Қазір әлеуметтік желідегі жарнамалардан көз сүрінеді. Көш басында тез әрі оңай арықтатуға «уәде» беретін дәрілер бар. Күніне 1 данасын ішіп, қыпша белге айналасыз дейді жарнамада. Әрине, уақыты тапшыларға арналған керемет құрал. Дегенмен, екі тізесін құшақтағандар аз емес…

СҰРАНЫС НЕГЕ КӨП?

Қаладағы бірнеше дәріхананы аралағанда дене мүсініңді жақсартатын препараттың түр-түрін көрдік. Таблетка, капсула, керек десеңіз шай мен кофе де бар. Уақытылы, нұсқаулық бойынша қабылдасаңыз болғаны. Тіпті дәмін таңдай аласыз. Жалбыз, зімбір, құлпынай секілді ассортимент көп.

Хош. Дәріхананың сөрелерінде тұр дейміз, бірақ сол препараттар қарапайым дүкендер де сатылады. Шаң басуға, қорабынан шығарып сөреге қоюға да мұрша бермей, халық ыстық нандай сатып алуда. Неге мұндай затқа сұраныс көп? Жауап − жаһандық мәселеге айналған семіздік.

Көпті көрген, өмір бойы қызмет етіп, жасы келгенде зейнетке шыққан аталардың салмақ қосқанын көрдік, бірақ бүгінгі ахуал басқаша.

– Әлемде артық салмағы бар адамның саны 1 миллиардтан асты. Бұл дегеніміз әр сегізінші тұрғын осы мәселемен бетпе-бет кездескен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Орталық Азияда артық салмақтан ересек тұрғындардың шамамен 66%-ы, ал балалардың 33%-ы зардап шегетінін мәлімдеген еді.

Адамдардың қозғалысы азайып, отырықшы өмір салты кең тарады. Уақыттың көп бөлігі экран алдында өтеді, ал бұл дене белсенділігінің төмендеуіне және метаболизмнің баяулауына әкеледі. Екіншіден, дұрыс тамақтанбау. Қазір фастфуд, қант пен майға бай тағамдардың қолжетімділігі артты. Оған қоса, газдалған сусындар мен тәттілердің шамадан тыс тұтынылуы да семіздікке ықпал етеді. Үшіншіден, психологиялық факторлар да ескерусіз қалмауы керек. Қазір күйзеліс, уайым, және эмоциялық тұрақсыздық жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда тамақтану стресс жеңілдетудің тәсілі ретінде қабылданады, бұл да артық салмақ жинауға әкеледі, – дейді диетолог Сабрина Кеңес.

Маманның тізбектеп айтып берген себептердің салдары семіздікке, денсаулықтың нашарлауына әкеледі. Ал мұның шешімі ретінде, әрине, әлқиссада жазылған препараттар көмекке келеді. Міне, капсулаларға сұраныстың артуы да осыдан. Мұны құдды бір айналмалы тізбек дерсіз.

САУДАСЫ ҚЫЗҒАН ПРЕПАРАТ

Әлгінде аялдамада екі бойжеткен кескін-келбет туралы сөз қозғап, қыпша бел, аққу мойынды болуды қалайтындары жөнінде әңгіме өрбітті. Спортпен шұғылданусыз-ақ ақшаның көмегімен сұлу боламыз деп, «Molecule» сатып алуға кетті. Ал біз «бұл дәрі ме, атын қайдан естідік?» деп таңырқап қалдық. Іздеп қарасақ, «Molecule Plus» – арықтауға арналған препарат, ол метаболизмді жылдамдатып, майларды жағуға және организмдегі токсиндерді шығаруға көмектеседі. Ең басысы тәбетті басады. Таблетканы қабылдау барысында алкогольді, энергетикалық, газдалған сусын, кофе, қою қызыл шай мен сүт өнімдерін тұтынуға болмайды. Таңертеңгі уақытта, аш қарынға 2 данасын ішсеңіз, күні бойы тәбетіңіз болмай, тек шөлдейсіз. Соның есебінен көп мөлшерде су ішіп, ас ішуге зауқыңыз да болмайды. Дәріні қабылдау кезінде жүрек қағысы жиілейді, іш қату, тершеңдік пайда болады. Ең қорқыныштысы бұл препарат қолжетімді, яғни дәрігердің рецептісіз беріледі.

Ал теріс нәтижесі көпті қызықтырмайды. Тауар сатушылар өз өнімдерін жарнамалау үшін көбіне Instagram блогерлеріне ақылы жарнама жасатады. Бүгінде бұл әдіс кең таралған. Бірақ көбіне, жарнамаланатын өнімнің тиімділігі мен қауіпсіздігі толық тексерілмейді. Жарнама пайдасына асып, өзі қалаған дене бітіміне жеткен адамдар аз емес. Десе де, мұндай препараттардың қолданылуының зиянды әсерлері туралы деректер де бар.

