Жуырда Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының жылды қорытындылауға арналған салтанатты шарасы өтті. Оның негізгі мақсаты медицина саласының үздіктерін марапаттап, жылдың қорытындысын саралау.

Іс-шара жылдың қорытындасын баяндайтын арнайы бейнероликпен басталды. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов құттықтау сөз сөйледі. Мұнда ол жаңа жыл қарсаңында 2025 жылы аймағымызда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен денсаулық сақтау саласын дамытуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Кейінгі үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына барлығы 441 млрд теңге (440 млрд 700 млн теңге) қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін табуда. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында 28 медициналық нысан салынды.Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен халқы 10 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдық жерлерде 2 млрд 300 млн теңгеге 2 ауылдық аурухана, құны 2 млрд. 700 млн теңгеге Қызылорда қаласының сол жағалауында 5000-10000 донациялық облыстық қан орталығы заманауи құрал-жабдықтармен бірге пайдалануға берілді, – деді ол.

Денсаулық сақтау басқармасының жылдық қорытындысы

Сонымен қатар ол алдағы жылдың жоспарымен де бөлісті. Кейінгі үш жылда 6 млрд теңгеге 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың игілігіне жұмыс жасауда. Құны 1 млрд 200 млн теңгеге 44 денсаулық сақтау ғимараттарының жылу жүйесі газға ауыстырылды. Кейінгі жылдары өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелеріне 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 88,1%-ға артты. Кейінгі 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 дана жаңа санитарлық автокөліктер алынып, барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100% қамтамасыз етілді.

Өңірімізде медицина саласын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. Қызылорда әкімдігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыста. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңіріміздің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. 800 млн теңге бөлінген болатын. Денсаулық сақтау саласына қажетті дәрі-дәрмек алу, орталықтарды жабдықтау, медицина мамандарын шетелде оқыту бойынша үлкен қолдау көрсетті.

Денсаулық сақтау басқармасының жылдық қорытындысы

Қор облыстық онкология орталығына құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады. Кешен қазір өңіріміздің шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде. Келесі жылы медицина саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қор 2 млрд 600 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Іс-шарада медицина саласының үздіктері Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хаты», Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі және «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Жиынға аудан, қаладан медицина саласының майталмандары қатысты. Кейін іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!