Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов Алматы облысы мен Жетісу облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндап берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтуынша, бүгінде екі облыста да коронавирустық инфекцияның өсу қарқыны байқалады. Яғни, өткен аптамен салыстырғанда Жетісу облысында 0,0004-тен 0,003-ке дейін өсті, ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 0,001-ден 0,02-ге дейін жеткен. «Пандемия басталғалы екі өңірде коронавирустық инфекцияның 69 606 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте Қарасай және Іле аудандарында 3 жағдай және Сарқан ауданында 1 жағдай тіркелді. Облыстар «жасыл» аймақта. Халықты вакцинациялау жұмыстары да жалғасуда»,- деді Ерғали Жақсыбайұлы. Спикердің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірлерде 366 егу пункті және 67 жылжымалы пункт жұмыс істейді. Екі облыстың тұрғындары үшін вирусқа қарсы препараттардың үш түрі қолжетімді: QazCovid-in, SinopharmVeroCell және Comirnaty (Pfizer). Егер, эпидемиологиялық ахуалдың одан әрі нашарлағаны байқалатын болса, келесі шаралар қолданылмақ: – науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру; – COVID-19 вакцинасына түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру; – жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу; – 10 адамнан астам қатысушысы бар жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну. Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіптілік аймағына қарамастан, әуе, ТЖ көліктері мен халықаралық автобус тасымалдарында маска тағу ұсынылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!