Дәріні су ішпей жұтуға болмайды. Біріншіден, ол тамақ пен өңешті тітіркендіруі мүмкін, ал кейбір дәрілермен бірге бұл асқазан жарасына да әкеледі. Екіншіден, су дәрінің ағзаға жақсы сіңуіне көмектеседі, ал судың жетіспеуі немесе мүлдем ішпеу оның әсерін төмендетеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Доктор Питерге» сілтеме жасап.
Сонымен қатар, дәріні тек сумен ішу керек. Сүт, шай, кофе, шырын кейбір дәрілердің әсерін жояды немесе керісінше, тым күшейтіп, артық дозалауға әкелуі мүмкін.
Алайда көпшілігіміз бас ауыртпайтын тағы бір маңызды фактор бар – судың температурасы. Дәрігерлер дәріні жылы немесе бөлме температурасындағы сумен ішуді ұсынады. Себебі жылы су дәрінің тезірек еруіне және жақсы сіңуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жылы су ішектің жұмысын жақсартып, асқазан бұлшықеттерін босаңсытады және қан айналымын күшейтеді, бұл да препараттың тиімділігін арттырады.
Неге дәріні суық сумен ішуге болмайды?
«Суық су дәрінің еруін баяулатады. Көптеген дәріде толтырғыш ретінде тұздар бар, сондықтан олар жылы немесе қалыпты температурадағы суда тезірек еритіні және тез әсер ететіні түсінікті. Бұған қоса, дәріні суық сумен ішкенде ағза ішке түскен суды жылытуға көп энергия жұмсайды. Осылайша, күштің бір бөлігі дәріні сіңіруге емес, суды жылытуға кетеді», – дейді Kimshealth Hospital дәрігерлері.
Неге дәріні ыстық сумен ішуге болмайды?
Бірақ ыстық су, әсіресе қайнаған су да қауіпті. Ең алдымен, таблетка немесе капсула ауызда еріп, ащы дәм пайда болуы және жұту қиындауы мүмкін.
Сонымен қатар, көптеген дәріде жоғары температурада бұзылатын белсенді заттар бар. Соның салдарынан ішілген дәрі мүлдем әсер етпеуі мүмкін.
«Кейбір антибиотиктер мен дәрумендер жоғары температурада өздерінің емдік қасиетін жоғалтады, бұл олардың тиімділігіне әсер етеді», – деп жазады Pharma Times медициналық журналы.
Кей жағдайларда ыстық су дәріні тым тез ерітіп жібереді де, ағза бірден жоғары дозаны қабылдайды. Бұл артық дозалануға және басқа жанама әсерлерге әкелуі мүмкін.
Көптеген таблетка мен капсулада дәрінің ағзада қай жерде және қалай бөлінетінін бақылайтын арнайы қабықша бар.
«Ыстық су бұл қабықшаны ерітіп немесе зақымдап жіберуі мүмкін. Салдарынан дәрі ас қорыту жолының басқа бөлігінде босап шығып, шырышты қабықты тітіркендіреді немесе тиімділігін төмендетеді», – дейді мамандар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!