Осыдан тура 1 жыл бұрын Molecule Plus препаратын қабылдаған отыз жастағы маңғыстаулық келіншек өлім аузынан аман қалды. Жағдайды баяндасақ, әйел өте ауыр жағдайда жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

– Ата-анасының айтуынша, науқас арықтатуға арналған «Molecule» дәрісін ішкен. Соның салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтатуға арналған дәрінің құрамында «сибутрамин» деген зиянды зат бар. Бұл дәрі жүрек- қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік, – деді кардиохирург Әбунасыр Суханов.

Есімін өзгертуді сұраған қала тұрғыны 27 жастағы Мақпал әпкесінің кеңесіне сүйеніп «Molecule Plus» препаратын пайдаланған.

– Өткен жылы салмағым екі есе жоғарылап, 98 келіге жеттім. Сол уақытта әпкем арықтауға көмектесетін таблетка ішіп, 1 айда 10 келіге арықтады. Ешқандай кері әсері болмады. Өз көзіммен көрген соң мен де сатып алдым. Бірақ 3 аптаның ішінде денсаулығым кенеттен сыр бере бастады. Су ішсем де жүрегім айнитын, басым айналып, автобуста құлап қалған кезім де болды. Мүмкін арықтау процесінде осындай кезеңдері бар шығар деп жүре бердім. 1,5 ай қолданып, 76 келіге түстім. Бірақ күні бойы әлсіздік пен тершеңдік маза бермейтін. Дәрігерге көрініп, анализ тапсырдым. Нәтижесі өте нашар болды. Кейін арнайы препарат ішкенімді мойындап, дәрігерімнен кеңес алдым. Астанада ақылы емханада емделіп, бір қалыпқа келдім. Бұл кезең есіме түссе әлі де қорқамын. Өз күшіңмен, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып сұлу болғанға жетпейді екен, – деп күрсінді ол.

АРЫҚТАЙМЫН ДЕП…

Иә, жылдам нәтиже мен артық күш салмай арықтауды кім қаламайды? Бірақ салдарының мәз емес екеніне көзіміз жетті. Негізінде арықтатуға арналған дәрілерді бірнеше топқа бөліп, қарастыруға болады. Мысалы, тәбетті басатын дәрілер. Бұл тізімдегі препараттар аштық сезімін төмендетіп, калория тұтынуды азайтады. Құрамында сибутрамин сияқты белсенді заттар болады.

Ал липолитиктер ағзадағы май қорының ыдырауын жылдамдатса, диуретиктер ағзадағы артық сұйықтықты шығарады, бұл салмақты уақытша азайтады. Метаболизмді жылдамдататын қоспалар ағзадағы калорияны жылдам жағуға ықпал етеді. Бұл өнімдер жүрек қағысын жиілетіп, кейде қан қысымын көтеруі мүмкін.

Бұл тізімнің қатарында «Cayenne» де бар екен. Таргет арқылы жоқ жерден жарқ еткен жарнамадан көрдік, қызықтық, сұрастырдық. Бұл да бір айда 17 келіге дейін салмақ тастауға көмектеседі мыс. Сатушылылар америкалық дәрі, 100% кепілдік береміз деп ұрандатып отыр. Таңғы асқа дейін 2 капсула, ал түскі уақта 1 дана дәруменін ішу керек дейді. Адам танымастай өзгересіз. Әрине, деніңіз нашарлап, тәбетіңіз болмай, ағзаны қинасаңыз, сіз 17 келіге арықтамасаңыз, басқа кім?…

− Жасым 18-де, екі айдың ішінде 15 келіге арықтадым. Дәріні ішіп жүргенде салмақты тез жоғалттым, бірақ оңай болмады. Себебі оның жанама әсерлері өте ауыр болды. Шашым ағара бастады және денсаулығымның жалпы жағдайы нашарлап кетті. Кейін препаратты ішуді тоқтаттым. Ең өкініштісі салмағыма 10 келі қайта қосылды. Арықтатуға арналған шай, препарат қабылдағанымды айтуға ұяламын. Бірақ бұл дәрілер әлеуметтік желіде көп жарнамаланады. Тұтынушылары да жас қыздар екен, − деді есімін жасыруды сұраған кейіпкер.

Пікірде көрсетілген 15 келі екі айдың ішінде «тасталған». Бұл ағза үшін өте қауіпті. Себебі ғылыми зерттеулер бойынша, аптасына 0,5–1 кг салмақ тастау ұсынылады, яғни айына 2–4 кг жоғалту қауіпсіз және тұрақты деп есептеледі. Бұл жөнінде мамандар да дабыл қағуда.

− Артық салмақ пен семіздік эндокринді жүйеге, әсіресе инсулин мен гормоналды тепе-теңдікке тікелей әсер етеді. Ал тез арада арықтатын дәрілер ағзаңыздың жағдайын мүлдем нашарлатады. Әр адамға арнайы емдеу жоспары, арнайы арықтау кестесі мен диета қажет, оны тек дәрігердің кеңесімен жоспарлау керек.

