Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.
Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы ауру адам түшкірген, сөйлеген кезде таралады. Егер адам бұрын-соңды қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін ауруды жұқтырып алу ықтималдылығы өте жоғары болады.
Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті. Қызылшамен ауырып, сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Бұл аурумен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді асқынуларға ұласуы мүмкін.
Қызылорда облысында қызылша ауруы бойынша бүгінгі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2025 жыл басынан бері лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 25 жағдайы тіркелді, оның ішінде 20 дерек – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды.
Өткен 2024 жылдың алғашқы бес айында 1554 адам қызылша жұқтырған, бұл бүгінгі сырқаттанушылық көрсеткішімен салыстырғанда 57 есеге дейін төмендеу тенденциясын көрсетеді. Бұл ретте 2023 жылдың 06 қарашасынан бастап жүргізілген қызылшаға қарсы жаппай қосымша егу жұмыстарының оң ықпалын атап өту маңызды. Аталған жаппай вакцинациялау барысында тиісті контингенттің 96%-ы екпемен қамтылып, нәтижесінде аурушаңдық динамикасы әлдеқайда төмендеді. Бұл өз кезегінде иммундаудың аурудан қорғанудағы тиімді әрі сенімді қорғаныс екенін айқындай түседі.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтауды, салауатты өмір салтын ұстануды, ауру белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін ұсынады.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!