Шымкенттегі № 4 қалалық поликлиникасында Бас дәрігердің қызметін атқарушы Нұрбекова Гүлмира есімді 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысынан жарты жылдам астам уақыттан бері қысым көріп жүргенін айтты.
Дәрігердің сөзінше Асылбеков Нұрлыбек Абибұллаұлы өзін еш себепсіз тексерулердің астына алған. Қала бойынша жиындарда ортаға салып, тұрғызып қойып кішкентай қателіктер үшін жиі талқыға салып, психологиялық қысым көрсетуді әдетке айналдырған.
Бұл жөнінде жан айқайын президентке жеткізгісі келген дәрігер KYN.KZ сайтына хабарласып арнайы видео үндеуін ұсынды.
Сондай-ақ, дәрігер өзі жұмыс істеп жүрген медициналық мекемеге Бас дәрігер тағайындау конкурсында құқығы тапталып, таңдау әділетсіз өтті дегенді алға тартады.
«Мен Нұрбекова Гүлмира президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев мырзадан көмек сұраймын. Шымкент қаласындағы Денсаулық сақтау басқармасындағы өз көзіммен көрген әділетсіздіктер жайлы айтқым келеді. Асылбеков Нұрлыбек Абибұллаұлы өз қызметіне тағайындалғалы сол кісі тарапынан қудалау, аңду, психологиялық қысымдар көріп келемін.
Ол үнемі мен жұмыс істейтін поликлиникада бітпейтін әрі еш негізсіз тексерістер ұйымдастырып отырады. Бүкіл қалалық жиындарда болмашы кемшіліктерді айтып, орнымнан тұрғызып, психологиялық қысым көрсетеді. Олай дейтінім, тура сондай кемшіліктер, кішігірім мәселелер басқа поликлиникаларда болса да барлығы маған қаратыла, менің атыма айтылады.
Екінші мәселе, мен жұмыс істейтін поликлиникаға Бас дәрігерді таңдау конкурсы ұйымдастырылыды. ол жерге тәжірибем мен біліміме сенімді адам ретінде мен де құжат тапсырдым. Бақылау кеңесінде төрт кісі және бір төраға болды. Осы жерде төрт адамның екеуі Денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істейтін кісілер. Ал Бас дәрігер қызметіне таласып жатқандардың арасында Асылбековтың орынбасары бар. Менің сұрағым, егер таңдау әділ болатын болса, дауыс беру құқығына ие Денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істейтін адамдар неге бақылау кеңесіне мүше болады? «,- дейді дәрігер.
Басқармада жұмыс істейтін адамдар бақылаушы болатын болса олар осындай конкурс ұйымдастырмай, өздері отырып таңдау жасамайды ма дейді дәрігер.
Бүгінгі күнде Бас дәрігерлікке талас жүріп жатқан поликлиникаға әлі басшы тағайындалмаған. Бірақ, таңдау алғышарттарының барлығы жасалып қойған. Тек жаңа басшыны жария ету ғана қалыпты.
Ал, дәрігер Гүлмира Нұрбекова болса Бас дәрігерді таңдау заңды ережеге сай жүрмегенін айтып, сотқа шағым түсіріп қойған. Өз наразылығын айтып қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығына да барған. Бірақ, оның уәжіне құлақ асар жан болмапты.
«Мен президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлынан осы мәселеге назар аударып, әділ шешім шығуына араласуыңызды сұраймын. Тағы айтакетерлік жайт, Асылбеков маған ашық әрі сенімді түрде бас дәрігерлікке өз орынбасарын қоятынын айтты. Сонда бұл тағайындаудың нүктесін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қоятын болып тұр ғой? Олай болса, әділ деп санайтын бақылау кеңесінің не қажеті бар?
Осы уақытқа дейін талай қысымды көрдім. Қазіргі заңсыздықтарға шыдамай ашық видео үндеу жолдап отырмын. Осының барлығы алдағы уақытта жұмыс істеуіме кедергі болмаса екен деген үмітім бар. Сондай- ақ, осы үндеуден кейін маған қатысты арандату әрекеттері, қандайда бір қиындықтар мен әдейі аяқтан шалулар ұйымдастырылады ма деп те қорқамын «,- дейді дәрігер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!