Фото: Midjourney
Донор болу – талай жанға үміт алауын жағу, жаңадан өмір сыйлау. Бұл медициналық жетістік бүгінде миллиондаған жанға жаңа дем беріп, олар жалғанның жарығын қайта көруге мүмкіндік алды. Донор болу тек қан бөлісіп, ағзаңды берумен шектелмейді, ол сондай-ақ ұлы ізгіліктің бастамасы. Елімізде 2024 жылдың қазан айында дәм- тұзы таусылып, кейін донор атанған адам саны алтыға жетті. Олардың арқасында 23 ағзаны трансплантациялауға мүмкіндік туды. Одан бөлек жылына 400 мыңдаған қазақстандық қан доноры атанады.
Науқас жан үшін әр уақыт санаулы һәм қымбат. Олар тек физикалық тұрғыда ауыртпалық сезініп қана қоймай, психологиялық жағдайы да нашарлай түседі. Жазым деген аяқ асты демекші, өмірде бәрі болуы мүмкін. Ойда жоқта апатқа ұшырап, оқыс жағдайдан өмірі қыл үстінде тұрған азаматтар донорлық көмекке жүгінуі мүмкін. Мұндайда медицинаның көмегі арқылы қол ұшын созуға дайын жомарт жандарды кезіктіруге болады.
Донор болудың бірнеше түрі бар және бәрінің мақсаты адам өмірін сақтап қалу. Қапелімде жантәсілім еткен жандар да ата-анасының немесе кез келген туысқанының рұқсатымен адам өмірін арашалап қала алады. Күні кеше елімізде 39 жастағы азамат бір емес, төрт адамға екінші өмір сыйлады. Ол 47 жастағы ер адамға жүрегін, 62 жастағы әйелге өкпесін, 58 жастағы әйел мен 9 жасар балаға бүйрегін берген. Бүгінде мұндай трансплантация отасына үмітті 4 мыңнан астам науқас бар, оның 200-і жыл соңына дейін шыдамауы да мүмкін. Жылына донор табылмауы салдарынан 300-ден астам адам көз жұмады.
Өкініштісі, жүрек және өкпе мүшелеріне зәру адамдар үшін донорлық трансплантация ең қажетті ем деп саналады, тіпті өмір сүруге жалғыз ғана мүмкіндік десек те болады. Көбіне мұндай отаны жасауға қайтыс болған жанның туыстары рұқсатын бермейді. Бір қуантарлығы, кейінгі 9 айдың қорытындысы бойынша, 6782 қазақстандық өз еркімен донорлық трансплантацияға келісімін ресми тіркеген. Алайда бұл адамдар қайтыс болғаннан кейін донорлыққа қабілетті болады дегенді білдірмейді. Егер адам қайтыс болғаннан кейін донор болса 4 адамды, тіпті 7 адамның өмірін өлімнен арашалап қалуға қауқарлы.
Трансплантациялық отадан бөлек, қан жетіспеушілігі туындаған науқастарға қан құю арқылы донор атануға болады. Бұл туралы ақпарат көп болса да, кейбір адамдар қан беруге қорқады. Инфекция жұқтырып алудан және қарапайым инеден қорыққандықтан бұл қадамды жасауға жасқанады. Сондай-ақ кейбірі қан құюға донор болу үшін діни көзқарастарының әсерінен келісім бермейді. Алайда иудаизм, христиан және мұсылман діні мұны адам өмірін құтқару, мейірімділіктің нышаны деп қабылдайды. Сондықтан қан құюға, трансплантациялық отаға тыйым салмайды.
– Донорды анықтау өте үлкен мәселе. Әрине бұл басқа мемлекетте де бар, бірақ біздің Қазақстанда өте күрделі. Бұл донорлық стационар басшылығына да байланысты, олар өздерінің бұл мәселеге тікелей қатысы барын, донорды анықтау керегіне мән бермейді. Донорлар туралы ақпарат бермейді. Тағы бір мәселе – халықтың менталитеті мен донорлыққа деген көзқарасы. Олар бұл ақпаратты қабылдай алмайды. Донор анықталғанның өзінде туыстары бас тартып, түбегейлі қарсы шығады, – дейді дәрігер Сәуле Шайсұлтанова.
