«Жібек жолы» сауда-ойын-сауық орталығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Денсаулық аралы» акциясы өтті.

Іс-шара аясында №3 қалалық емхананың мамандары тұрғындарға қауіп факторлары мен ауруларды ерте кезеңде анықтау мақсатында тегін медициналық қызметтер көрсетті. Қала тұрғындары экспресс-тексеруден өтті. Атап айтқанда, дәрігерлер қан қысымын, бойы мен салмағын өлшеп, қандағы қант пен холестерин деңгейін анықтады, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану бойынша кеңес берді.

Көптеген тұрғындар өз денсаулығының жай-күйін тексеріп, созылмалы аурулардың алдын алу бойынша кәсіби кеңес алу мүмкіндігін пайдаланды.

Қордың облыстық филиалы мамандарының айтуынша, 2026 жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін бірқатар созылмалы аурулар бойынша емдеу мен бақылау МӘМС пакетіне енгізіледі. Сонымен қатар мамандар сақтандырылған мәртебесін алу тәртібін, жүйедегі өзекті өзгерістерді, медициналық сақтандырудың артықшылықтарын, жарналар мен аударымдарды төлеу қағидаларын түсіндіріп, туындаған сұрақтар бойынша қайда жүгіну керектігін айтты. Барлық қатысушыларға ақпараттық буклеттер таратылды.

Қор филиалының сарапшысы Алия Убисултанованың айтуынша, МӘМС жүйесі аясында сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтердің кең спектрі қолжетімді. Медициналық сақтандыру қаражаты есебінен қымбат тұратын оталар да жүргізіледі.

«Денсаулығыңызға уақытылы көңіл бөліп, сапалы медициналық көмек алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу маңызды», – деп атап өтті ол.

Денсаулық назарда
Денсаулық назарда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!