Бір айға жуық уақытта сіз 10 келіге арықтадыңыз делік. Бұл ағзаңыз үшін үлкен стресс. Себебі айына 5 келіге дейін ғана салмақ азайтуға болады. Бұл деңгейден көп болса гормондық бұзылыс секілді түрлі теріс өзгерістер пайда болады. Кето кофе, капсула қабылдап, кейін препараттарды доғарған тұтынушылар бұрынғы салмағын тез арада қайтадан жинап алады. Бұл да ағзаңызға, дене мүшелеріңізге әсер етпей қоймайды. Сондықтан дұрыс тамақтану арқылы салмақты біртіндеп жоғалту қажет, − дейді эндокринолог маман Гүлнұр Айбергенова.

Спорт, дұрыс тамақтану секілді шешім тұрғанда дәрінің не керегі бар дерсіз. Бұл да айналып келгенде уақытқа тіреледі.

− Жылтыраған, жарнамасы жер жаратын арықтататын препараттардың тұтынушысы көп. Зиянын білсе де қабылдауды доғармайтындар да бар. Фитнес орталыққа «Molecule» ішіп арықтаған, кейін 2 есе салмақ қосқан қыз-жігіттер келеді. Уақытымызды үнемді пайдаланғымыз келіп, препаратты қабылдадық, ал спортпен шұғылдану еңбекті, арнайы уақыт пен күш-жігерді талап етеді дейді. Осындай пікірлерге қарап, семіздіктің де, кез келген аурудың да, сіз айтқанда дәрі сымақтардың да басты жауы жалқаулық десем қателеспеймін, − деді фитнес жаттықтырушы Ерсұлтан Кәрім.

ӨНІМ ӨМІРІҢІЗДІ ӨЗГЕРТПЕЙДІ

Satu.kz-те кето кофеден бастап барлығы бар. Бұл сайтта АҚШ өндіретін кофенің 30 данасын 5430 теңгеге бағаланса, кореялық 120 данасы бар көшірме капсула 10 мың теңге. EcoSlim көпіргіш таблеткалары 6000 теңге тұрады. Ал саудасы қызып тұрған препараттарды кім және қалай тексереді?

Түрлі биологиялық белсенді қоспалар бұрын Қазақстанда да тіркелген. Бірақ 2021 жылы тіркеу күші жойылды. Себебі стандартқа сай емес екені анықталған. Десе де, бұл препарат іздегеннің алдынан іздемей-ақ табылуда.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті былтыр жыл басында Қазақстанда тіркелмеген осындай өнімнің 40 түрін анықтаған. Ал 3 жыл ішінде 13325 таратушы анықталып, 3759-ының интернет профилі бұғатталды. Арықтататын дәрілердің сатылымы кейінгі жылдары өзге елдерде де айтарлықтай өскен. Мәселен, өткен жылы Ресейде мұндай дәрілердің сатылымы 4,3 есе артқан.

Тарихқа көз жүгіртсек, арықтауға арналған дәрілер 1800 жылдары қолданысқа енген. Ал 1930 жылы Францияда артық майды кетіретін жақпа майлар жасалған. Жақпа майдың құрамында хлор мен бром бар. Бірақ денені қызартып, түрлі ауруларға алып келген. Ал Германиядағы арулар әдемі болу үшін «мыщьяк» ішкен. Мұндай жанкештілікті естігенде «Адам тәнінің сұлулығы саулығында» деген мақал ойға келеді…

«Деннің саулығы – басты құндылық» дегенді ұрандатып, өз денсаулығың қолға алғандардың мысалы біршама адамға үлгі болар деген ниетпен, 20 жастағы Жібек Дайрабаймен әңгімелестік. Кейінгі 3 жылын салауатты өмір салтына арнаған Жібек салмағы саналы түрде басқарып, спортпен шұғылданады. Оның айтуынша, өзіне ұнаған тәттілерден, майлы тағамдардан да бас тартпаған. Тек аз мөлшерде тұтынуды әдетке айналдырған.

− Диета, дұрыс тамақтану дегенді естіген қыз-келіншектердің ойына бірден аш жүру, тек су ішу, калория есептеп, математика болу келеді. Бірақ өмірдің мәні мен тәттісін жоғалтпай да дене бітіміңізді дұрыстауға болады. Мұның барлығы әр адамның ерік-жігері мен жауапкершілігінде деп ойлаймын.

Өзіме ыңғайлы жоспар құрып, таңертеңгілік жүгіруге немесе жаяу жүруге дағдыландым. Үйде отырып- ақ жаттығулар мен йога жасаймын. Кез келген тамақты жеймін. Бастысы физикалық тұрғыдан көп қозғалуды әдетке айналдыру керек, − деп кеңес берді кейіпкер.

Денсаулықты басты байлыққа теңейміз. Десе де мұның мәнін түсінетіндер көп емес. Уақыт тапшы, тез арада бітімімді түзеймін деп түрлі препаратқа сүйенсеңіз, өз еркіңіз. Бірақ оның да өтемі бар екенін ұмытпаған жөн.

Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!