Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакцинасын қарызға алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қомақты ақшаны қайтара алмай отырған министрлік бүгін мәжілісмендерден қаражат сұрады.
Ажар Ғиният 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына енгізілген ақшаны ала салысымен, «СҚ-Фармация» алдындағы қарыздан құтылмақшы.
Коронавирусқа қарсы жасөспірімдер, жүкті әйелдер және емізулі баласы бар аналарды вакциналауға Қазақстан былтыр Америкадан Pfizer вакцинасын алдырды. Бұған «СҚ-Фармацияның» 20 миллиард 600 миллион теңгесі жұмсалыпты. Енді министрлік сол қаржыны қосып, Мәжіліске республикалық бюджет жобасын өзгертіп әкелді. Шенеуніктердің бұл ісіне депутаттар ашулы. Өйткені, былтыр вакцина сатып алуға 6,7 миллиард теңге жетеді делінген болатын. Алайда, Ғинияттың айтуынша, бұл сома ковидке қарсы вакцинаға емес, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаға жұмсалған. Еске салайық, былтыр Қазақстан корнавирусқа қарсы іс-шараларға 100 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады.
“Бұл жаңа сатып алулар емес. Былтыр Pfizer вакцинасын сатып алуға «СҚ-Фармациядан» қаражат алдық. Күзде 100% төлеуге мәжбүр болған едік. Бүгінгі таңда «СҚ-Фармация» алдындағы қарызды өтеу қажет. Егер бұл қарыз дер кезінде, мамыр айында төленбесе, онда бірыңғай дистрибьютор дәрілік препараттар бойынша жеткізушілер алдындағы өзінің шарттық міндеттемелерін орындай алмайды”, – дейді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!