Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында елде сараптамалық кластың ең жаңа жабдығы — Calculase III лазерлік жүйесімен жарақтандырылған алғашқы операциялық бөлменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ясумаса Иидзима мырза қатысты.

Жабдық Жапония Үкіметінің «KUSANONE (Корни травы/Шөп тамыры)» гранттық бағдарламасы шеңберінде орнатылған.

— Инновация операция бөлмесінің көрінісін тез өзгертіп, хирургияның тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Calculase III лазерлік жүйесі алғаш рет Қазақстанның балалар урологиясында балалардағы несеп шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған ауруларын эндоскопиялық диагностикалау және емдеу үшін қолданылады, — деп атап өтті урология бөлімшесінің меңгерушісі Бақытжан Әбекенов.

Бұрын төменгі несеп шығару жолдарының патологиясы бар балаларға операциялар ашық әдіспен жасалатын. Ота ұзақтығы 2 сағатқа созылып, 14 күнге дейін ем алуға жатқызылатын.

Лазерлік литотрипсияны енгізумен:

— операцияның ұзақтығы 20 минутқа дейін қысқарды;

— жұмсақ маскалық наркоз қолданылады;

— бала емшарадан кейін бірден анасына берілуі мүмкін;

— емдеуге жатқызу мерзімі 7 күнге дейін қысқарды.

Әдістің басты артықшылығы операция кезінде де, операциядан кейінгі кезеңде де қауіп азайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!