Облыстық психикалық денсаулық орталығы қашанда жас мамандарға қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде талай түлек өзінің еңбек жолын аталған емдеу мекемесінен бастап, тәжірибелі дәрігерлермен иық тіресе жұмыс істеуде. Солардың бірі – Ақжан Дәрібаева.
Ол – Астана медициналық университетінің түлегі. Резидентураны Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетінде тәмамдаған. Бүгінгі күні дәрігер-нарколог орталыққа қарасты емханада еңбек етіп келеді. Дертіне шипа іздеп келген науқастарға медициналық көмек көрсетіп, сауығына себепкер.
– Бала кезімнен дәрігер болуды армандаған едім. Халық саулығы жолында тер төгуді мақсат еткен болатынмын. Міне, бүгінде облыстың мықты дәрігерлерімен бірге бір ұжымда еңбек етіп келемін. Тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары әріптестерімнен үйренерім көп. Аға буын өкілдері де мүмкіндігінше бізге жол көрсетіп келеді», – дейді Ақжан.
Бүгінгі таңда темекінің түр-түрі бар. Оны жас та, жасамыс та тұтатып жүргенін көреміз. Ал зияны шаш етектен. Жас маман осыған қынжылатынын да айтады.
– Темекі зиян. Статистикаға көз жүгіртсек, темекіге деген қызығушылықтың азайғанын аңғару қиын. Жыл сайын ғаламдық темекі індеті 7 миллионнан аса адамды өлімге душар етеді, оның 900 000-ға жуығы шылымқор емес, темекі түтінімен демалғанның нәтижесінде қаза табатындар. Әлемде 1 миллиардтан астам шылымқорлардың 80%-ға жуығы табыс деңгейі төмен елдерде өмір сүреді. Әлемде өлім-жітімнің басқа кез келген себептеріне қарағанда, жүрек-қантамыр ауруларынан көп адам қаза табады, ал темекі шегу мен темекі түтінін қайта жұтудың әсеріне жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім дерегінің шамамен 12%-ы тиесілі, – дейді дәрігер.
Бүгінде электронды темекіге әуестенетіндер қатары да көбейді. Тіпті арасында қыздар қауымы да бар. Мұның да зиянын дәрігерден сұрастырдық.
– Электронды темекінің құрамында еріткіш бар, бұл өте қауіпті. Құрамындағы формальдегид, никотин, полипропилен, глицерин, акрилен сынды химиялық қоспалардың зиянды әсері көп. Мысалы, полипропилен химиялық қоспасы аллергиялық реакция тудырады, тыныс алу жолдарының қабыршақтарын тітіркендіреді. Формальдегид бауырда жиналады, қанды ұйытып тастайды. Сонымен қатар бұл темекіні тартқан адам шылым шегуші болып саналады, өйткені ағзаға никотин түседі, тәуелділік туындайды. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді.Сондай-ақ, ғалымдар адамның жүрегі мен миына әсер ететінін анықтаған, – дейді маман.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!