Міндетті әлеуметтік медициналық жүйесін қаржыландыру әдісін өзгерту қажет. Бұл ұсынысты ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов «Jibek Joly» телеарнасының көшпелі студиясына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынап отырған жоқпыз. Оның жұмысын жетілдіру бағытында нақты ұсыныстар білдіріп отырмыз. Азаматтарымыз МӘМС арқылы ауруханаға барса, «қазір мүмкіндік жоқ, 1 айдан кейін кел, 3 айдан кейін кел» деп шығарып салады. Ал егер пациент ақылы өтем десе шаруа тез шешіледі. Бұл әділетсіздік. Бұл жерде мәселе ауруханаға немесе дәрігерге қатысты емес. Жүйені қаржыландыруға байланысты. Мысалы, қаржыны 5 науқасқа ғана бөледі, ауруханаға одан көп 10-15 пациент келсе, оларды келесі айға жазып қояды. Салдарынан кезек пайда болады», – деді Асхат Аймағамбетов сұхбат барысында.
Халық қалаулысының айтуынша, МӘМС жүйесін қаржыландыру тәсілін ауыстыру қажет.
«Келесі мәселе – дәрігерлер жүктемесі шамадан тыс. Олар пациентті қабылдаған уақытта компьютерге үңіліп отырады, сөйтіп отырғанда науқасты қарауға уақыты болмайды. Сосын дәрігердің үстінен дұрыс қарамады деген шағым түсуі мүмкін. Бұл жерде дәрігердің кінәсі жоқ, мәселе жүйеге байланысты. Бізде денсаулық сақтау саласында біркелкі ақпараттық жүйе әлі де жоқ. 30-40 жүйе бар, дәрігер оның әрқайсысын ашып, пациент туралы мәліметтерді енгізіп отырғанда уақыты өтіп кетеді», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!