Фото: medved-sport.ru
– Үзілісте үйге барып, түскі ас ішемін. Сен ше?
– Ой, жоға. Мен үйге баруға ерініп тұрмын, осында тіскебасар алдыртамын. Артынан салқын газдалған сусын ішсем, лезде тоямын.
Бұл – екі құрбының шағын диалогы. Иә, бүгінде студенттердің көбі дәмді, бірақ құнарсыз, түрі әдемі болғанымен өзі зиян асты таңдайтыны рас.
Денсаулығымыздың 70%-ы тамақтану мен өмір салтына байланысты екенін білсек те, білмеген сыңай танытып, елемей жатамыз. Салауатты өмір салтына өнімді еңбек, жеке бастың тазалығы, тамақтану мен қимыл-қозғалыс жатады. Ал тән мен жан саулығы үшін мұның барлығын орындайтындар саусақпен санарлық. Тәтті өнімдер мен газды сусындарды мөлшермен ғана тұтынбасақ, дене функциялары бұзылады. Соның әсерінен түрлі дертке жол ашылып, ағзадағы дәрумендер түбегейлі жойылады.
«Витамин…Анализ…» деп дабыл қағатын дәрігерлердің сөзін елейтіндерге таңғалатын адамдар да бар. Олардың сөзінше, «өмір бір-ақ рет беріледі». Ендеше тәртіпке бет бұрмайтындар үшін адам ағзасындағы дәрумендер туралы сөз қозғайық. Дәрумен жетіспеушілігінің салдары қандай жағдайға әкелуі мүмкін?
Адам тіршілігіне, ағзадағы зат алмасудың бірқалыпты болуы үшін өте қажет қоспаларды дәрумен деп атайды. Негізінен адамдар қажетті дәрумендер мен микроэлементтердің басым көпшілігін тамақ арқылы алады. Ал жоғарыдағы кейіпкердің жағдайы сіздің өміріңізде жиі қайталанса, ағзада жетіспеушілік пайда болып, ас қорыту, тері, сүйек ауруы сияқты мәселелер туындайды.
Энергия & магний
Тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, әлсіздік немесе шаршау белгілерін байқасаңыз, бұл ағзадағы магнийдің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Магний – адам ағзасының барлық тінінде болатын маңызды элемент. Мамандар магний деңгейін қалпына келтіру үшін бадам, кешью, жержаңғақ, шпинат, қара бұршақ сынды тағамдарды пайдалануға кеңес береді. Магний сүйектердің саулығына және энергияның көбеюіне көмектеседі.
Ағзаның дұрыс жұмысы – «B12»
Жиі еститін «B12» дәрумені ет, балық, жұмыртқа мен сүтте көп мөлшерде кездеседі. Егер сіз бұл өнімдерді рационыңыздан мүлдем сызған болсаңыз, мұқият оқуыңызды сұраймыз. Себебі бұл дәрумен көңіл-күйге, энергия деңгейіне, есте сақтау, жүрек, ас қорыту процесіне әсер етеді. Сондықтан оның жетіспеушілігі шаршаңқылық, әлсіздік, тіс мәселесі, тәбеттің жоғалуына және салмақ тастауға әкеледі. Ал ауыр жағдайда ол депрессия, қан аздық және ұмытшақтыққа апарады.
Йод өсу мен дамуға жауапты
Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті элемент. Йод жетіспесе жүрек шаншуы, демікпе, тұмаумен жиі ауру, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, есту мүшесінің әлсіреуі секілді мәселелер кездеседі. Мөлшері 20-30 мг-нан аспағанымен, ол қалқанша безі гормондарының түзілуіне қатысады. Йодтың жеткілікті мөлшері адамның физикалық және ақыл-ой белсенділігі үшін қажет энергиямен қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам жасына байланысты йодты тұтынудың тәуліктік нормаларын белгілеген. Орташа алғанда күнделікті − 120-дан 150 мкг-ға дейін йод қабылдау қажет. Йодтың негізгі мөлшері ағзаға азық-түлікпен келіп түседі, ең көп концентрациясы теңіз өнімдерінде, балдырлар мен балық майларында кездеседі.
«Д» дәрумені
«Д» дәрумені − «жай ғана витамин» емес, ол иммундық жүйе, инфекцияларға қарсы тұруға және ағзадағы жалпы қабынуды жеңу қабілетінде маңызды рөл атқаратын элемент. Әлсіздік, сүйек деформациясы, бүкірею, тістің бұзылуы мәселелерінің бастауы ағзадағы «Д» дәруменінің жетіспеушілігінің салдарынан болады. Дәруменнің деңгейін толықтырудың ең жақсы тәсілі күн сәулесінің астында жүру.
Мамандардың айтуынша, күз бен қыс мезгілінде дәрумендерді дәрігердің келісімімен тұрақты қабылдау қажет. Себебі бұл мезгілде жаңа піскен табиғи өнімдер азаяды. Ал жаз мезгілі – әлсіреген иммунитетті қалпына келтіруге нағыз қолайлы уақыт.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!