Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Қазақ тағамтану академиясының президенті, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті профессоры, академик Төрегелді Шарманов дұрыс тамақтану жайлы ой-пікірін айтып жүрген нутрицолог ғалым. Жасы 90-нан асқан ғалымның тамақтану мен тағамтануда жинаған тәжірибесі мол. Сіздермен тамақтану жайлы ойымен бөлісуді жөн көрдік.
«Егер адам денсаулығына өзінде бар капитал деп қараса, ол адам бірінші кезекте дұрыс тамақтануға дағдылануы керек. Сонда ғана қазақ ерте қартаймайды. Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ. Дұрыс тамақтануды жүйелеп алсақ, қартаймаудың ең негізгі басымдылығы осы. Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда, халықтың басым көпшілігі жұмысбастылықтың салдарынан тез тамақтана салуға құмар. Кейбіреулер сапалы тамақтану дегенді тоя тамақ жеу деп түсініп жатады. Мәселе, қарынның тоқтығында емес, не ішіп, не жегенімізде. Қазіргі адамзаттың зардап шегіп отырғаны – аштық емес, көп тамақтану. Артық тамақ ішу қатерлі ісік, жүрек-қан тамыры, диабет, басқа да созылмалы ауруларға әкеледі. Мұны есте ұстауымыз керек.
Майлы тағам ғана семіздікке әкеледі деп ойлайды көбі. Бірақ, олай емес. Қант пен қантқа ұқсас тәтті де семіздікке әкеледі. Мәселен, coca-cola мен pepsi – бұл нағыз денсаулыққа зиян сусындар. Сонымен қатар газдалған сусындар адам ағзасында кальцийдің бәрін шайып кетеді. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олар қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет.
Анасының қандай тамақ ішкені жатырда жатқан балаға да әсер етеді. Егер анасы жүрек-қан тамырлары ауруымен сырқаттанса, баласы да ауруы мүмкін. Қаны аз болады немесе дәл қазір ой жүйесінің жетіспеуі де үлкен мәселеге айналды. Қазір ата-ананың көбі бала не қаласа, соны сатып әпере салатынын, не жегісі келсе, соны алып бере салатыны өтірік емес. Баланың еркелігіне көп қараймыз. Бірақ дұрыс тамақтану олай жүрмейді. Тәтті, газдалған сусын, фаст-фуд алып беруді қою керек.
«Қой еті – қорғасын» дейді халқымыз. Бірақ қойдың етінде холестерин көп екен деп, одан бас тартуға да болмайды. Әр адамның ағзасында тұтынған тағамның құрамын реттеуші механизм бар. Және ол үздіксіз жұмыс істейді», дейді Төрегелді Шарманов.
Шаһизада ИСА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!