Фото: ашық дереккөзден алынды
Денсаулығымыз сыр берсе, емделудің оңай жолын іздеп, әлеуметтік желіден дәрігердің онлайн кеңесіне құлақ түреміз. Емханаға барып кезек күту, жолдама алу көп уақыт алады деп оңайға жүгіре салатынымыз шындық. Осылайша сан соғып қалатын сәттер аз емес.
Өкініштісі, қазіргі медицина инфобизнеске айналып барады. Ақша табудың оңай жолын іздегендер адам өміріне жауапты мамандықты көзірге айналдырып алды. Бүгінде білікті дәрігер болып көріну үшін тіл байлық пен сенімді образ, жинаған жақсы пікірлер болса жеткілікті. Бірлі-жарым курсты оқып алып, саланың білгірі екенін дәлелдеу үшін арасында тегін кеңестерін айтады. Оған қызыққан халық «өзіме өзім дәрігер болайын, өзімді өзім емдейін» деп сол маманның курсын сатып алады. Бірақ оның шын мәнінде кім, қандай маман екенін анықтап жатпайды. «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, өтімді образын пайдаланған дәрігерсымақтар жеке қабылдауы мен құрастырған курстарына «әдемі» баға қояды.
Әлбетте интернетте кездескен дәрігерлердің ешқайсысына сенбеу керек, бәрі білімсіз деп кесіп айтудан аулақпыз. Десе де әдемі сөзге, жарқын жүзге иланып қалмай, жағдайды сараптау артық етпейді. Себебі жақында ғана жылтыр жарнаманың біріне сеніп, әлеуметтік желіде балалар дәрігеріне екі жүз мың теңге беріп, екі жасар баласынан айырылған отбасының жан айқайын естідік. Балаға бір күнде 7 ем тағайындап, нәтижесінде баланың уланғаны анықталды.
Өкінішке қарай қазір мұндай жағдай көп кездеседі. Тіпті ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлік ем-шараларды бала өміріне қауіпті деп айды аспанға бір-ақ шығарып жүргендер бар.
Ал балалар дәрігері Айнұр Бауыржанқызы мұндай мамандарды «Медицинадағы шарлатандар» деп атап, алдыңызда отырған дәрігер ме, әлде шарлатан ба қалай анықтау керегін айтты. Оның айтуынша, дәрігерлердің мансабын тексеретін «E-licence» деген сайт бар. Яғни бұл сайт кімнің мамандығы бойынша жұмыс жасауға құқығы бар екенін білуге мүмкіндік береді. Әр дәрігерде сертификаты, лицензиясы болу қажет. Бұл – алдыңызда ақ халат киіп отырған жанның медициналық көмек көрсетуге, яғни өзге адамды тексеруге, диагностика жасап, ем тағайындауға рұқсаты бар жоғын растайтын құжат. Егер маманның қазіргі таңда сертификаты жоқ болса, тіпті медициналық білімі бола тұра, емдеуге құқығы жоқ деген сөз.
Сондай-ақ мына сөздермен манипуляция жасайтын «дәрігерлерден» аулақ жүру қажет.
– «Мен нөмірі біріншімін», «мен мықтымын», «менде емделсең, толық дертіңді жеңесің, кепілдік беремін», «авторлық методика бойынша емдеймін», «барлық пациенттерім емделіп шықты», «тек менде емделіңіз», «мен адамды кешенді түрде емдеймін» дейтіндерден абай болыңыздар, – дейді ол.
Әлбетте ажал, өмір мәселесі адамның емес Алланың құзырында. Десе де дендеген дертке шипа табуға ақ халатты абзал жандардың көмегі зор. Антына адал жандарға халық бағасын өзі-ақ беріп жатады. Артық жарнама жасамай алыстан алдына іздеп келетін, қолы шипалы, жүзі иманды дәрігерлер бар.
Ақша үшін жарнамамен атағын асыра сілтеп жіберетіндерге ұрынып қалмау үшін аса сақ болған жөн. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген дұрыс.
Інжу АҚЫЛБЕКҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!