
Дәрігердің өзі айтқандай, бұл бағыт:
Соңғы бірнеше жылда біз осы әдіспен жұмыс істеп, сауатты мамандардың командасын дайындап қойдық. Мұндай тәсілмен айтарлықтай жетістікке жетуге болады.
Скрининг: Қазақстанда неге көп адам өтпейді?
Колоректалды обыр – скрининг арқылы алдын алуға болатын сирек онкологиялық аурулардың бірі.
Қазақстанда 50 жастан асқан адамдар:
- жасырын қанға талдау (гемокульт-сынама)
- колоноскопиядан тегін өтеді.
- Бірақ Мамлиннің айтуынша, халық арасында әлі де:
- қорқыныш
- ұялу
- скринингті қажет деп санамау
Көп адам симптом пайда болғанда ғана келеді. Бұл – үлкен қателік. Скрининг — ауру жоқ уақытта жасалатын тексеріс. Сол арқылы адам өмірін құтқаруға болады, – дейді дәрігер.
Скринингтен өтпеудің салдары қандай?
- Ісік 3–4 сатыға жетіп анықталады
- Метастаздар пайда болады
- Операция ауқымы үлкейеді
- Өмір сүру ұзақтығы қысқарады
- Бұл – тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе.
Аурудың пайда болу себептері: өмір салты, қоғамдық жағдай, генетика
Колоректалды обырдың бір ғана себебі жоқ. Мамлин бірнеше факторды атап өтті:
1. Қоршаған ортаның агрессивтенуі
Қазіргі урбанизация канцерогендердің көбеюіне әкеліп отыр.
2. Тамақтану мәдениеті
өңделген өнімдер
шұжық, сосиска, ысталған ет
қызыл етті шамадан тыс пайдалану
аз көкөніс, аз клетчатка ішек жолында қатерлі өзгерістерге ықпал етеді.
3. Артық салмақ, гиподинамия
Қозғалыстың аздығы ішек перистальтикасының әлсіреуі мен канцерогендердің ұзақ кідіруіне әкеледі.
4. Стресc
Созылмалы стресс гормондық және иммундық жүйелерге әсер етеді. Сондай-ақ қатерлі процестерге ұшыратуы әбден мүмкін.
5. Тұқым қуалаушылық
Ең үлкен қауіп факторы.
- Қазақстандағы колоректалды обырмен күрестің болашағы
- Мейрам Мамлин және оның командасының жұмысы көрсеткендей:
- Қазақстанда колоректалды обырды ерте анықтау жақсарып келеді
- Операциялардың сапасы халықаралық стандартқа жақындады
- Метастаздық обырды емдеудің жаңа әдістері енгізілді
- Халықаралық менторлармен тұрақты жұмыс жолға қойылған
- Технологиялар жаңарды
Бірақ ең үлкен мәселе — халықтың дәрігерге кеш жүгінуі.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз. Колоректалды обыр — алдын алуға болатын ауру. Тек уақытында тексерілсе болды, – деді онколог дәрігер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
