Бірнеше жыл бұрын аймақ басшысы облыстағы ана мен бала өлімінің көбеюін сынап, тиісті жетекшілерге қатаң ескертпе жасағанын білеміз. Ширатқан сөзден соң салада ілгерілеу пайда болып, медициналық көмектің сапасы жақсарды. Әсіресе, жүктілік кезіндегі жүйелі тексеріс, ана мен бала денсаулығын бақылауды күшейту, маман біліктілігін арттыру қарқын алған. Нәтижесінде соңғы үш жыл көлемінде облыстағы бала туу көрсеткіші екі есеге өскені байқауға болады. Тіпті, өткен жылы 99699 бала өмірге келіпті.
Әрине, бүгінде әлемдік үрдіс әрқилы. Соның бір бөлшегі – бала туу көрсеткіші. Соңғы деректерге көз салсақ, бүкіл әлем бойынша бала туу көрсеткіші төмендеп, балалар саны азайған. Қоғамда немерелер санына қарағанда ата-әжелер көп. Оған дәлел – ғылыми дерек пен әлеуметтік сауалнама. Мәселен, әлем бойынша өткен ғасырдың ортасында әйелдер орташа есеппен 5 бала дүниеге әкелген болса, бұл көрсеткіш өткен жылы екі есе азайған. Яғни, бір әйелде екі баладан артық болмайды деген сөз. Сарапшылар, бұндай өзгеріске әйелдердің жұмыс пен білімге көптеп кірісіп, баланы дүние әкелуге қызығушылығы төмендеуінен деп жоруда. Міне, осындай үрдіс арасында Қазақстандағы бала туу көрсеткішінің жылдан-жылға ұлғаюы көңіл қуантады.
Енді Сыр өңіріндегі ахуалға оралайық. 2023 жылдың алғашқы бес айында Қызылорда қаласының өзінде 2484 бала дүние есігін ашқан. Олардың денсаулығы, жалпы жағдайы қалыпты. Соңғы кезеңдері аналардың өмірге егіз, үшем әкелуі жиі кездесуде. Бұл күндері облыстың бес жас отбасында үшемдер өсіп келеді. Осы орайда облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Рахима Ахметованың БАҚ бетіне жарияланған пікірі тақырыпқа тұздық болары анық.
– Өткен жылы егіз босанған аналар саны 54 болса, биылғы жылы 15 егіз өмірге келді. Yшемдер мен егіздердің аналарының жас шамасы 25-37 жас аралығында. Мұның өзі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып, туу көрсеткішінің өскенін көрсетеді. Облыста ана мен сәби өлімін төмендету, босануға көмекші және сәбилер мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуда оң өзгерістер бар. Қалалық перзентханада ананың босануы кезінде жеке палата қарастырылып, отбасы мүшесінің қатысуына мүмкіндіктер жасалуда ,– дейді сала сарапшысы.
Айта кету керек, бүгінде аймақтағы комиссия ана мен бала денсаулығын жақсарту, көп балалы отбасыларға көмек көрсету, олардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында түрлі шараны қолға алған. Қайырымдылық акция, дөңгелек үстел, түрлі кездесу ұйымдастыру арқылы жемісті нәтиже көрсетуде. Мәселен, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қалалық ішкі саясат бөлімі «Бота» балалар қорымен бірлесіп «Ананы бағалайық, баланы аялайық» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Шара шеңберінде тасбөгеттік үшемді үш отбасына сый-сияпат көрсетілді.
– Жүйелі жұмыс қашанда жемісті. Сондықтан жоспарға сәйкес іс-шара кешененін тоқтатпақ емеспіз. Мысалы, маусым айында Сырдария ауданындағы «Жалын» сауықтыру лагерінде «Бар жақсылық – балаларға!» атты акция өткізілді. Себебі, лагерьде осы мерзімде Макаренко атындағы мектеп-интернаттың 100-ден астам тәрбиеленушісі демалды. Акция аясында спорттық жарыстар, шығармашылық, қолөнер, сурет салу байқаулары ұйымдастырылды. Шарада 50 балаға спорттық киімдер тапсырылғанын да айта кету керек. Осындай шара аймақтың барлық ауданында ұйымдастырылды, – дейді Рахима Ахметова.
Иә. Ана мен балаға көмек керек-ақ. Мейлі, әлеуметтік жәрдем болсын, мейлі, медициналық көмек жасалсын, бәрі жүйелі әрі сапалы жүргізілсе болғаны. Халықтың талабы мен тілегі де осы сарында. Сондықтан соңғы жылдағы бала туу көрсеткішінің артуына сеп болған өзгеріске саладағы жарқын қадамдардың үлесі бар деп ұғынған жөн.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!