Қан құюға донор болудың да арнайы өз критерийлері бар. Мәселен, ер адам жылына 5 рет, ал әйел адам 4 рет қан өткізе алады. Адам салмағының шамамен 8%-ы қанға түседі (5,5 литр) және кем дегенде жартысын жоғалту өлімге әкеледі. Сондықтан ересек адамға зиян келтірмейтін дотацияның рұқсат етілген мөлшері бір уақытта 300-450 мл құрайды. Қан беруші азамат 18 жастан асқан және салмағы 50 келіден асуы тиіс. Қан өткізу үшін арнайы медицина мамандарының тегін тексерісінен өтеді. Донор әңгіме барысында қандай дәрі-дәрмек ішетінін немесе ішкенін (не үшін қабылдағанын) жасырмай, денсаулығындағы кінәраттарды ашып айтуға тиіс. Донордың қаны үш адамның өмірін құтқаруға қауқарлы: біріне қан, екіншісіне – плазма, үшіншісіне – тромбоциттер көмектеседі.
АИТВ инфекциясы, вирустық гепатит, мерез, туберкулез, қан аурулары және қатерлі ісік секілді дертпен сырқат болған азаматтар мүлде қан тапсыруға қарсы көрсеткішке ие. Сондай-ақ уақытша шектеулерді де қарастыруды ұмытпаған жөн. Бұл тізімге мыналар енеді: тіс жұлу (10 күн); денеге сурет салу, пирсинг немесе акупунктурамен емдеу (6 ай); тамақ ауруы, тұмау, ЖРВИ (сауыққан сәттен бастап 1 ай); жүктілік және лактация кезеңі (туылғаннан кейін 1 жыл, лактация аяқталғаннан кейін 3 ай).
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 208-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес қызметкер «медициналық тексеру және қан және (немесе) оның компоненттерін донациялау» кезінде жұмыс күндері орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады». Яғни, сіз медициналық тексерістен өтіп, барлық критерийлер бойынша донор болуды шешсеңіз, сондай-ақ қанды жұмыс күндері тапсыратын болсаңыз – сізге ақысы төленетін екі күндік демалыс беріледі. Заңға сәйкес жұмыс беруші сізге ақылы демалыс беруге міндетті.
Айта кетейік, жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік қан доноры күні бүкіл әлемде атап өтіледі. Бұл дата 1930 жылы адамның қан топтарын ашқаны үшін Физиология немесе медицина бойынша Нобель сыйлығына ие болған австриялық дәрігер, иммунолог Карл Ландштейнердің (1868-1943) туған күнімен сәйкес келеді.
Қанға донор болған адамдар орташа есеппен 5 жылға ұзақ өмір сүреді, олар жүрек-қан тамырлары ауруларынан аз зардап шегеді және суыққа төзімді болады екен. Донорларда холестериннің жақсы балансы қалыптасады, бұл инфаркт пен инсульт қаупін азайтады. Ғалымдар донорлардың ұзақ өмір сүруінің себебін былай деп түсіндіреді: донациялар гемопоэз жүйесінің белсенділігін арттырады және иммунитетті ынталандырады. Сондықтан өз қанын басқалардың игілігі үшін беретін адамдар өздері де қосымша белсенді өмір сүруге энергия алады.
Донорлық туралы халық толық біле бермейді. Бұл туралы ашық ақпараттың аздығы еліміздегі донорлық мәселенің күрделене беруіне тікелей ықпал етеді. Донор болғысы келетін адам өзі есепке алынған емхана арқылы жазбаша түрде өтініш, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба арқылы egov порталына кіріп, донорлыққа келісім бере алады. Келісімнен кез келген уақытта бас тартуға болады.
Донор болу – басқа біреудің өмірін сақтап қалу ғана емес, өз денсаулығыңды да жақсарту мүмкіндігі. Өзіңнің көмегің арқылы артыңа із қалдыру, қоғамға пайдаңды тигізу. Әрине, таңдау өзіңізде…
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!