Күн күрт суытқалы бері көпшіліктің мазасы қашты. Бірінің басы ауырса, енді бірінің балтыры сыздап ақ халаттыларға сәт сайын жүгінетін кез келді. Жыл сайын қараша мен желтоқсан кірген тұстан тұмаудың да қоса дендейтіні белгілі жайт. Алдын ала сақтық шараларын жүргізбесе, денсаулықтың салғырттықты көтермейді.

Осыған дейін ЮНИСЕФ пен ДДСҰ балаларды вакциналаудың маңыздылығын алға тартып, соңғы жылдары жеткіншектердің қажетті екпелерді алмағанын мәлімдеген болатын. Дүниежүзілік ұйымның бұлай дабыл қағуына Еуропадағы маусымдық тұмаудың көбеюі себеп болып отыр.
Біздің елде де балалар арасында тұмау жиілеген жағдайда оқушылардың онлайн оқуы мүмкін екені сөз болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған еді.
«Бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылар арасында 20-30%-ға дейінгі ЖРВИ ауруы тіркелсе, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңадан бала қабылдауға тыйым салу ұсынылады. Эпидемиялық процеске ЖРВИ-мен ауыратын науқастардың жалпы саны 30% және одан көп болған жағдайда бір инкубациялық кезең ішінде оқушыларды онлайн-оқытуға ауыстыру жүзеге асырылады» делінген комитет өкілдерінің хабарламасында.
Бірақ бұл ұсыныс Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолдау таппады.
Аталған жағдайға білім басшылығы «Әлемде мектептер − бірінші болып ашылып, соңғы болып жабылады. Бұл туралы ЮНИСЕФ өкілдері де мәлімдеді. Біз балалардың толыққанды сапалы білімі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуді маңызды деп санаймыз. Оқу-ағарту министрлігі онлайн-режимде оқыту бойынша ұсынысты қолдамайды» деп жауап берді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, елде жыл сайын тұмау вирусының айналымы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің сөзіне сүйенсек, өткен жылы ЖРВИ-мен 3,9 млн адам ауырған және 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда республика бойынша сырқаттану 1,3 есе өскен. Өсім Қарағанды облысын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалды. Статистикаға сүйенсек, тұмау балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі, яғни науқастардың 80%-ы балаларға тиесілі.
«ДДҰ мәліметтері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штаммы өзекті болады, олар A (H1N1), A (H3N2) және B. Сонымен қатар жыл сайын айналымдағы штамдар өзгеріп отыратыны байқалды. Өткен маусымда тұмау вирусының 2 штамы – A (H3N2) және B айналымда болды, барлығы 915 тұмау жағдайы анықталды, жүйелеу нәтижелері бойынша штамдар вакциналық штамдарға сәйкес келді», − дейді вице-министр.
Тұмау мен суық тиюден сақтанудың жолы көп десек те, бас санитарлық дәрігер ең тиімді әдіс вакцинация екенін алға тартқан болатын. Содан болар еліміздің түпкір-түпкірінде тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мәселен, облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны барлық емханада жүргізілуде. Әсіресе жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, 65 жастан асқан азаматтарға ЖРВИ-ге қарсы екпе жиі салынуда. Себебі ауруға шалдыққандардың 66,1 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Алайда аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты дейді мамандар.
− Биыл ауруға шалдыққандардың көпшілігінде тұмау вирусының В түрі анықталуда. Осыған сәйкес, осы жылы өңірде ЖРВИ инфекциясына қарсы 85 мың доза вакцина әкелінді. Бүгінге дейін тұмауға қарсы 82 мыңнан астам екпе салдырды. Бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 95,8 пайызын құрайды. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша тұмаудан сақтануға және екпе салдыруға шақырамын, − дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.
Мамандар кенеттен дененің қызуы тез көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бұлшық еттің және бастың ауыруы, бүкіл дененің сырқырауы, кеуденің артқы жағы ауырып, құрғақ жөтелдің пайда болуы тұмау асқынуының белгісі екенін айтады. Алайда көпшілік бұл белгілерді қалыпты санап, немқұрайлы қарайтыны жасырын емес.
− Тұмау эпидемиялары жыл сайын қайта оралатын және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы елеулі мәселе. Адамдардың көбі тұмауды ауыр сырқат ретінде қабылдамайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын тұмау мен ЖРВИ-дің 5 млн-ға дейін ауыр жағдайы тіркеледі және респираторлық аурулардан 650 мыңға дейін адам қайтыс болады, − дейді А.Есмағамбетова.
Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» абзал. Осы орайда жауапты мамандар келесідей пайдалы кеңестермен бөлісті.
− Тұмауға қарсы екпе ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және аурушаңдық деңгейінің өсуіне жол бермейді. Одан бөлек, қоғамдық орындарда бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет.
Дұрыс тамақтану, дәрумендерді шекті мөлшерде пайдалану арқылы иммунитетті көтеру маңызды. Егер ауырып қалған жағдайда міндетті түрде дәрігерлерді шақырып, арнайы ем қабылдау керек, − дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!