Денсаулық сыр берсе жан жүдеп, жүрекке жүк түседі. Өмір мен өлімнің ортасында «шықпа, жаным шықпа» деп шырқыраған жанның үміт шырағын сөндірмеу – қайырлы іс. Иә, біз донор болу туралы сөз қозғап отырмыз. Яғни тапсырған бір тамшы қанның өзі ажал апанындағы науқасқа араша болып, бетін бері қаратып, аяққа тұруына ықпал етеді. Демі үзіліп, жүрек дүрсілі жиілей бастағанға жәрдемдесу – науқасқа жаңа өмір сыйлайды. Бүгінде жанашырлық пен жақсылықтың жалауын жықпай жүрген жандар қан тапсыруда қашқақтамай, сауапты іс жасауда көш бастап келеді. Әлбетте бұл қуантарлық жағдай.
Дүниежүзілік қан доноры күні жыл сайын 14 маусымда атап өтіледі. Айтулы күннің алғашқы мерекесі 2005 жылы өтті. Биылғы жылдың басты тақырыбы мен ұраны – «Қан және қан плазмасын тапсырыңыз, өмір сыйлаңыз және оны жиі жасаңыз». Дүниежүзілік қан доноры күнінің мақсаты – донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару, қан донорларына алғыс білдіру. Қан – емдеу және шұғыл медициналық көмек үшін маңызды ресурс. Әлемде әр секунд сайын қауіпті дерті бар науқастардың өмірін сақтауға, күрделі медициналық процедураларды қамтамасыз етуге, аналар мен жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға, табиғи апаттар мен қарулы қақтығыстар сияқты төтенше жағдайларда жаралыларды емдеу үшін қан құюға деген қажеттілік туындайды. Донор болу – үлкен жүректі, мейірбан көңілді қажет ететін жоғарғы қасиет. Ол адамның өмірін сақтап, өмірге деген құлшынысын арттырып, үміт сыйлайды.
Жыл сайын Дүниежүзілік донор күнінде барлық қазақстандық қан орталықтары мерекелік іс-шаралар, құрмет көрсету, қан донорларына арналған концерттер ұйымдастырады. 40 донацияға жеткен донорлар төсбелгілермен, Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттарымен марапатталады. Донациялар саны аз белсенді донорлар да қан орталықтарының грамоталарымен марапатталады.
Қызылорда да қалыс емес. Жыл басынан бері қан орталығына 3276 адам жүгінсе, оның 2618-і қан тапсырған. Сондай-ақ өңірде 15-20 жыл үзбей қан тапсырып келе жатқан «Құрметті донорлар» тұрады. Бұл – халықтың донорлыққа деген жоғары көзқарасы.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!