Күз, көктем айларында адам ағзасы дәрумендерді ерекше қажет етеді. Олар иммунитеттің салқын мен түрлі ауруларға қарсы қалқаны десек артық емес. Ағза үшін дәруменмен қатар минералдар да маңызды рөл атқарады. Алайда аталған пайдалы заттардың бір-бірінен айырмашылығы бар екенін білесіз бе?

Дәрумен мен минерал адам ағзасында жеткілікті болған кезде белсенділік артып, жұмысқа деген қабілет күшейтіні белгілі. Органикалық қоспалар саналатын дәрумендер жылудың, жарықтың, ауаның әсерінен бұзылуға бейім келеді. Сондай-ақ олар суда еритін, майда еритін болып жіктеледі. Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, В тобындағы және С витамині суда ериді. Ал А, Д, Е, К дәрумендері тек майда еруге қабілетті. Сондықтан аталған дәрумендерді майлы тағаммен тұтыну қажет.
Минералдардың басты ерекшелігі, олар органикалық емес қоспалар. Сондықтан дәрумендер сияқты сыртқы фактор әсерінен құрамы өзгермейді. Алайда ағзада минералдар жеткіліксіз болса, қатерлі дертке әкелуі мүмкін. Мысалы, адамға йод жетіспесе, қалқанша безінің жұмысы бұзылып, асқынулар туындайды. Күкірт жетіспесе, шаш, тырнақ, теріге зақым келеді. Сондықтан күніне 100 мг-нан немесе одан да көп мөлшерде кальций, калий, фосфор, натрий, хлор, магний, күкірт сынды минералдар қажет. Ал темір, йод, хром, селен, фтор, молибден, мырыг, мыс, марганец сынды минералдардың тәуліктік мөлшері 100 мг-нан аз мөлшерде болғаны дұрыс.
Дәрумендер мен минералдарды қолдану бір бөлек тақырып. Олардың ағзаға сіңуі өз алдына мұқият қадағалауды қажет етеді. Сондықтан аталған пайдалы дүниелер ағзаға пайдалы болуы үшін уақытылы дұрыс қабылдаған жөн. Айталық, кальций дәруменінің сүйекке беріктік беретін қасиетін бәрі біледі. Алайда кальцийдің Д дәруменінсіз сіңбейтіні ғылымда дәлелденген. Сол үшін алдымен Д дәруменін қабылдау керек.
Сондай-ақ дәрумендерді бірге қабылдаған кезде бір-біріне сәйкес келуіне де мән беру қажет. Себебі ағзадағы дәрумендер үйлеспесе, бір-бірінің әсерін басып, сіңімділігін төмендетіп немесе мүлде пайдалы қасиеттерін жойып тастайды. Ал бірге қабылдауға болатын дәрумендер бір-бірінің әсерін күшейтіп, сіңімділігін арттырады. Мысалы кальций мен магнийді, фолий қышқылы мен темірді, А және Е дәруменін бірге қолдануға болады, алайда кальций мен темірді, цинкті, С және В12 дәрумендерін бірге ішпеген абзал.
Дәрумен мен минералды қабылдамас бұрын ағзаның ішкі жай-күйін ескеру қажет. Ол үшін ағзаны тазалап, анализ тапсырып, қай дәруменнің жеткіліксіз екенін білген соң ғана ішкен дұрыс. Себебі көптің кеңесімен жөнсіз дәрумен пайдалану денсаулыққа қатер тудырады.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!