Шаңырақтың шырайын кіргізетін шарананың іңгәлаған дауысы. Он екі мүшесі сау, жүрек соғысы қалыпты сәбиді өмірге әкелу әрбір ата-ананың тілегі. Тоғыз ай көтеріп, толғақтың жаңа жылмен тұспа-тұс келуі ерекше, әрине. Мұндайда жарық дүние есігін ашқан сәбиді де сүйіншілеу тым бөлек болар.
Күні кеше ғана халық саны 20 млн-ға жеткенін жарыса жазып, төбеміз көкке жеткені рас. Жаңа жыл қарсаңындағы көрсеткіш те жаман емес. Деректерге сүйенсек, республика перзентханаларында 191 сәби, 101 ұл және 90 қыз дүниеге келген. Көш басында Түркістан облысы тұр. Ал Шымкентте 38, Алматыда 22 бала туылып, ата-анасын бақытқа бөледі. Өңірімізде де мереке мезетінде сәби сүйген отбасылар бар.
– Облыс бойынша жалпы саны 9 нәресте дүниеге келді. Оның 4-еуі облыстық перинаталдық орталықта туылса, қалған 5-еуі облыс деңгейіндегі босану бөлімшелерінде дүниеге келді. Дүниеге келген сәбилердің 5-еуі ұл бала, 4-еуі қыз бала. Қазіргі таңда жағдайлары жақсы. Дәрігерлердің бақылауында, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінiң басшысы Айгүл Төлегенова.
Жүрегінің астында сәби тыныстағаның сезу ана үшін бақыт. Әлемді әлдиімен тербеткен аналардың пікірін білген едік. Толқынысы мен қуанышын жасырмай, бүкпесіз ойын жеткізді.
– Қыз бала босандым.
Бұл – үшінші сәбиім. Аман-есен босанып, бауырыма бастым. Жаңа жылда әулетімізге Алланың берген сыйы болды. Әкесі «есімін өзім қоямын» деп, үлкендердің алдынан өтіп, Асылым деп атады. Өзім 1991 жылғымын. Негізі Арал ауданы, Сексеуіл ауылынанбыз, жұмыс бабымен осында орналастық, – дейді Гүлбану Айымбетова.
Жанұяның жарасымды болғаны жақсы. Ымырамен ынтымақтың да артатыны анық. Бұған Гүлбақша Дауқараеваның сөзі дәлел.
– Отбасындағы татулық пен
сыйластықтың рөлі зор. Мұндай бақыт құрсақтағы сәбиге де әсер етеді. Жыл басы ғажайыпқа толы болды. Нәрестемді құшағыма алып, мәз-мейраммын. Бұндай сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкесі ұлымыздың есімін Шаһкәрім деп қойды. Шәкәрім Құдайбердіұлы атасындай халқына жақын, дана, дара болсын деді. Ырымға мән берген халықпыз ғой. Баламның болашағы жарқын болатынына сенемін, – деді ол.
Ізгілік пен ізетті, сый мен құрметті тең ұстап, әулеттің жолын жалғайтын ұрпақ көбейе берсін. Саналы ұрпақ ұлт болашағы екені даусыз.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!