Фото: depositphotos.com
«Дені сау адамның мың тілегі бар, ауру адамның бір тілегі бар» деген сөз әркез мені ойландырады. Меніңше, әрқашан саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын күтіп, қадірін білетін адам болашағына немқұрайлы қарамайтындардың санатына жатады. Ата-бабаларымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Себебі адамның денінің сау болуы – баға жетпес басты құндылық.
Кейінгі жылдары саламатты өмір салтына, айналаны көгалдандыруға, қоршаған ортаға деген зиянды азайтуға аса мән беріліп, бұл мәселе қолға алынып келеді. Осы тұрғыдан өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауды өскелең ұрпақтың бойына қазірден бастап сіңіру қажет. Өйткені адам өмірінде деннің саулығына жетер ештеңе жоқ. Мәселен, байлығымыз асып-тасып жатқанымен денсаулығымыз болмаса, дүниенің қызығынан не пайда? Адамның жиған-терген дүние- мүлкі мен қаражаты оның құлан-таза сауығуына мүлдем көмектесе алмауы мүмкін. Деннің саулығынсыз табысты болуға ұмтылудың да мәні жоғалады.
Біз тек ауырып, қиналған уақытта ғана сау кезіміздің қадірін білеміз. Деннің саулығы мен бос уақытының қадірін білмеу – адам баласына тән жағдай. Көбіне адамның денсаулығы оның тамақтануымен тығыз байланысты. Экологияның нашарлауы, қозғалыссыз өмір салты, фастфуд тағамдар адам ағзасына, әсіресе жастардың саулығына кері әсерін тигізеді. Егер ұзақ әрі бақытты өмір сүремін десеңіз, денсаулықты сақтау қағидаларын ескеру керек. Дені сау адам – қоғамның белсенді бір мүшесі және ұлттың байлығы.
Айжан ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
И.Құтпанұлы атындағы ЖББОМ
11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!