KAZINFORM – 2024 жылдың қазан айынан бастап елімізде медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Kazinform сараптамалық шолушысы Владимир Курятов бұл бастаманың қалай іске асырылып жатқанын, ерекшеліктерін, қандай жағдайларда сақтандыру төлемдері берілетінін және сақтандыру оқиғасының медициналық оқиғадан айырмашылығы неде екенін анықтап көрді.

Медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалуы мен әлеуметтік кепілдіктерінің күшейтілуі — өткен жылғы заңнамалық бастамалардың бірі болды. Президент оны «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік және азаматтық қоғамның нәтижелі серіктестігінің жақсы мысалы ретінде атап өтті.

Бұл өзгерістер медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар жүйелі мәселені шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді.

— Бұрын сақтандыру ерікті түрде болатын, бірақ бұл негізінен асқыну ықтималдығы жоғары және соның салдарынан соттық қудалау қаупі басым акушер-гинекологтер, хирургтер, анестезиологтер, неонатологтерге қатысты еді. Енді 100 пайыздық қамту ұйғарылды, оған тек дәрігерлер ғана емес, орта медициналық персонал да кіреді, — деп түсіндіреді тәуелсіз сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты, «Астана медициналық университеті» КЕАҚ акушерлік және гинекология кафедрасының доценті Халида Шәріпова.

Маманның айтуынша, 2024 жылдың шілде айында барлық қосалқы заңнамалық актілерге қол қойылған соң, ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана медициналық университеті білім беру бағдарламаларын әзірледі. Қазақстан бойынша тренерлер оқытылды, олар өз кезегінде медициналық ұйымдардағы пациенттерді қолдау қызметтерін оқытты.

Бүгінде пациенттер мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара әрекеттесу схемасы төмендегідей ұйымдастырылады:

Біріншіден, заңда денсаулық сақтау субъектісі ортақ сақтандыру шартынсыз жұмыс істей алмайтыны қатаң бекітілген, оған қоса бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы тарапынан тиісті келісімшарт жасаудан бас тартуға жол берілмейді.

Екіншіден, қандай да бір оқиғаның сақтандыру жағдайына жататынын шешетін Тәуелсіз сараптама комиссиясының (ТСК) құрылу және жұмыс істеу тәртібі анықталады. Ол үшін пациент немесе оның өкілдері медициналық ұйымға шағыммен жүгінуі керек. Осыдан кейін 3 жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама комиссиясы құрылады.

— Тәуелсіз сараптама комиссиясы құрамына 7 жылдан астам жұмыс өтілі бар, бірінші немесе жоғары кәсіби санатқа ие мамандар кіреді. Оқиға орын алған денсаулық сақтау субъектісінің өкілдері тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына енгізілмейді, — дейді Халида Шәріпова.

Оның айтуынша, тәуелсіз сараптама комиссиясы өз қорытындысын 5 жұмыс күні ішінде беруі тиіс, ал егер бұл күрделі жағдай болып, қосымша мамандарды тартуды талап етсе, бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда пациентке ТСК өз жұмысын ұзартқаны туралы аралық жауап жіберуі қажет.

Айта кетерлігі, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бұл ұзартудың тек ақылға қонымды мерзімде ғана рұқсат етілетіні, ал ол екі айдан аспауы керегі нақты жазылған.

Бұл жерде қандай түбегейлі өзгерістер бар? Бұрын денсаулыққа зиян келтірілгені үшін өтемақы алғысы келген пациенттер ұзақ уақыт соттасуы керек болатын, бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін еді. Ал қазір бұл процесс айтарлықтай жеңілдетілген.

— Аталған заң тек медициналық қызметкерлердің ғана мүддесін қорғамайды, ең алдымен пациенттерді қолдауға бағытталған, — деп түсіндіреді «Aqniet» қазақстандық салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай. — Бұл ретте пациент жалғыз өзі сырқатымен бетпе-бет қалмайды. Ұйым емдеуді жалғастырып, келтірілген зиянды жояды. Ал пациент өтемақы алады. Оған қоса, дәрігер де қаржылық ауыртпалыққа тап болмайды, өйткені сақтандыру бар.

Үшіншіден, кодексте сақтандыру төлемдерінің ең төменгі мөлшері нақты көрсетілген, егер медициналық қызметкерлер кінәсінен пациенттің мүгедектігі анықталса, ол 500-800 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы құрайды. Ал пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян оның өліміне әкеп соқса — 3000 еселенген АЕК.

Төртіншіден, барлық оқиға сақтандыру жағдайына жатқызылмайтынын түсіну қажет. Бұл әрі нәзік әрі шетін мәселе, себебі халық тарапынан көптеген сұрақ тудырады. Жақын туыстың денсаулығы туралы сөз болғанда эмоциялар да өте көп шығады. Сондықтан заң бойынша сақтандыру оқиғасы және сақтандыру төлемдері жасалмайтын медициналық оқиға нақты ажыратылған.

Бақытжан Тәжібай сақтандыру оқиғасы мен медициналық оқиға арасындағы айырмашылық бойынша бірнеше кейсті мысалға келтірді.

