Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайы аса мәз емес екені белгілі. Экологиялық ахуал, уақытылы дәрігер көмегіне жүгінбеу салдарын есептемегенде Денсаулық сақтау министрі жариялаған статистика көңіл көншітпейді. Себебі Қазақстанның 200 ауылында дәрігер жоқ, тағы 400 ауылда медициналық мекемелер жалға алынған немесе апатты жағдайда тұр. Шалғайдағы мәселе бұл ғана емес.
Бүгінде ауылдарда ауруыңды айтатын маман табу қиын. Өйткені жалпы есеппен алғанда елдімекендерге екі мыңға жуық дәрігер мен медицина қызметкері, жеті жүзден аса медбике жетіспейді. Соның әсерінен бақылау динамикасы сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі анық байқалады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары арасында тыныс алу органдары аурулары мен созылмалы дертке шалдыққандар жиі кездеседі. Алайда осы диагноз түрлерімен есепте тұрғындарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындары арасында екі есе аз. Тіпті зерттеу барысында бірқатар ауылда дәріхана жоқ екені анықталған.
Аталған мәселенің бәрі Мәжілісте өткен «Ауылдық денсаулық сақтау: қазіргі жағдайы және даму перспективалары» тақырыбындағы Үкімет сағатында талқыланды. Жиын барысында келтірілген дерекке сүйенсек, қазір қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Соның 3,6 миллионы немесе 46 пайызы – балалар мен қарттар.
− Өкінішке қарай, біраз себептерге байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мәселелерін жедел шешуді қажет ететін көп сұрақ қордаланып қалған. Ауылдық жерде басты проблема – медициналық көмекке қол жеткізу. Материалдық-техникалық базаның ескіргенін, дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, медициналық техниканың жетіспеуін, дәрі-дәрмектердің жоқтығы мәселені күрделендіре түсті, − деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Б.Кесебаева.
Ауылдағы жағдайдың нашарлығына қарамастан, халықтың денсаулық көрсеткіштерін талдау нәтижесі көңілге үміт сыйлайды. Себебі статистика бойынша ауыл тұрғындары қала тұрғындарынан ұзақ өмір сүреді. Әрі былтыр ауылдарда туу деңгейі қалаға қарағанда жоғары болған. Былтырмен салыстырғанда жалпы өлім көрсеткіші 14 пайызға төмендеген. Ауылдағы ана өлімі биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қалаға қарағанда 2 есе азайған.
Алайда, осы жылы нәресте өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауылдық жерде 30,6 пайызға ұлғайған. Денсаулық сақтау министрінің сөзіне сүйенсек, балалардың денсаулық жағдайын жақсарту және өлімді азайту үшін елімізде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, ауруды және даму бұзылыстарын уақытылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 млн балаға профилактикалық тексеру, 1,6 млн сәбиге скринингтік зерттеулер жүргізілуде.
− Ауыл халқы көбінесе тыныс алу мүшелерінің ауруынан зардап шегеді. Мұның үлесі – 42,7 пайыз. Несеп-жыныс жүйесі – 6,3, қан айналым жүйесінің аурулары – 5,4, жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулар 4,6 пайызды құрайды. Онкологиялық аурулар 1 пайызға тең. Ауылда, жалпы ел бойынша, қан айналымы жүйесінің ауру-ларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім басым. Коронавирус инфекциясы пандемиясының жалпы халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне әсер еткенін атап өткен жөн, − деді А.Ғиният.
Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, ауылды дәрігер-мен қамтамасыз ету көрсеткіші Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен екі есеге аз. Сонымен қатар ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталып жатқан көрінеді.
Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1 500 медициналық кадрды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы – грант бөлінеді. Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді».
Жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, білікті медициналық кадрларды тарту, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік пункттер салу, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтерген Үкімет сағатында бірқатар маңызды жобалар қолға алынатын болды. Мәселен, бүгіннен бастап Қазақстанның барлық ауылдарында кәсіби медициналық тексеру жүргізіледі. Профилактикалық тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, асқазан мен бүйрек созылмалы ауруларының бастапқы кезеңдерін анықтауға бағытталған. Ал келесі жылдан бастап медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту мақсатында «Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылады. Осыған орай алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны, 32 ауданаралық көпсалалы аурухана ашылмақ. Бұған 217 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі 18 жасқа дейінгі балаларға зертханалық зерттеудің қосымша жалпы клиникалық әдістері енгізілгенін айтты.
− Дәрілік заттар амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай тізбесі бойынша қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерде дәрігер болмаған жағдайда фельдшер тегін рецепт жазып беруге құқылы. Дәріханасы жоқ ауылдық елді мекендерде дәрі-дәрмекті медициналық қызметкер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелері арқылы, сондай-ақ жылжымалы дәріхана пункттері арқылы тегін жібереді, − деді А.Ғиният.
Г.ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!