Ғалам дамыған сайын жаңа технологиялардың игілігін көріп келеміз. Бірақ нәтижесінде дене еңбегі азайып, жұртшылық оймен жұмыс істеуге көп көңіл бөлетін болды. Бұл ретте салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық тұрғыда шыңдалудың маңызын түсіндіруді қолға алуымыз керек.
Таңертеңгі жаттығу жасап, күн тәртібін қозғалыста бастаған жан күні бойы өзін еркін ұстайды. Сол арқылы әрбір қадамы сәттілікке толы болып жатса, қуанарлық іс. Өкінішке қарай, бұл бағытты алға қойған жандардың қатары сирек. Сондықтан біз мектеп оқушыларынан бастап осы дағдыны қалыптастыруға жұмыс істеп келеміз. Бүгінде мектеп оқушыларына дене шынықтыру пәнінен мүмкіндік жоғары. Спорттың қай түрімен айналысамын десе де, үйірмелер тұрақты жұмыс істеп келеді. Биылдың өзінде бірнеше аудандық және облыстық жарыстардан жүлде алдық. Спорттың қай түрінен болса да мұндай шыққан шыңдар жетерлік.
Ел арасында қазақ топтық сайыста емес, жеке спортта алда келеді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жоқ, олай емес. Біз жастар арасында волейбол, баскетбол, футбол ойындарынан өткен бәсекелерде бәсіміз биік екенін байқатып жүрміз. Өйткені, осы бағытта мұғалімдер арасында да дәстүрлі спартакиада өткізу қолға алынған. Біздің білім ошағы аталған дүбірлі додалардан топ жарып, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Шыңға бастаған шәкірттеріміз де қанжығамызды майлап жүр. Мысалы, мектеп оқушылары арасында өткізілген аудандық күзгі спартакиададан үстел теннисінен І орынды жеңіп алды. Бәйгеге бапталған жүйріктердей әркез үмітімізді ақтауда. Жақында аудандық деңгейдегі сайыстан топ жарып, облыстық жарысқа жолдама алып, абыройымызды асқақтатты. Наурыз мерекесі қарсаңында «Ұлттық спорт – ұлт салауаты» атты сайыста шәкірттеріміз жүлдеге кенелді. Жетекшілігімдегі Шәкірбек Диас ІІІ орынды иеленсе, шәкіртім Сейтжан Ринат І орынның биігін бағындырды.
Ұстаз мерейі шәкірт жетістігі арқылы үстем болады. Шәкіртің шыңға шықса, өз балаңның асудан асқанындай қуаныш. Алдағы уақытта да жеңімпаздар тәрбиелеу бағытында еселі еңбек ете береміз.
Ғазиз ҚЫРДАНОВ,
№44 орта мектеп мұғалімі.
Қоғалыкөл ауылы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!