— Мысалы, гинекологиялық ота жүріп жатыр. Іріңді ауру. Бір органға жасалғанда байқаусызда несеп жолы зақымдалады. Мұның себебі — іріңді процестен анатомияның өзгеруі. Бұл сақтандыру оқиғасы бола ма? — деп сұрақ қойды Бақытжан Тәжібай. — Менің ойымша, бұл сақтандыру оқиғасы деп есептелуі керек, өйткені жалпы көмек көрсетілді, әйелдің өмірі құтқарылды, бірақ денсаулығына зиян келтірілді.

Бұл жағдайда, оның пікірінше, қалпына келтіру отасымен қатар сақтандыру төлемі де жүргізілуі тиіс. Бірақ бұл мәселені Тәуелсіз сараптама комиссиясы шешеді.

— Немесе басқа гипотетикалық мысал — бала ауырды делік. Оған антибиотиктер тағайындалады, соның салдарынан кереңдік пайда болады. Егер доза сақталған, есептеу дұрыс жасалған, бірақ баланың ағзасының жеке ерекшеліктеріне байланысты жағымсыз сценарий орын алса, бұл сақтандыру оқиғасы деп есептеле ме? Меніңше, тәуелсіз сараптама комиссиясы мұны сақтандыру оқиғасына жатқызбайды, — дейді Бақытжан Тәжібай.

Антибиотиктердің бала ағзасына әсерін алдын ала анықтап, тиісті сынама жүргізу арқылы ауыр салдардың алдын алу туралы сұраққа дәрігерлер бірдей жауап берді — көп жағдайда жанама әсерді болжау мүмкін емес.

— Сынамалар жүргізіледі, бала оларды көтереді, бірақ препараттың уытты әсерін алдын ала біле алмаймыз, — деп түсіндірді тәуелсіз сарапшы Халида Шәріпова, ол көп жағдайдың медициналық препараттардың сапасына да байланысты екенін атап өтті.

Мұндағы мәселе тек бір нәрсеге байланысты — антибиотиктерді тағайындау негізді болды ма, оларды қабылдануда барлық медициналық стандарттар сақталды ма?

Басқа да жағдайлар болады, мысалы адам медициналық көмекке тым кеш жүгінеді. Дәрігерлер өздерінің құдіретті еместігін және азаматтар өз денсаулығына қамқорлық жасап, уақытылы тексеруден өтіп, салауатты өмір салтын ұстануы керегін үнемі айтады.

Бірақ, өкінішке орай, медицина қауқарсыз болған жағдайлардың өзінде дәрігерлерге шабуыл көбейеді, оларға қарсы қылмыстық және әкімшілік істер қозғалады. «Бұдан кімге қандай пайда?» деген сұрақ туындайды. Мұндай қысым бір кездері мамандықтан кадрлардың айтарлықтай кетуіне де әкелді.

— Дәрігер қылмыстық қудалауға ұшыраған кезде, тергеу аясында жүрген медициналық қызметкер ғана емес, оның барлық әріптестері зардап шегеді. Біріншіден, бұл адамдардың мотивациясын айтарлықтай азайтады, екіншіден, медициналық көмектің сапасын төмендетеді, — дейді Бақытжан Тәжібай.

Оның айтуынша, ҚР ҚК 317-бабы бойынша кәсіби міндеттерін орындамау немесе тиісті орындамау үшін айыпталған медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында «Медициналық адвокат» жобасы іске қосылды.

— Медициналық қызметкерлерге қатысты жыл сайын 300-ден 800-ге дейін қылмыстық және әкімшілік істер қозғалады. Соңғы екі жылда біз қылмыстық істер қозғалған түрлі жағдайларда 98 дәрігерді қорғадық. Көптеген шағым негізсіз болып келеді. Кейде шағым бойынша дәрігердің өз міндеттерін тиісті түрде орындамағаны туралы шешім шығарылады. Мысалы, дәрігер кезекшілікте болған, ауру тарихына бір нәрсені жазып үлгермеген. Бірақ бұл ұйымдастырушылық-техникалық қателер, ол маман ретінде қателік жібермеген. Алайда, оны қудалап, айыппұл сала бастайды. Дәрігерлер мен медбике персоналын қорғау қажет болған мысалдар өте көп, — деп атап өтті Бақытжан Тәжібай.

Ол жаңа заңнамалық түзетулер медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғауын күшейтетінін баса айтты.

Жалпы, бұл заң пациенттердің де, медицина қызметкерлерінің де мүддесін қорғайды. Бір жағынан, дәрігерлік қателіктерді мойындау рәсімін жеңілдетеді, екінші жағынан, медицина қызметкерлері үшін қылмыстық жауапкершілікті жұмсартып, олардың құқықтық және қаржылық қорғалуын күшейтетін «қорғаныс қалқанын» қамтамасыз етеді.

ҚР ҚК 317-бабы аясында гуманизация шеңберінде маңызды өзгерістер енгізілді: бас бостандығынан айыру мерзімдері қысқартылды, айыппұлдық жұмыс сағаттары азайтылды, дәрігер мәртебесін арттыратын жаңа нормалар пайда болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!