Фото: pixabay.com
Екібастұзда мейрамханадағы тойдан кейін 30-дан астам адам медициналық көмекке жүгінген. Оларға улану диагнозы қойылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен СЭБ департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алғашында Екібастұздағы мекемелердің біріндегі жаппай улану туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды – Instagram желісіндегі ekibas_v_teme парақшасында той иелерінің атынан жазба жарияланды.
Жазба авторының айтуынша, олар 13 сәуірде қалалық мейрамханалардың бірінде «Қыз ұзату» өткізген. Іс-шараға 200-ге жуық қонақ шақырылып, барлығы дерлік тойдан кейін улану белгілерін – дене қызуының көтерілуі, қалтырау, құрысу, құсу және диареяны сезінген.
«Екібастұз қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында 25-тен астам адам жатыр, олардың көпшілігі Қарағанды, Астана, Павлодар және Ақсу қалаларынан келді, көбісі ауруханаға жатқызылды», – делінген хабарламада.
Жазбаның астында Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының түсініктемесі де жарияланған.
«Тамақтан улану фактісі бойынша департамент мейрамханаға қатысты ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр», – деп хабарлады департаменттен.
Ведомствоның мәліметінше, 14 сәуірден бастап қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне тамақтан улану және бактериялық ішек инфекциясы белгілері бар пациенттер жаппай жүгінді: бірнеше рет құсу, айқын әлсіздік, іштің ауыруы, дене температурасының жоғарылауы.
«Эпидемиологиялық сыртартқыны жинау кезінде олардың барлығы 13 сәуір қарсаңында қаланың кафелерінің бірінде өткен іс-шараның қонақтары екені анықталды. Емделушілер қабылдау бөлімшесінде қаралғаннан және шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін (асқазанды шаю) инфекциялық бөлімшеге жатқызылды.
Барлығы 14 сәуірден 15 сәуір сағат 17:00-ге дейінгі аралықта 32 адам жүгінді, оның төртеуі ауруханаға жатқызудан бас тартты, қалғандары қазіргі уақытта ем алуда. Науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесі ретінде қарастырылады», – дейді басқармада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!