Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті дәрі бағасын заңсыз көтеріп саудалаған дәріханалар анықталғанын мәлім етті.

«2023 жылмен салыстырғанда, қазіргі кезде дәрілік заттарға бағаның өсуі байқалды (13%), бірақ уәкілетті орган бекіткен шекті бағадан аспады. Кейбір дәрілік заттарға бағаның маусымдық өсуі анықталған. Дәрілік заттар бағасының өсуі шикізат, тасымалдау құнының өсуіне және инфляцияға тікелей тәуелді. Дегенмен кейбір дәрілік заттарға бағаның төмендегенін айта кету керек», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, уәкілетті орган жылына 2 рет бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаны бекітеді. Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 тамыздағы № 465 бұйрығымен 6890 дәрілік заттың саудалық атауына шекті баға қойылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес, дәрі-дәрмекті бекітілген шекті бағадан асыра сатқаны үшін жауапкершілік көзделген.

«Көтерме-бөлшек сауда желісінде 2024 жылдың басынан бері дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату бойынша 12 факті анықталды, 2,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Сонымен қатар шекті бағадан асыра сату фактісі анықталған жағдайда, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (дәрі-дәрмек және сату түбіртегімен) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады», – деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 87,3 млрд теңгенің дәрілік заттары өндірілді, бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 20,1%-ға артық. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Азаматтарға дәрі-дәрмектің шекті бөлшек сауда бағасын бақылау үшін Dari.kz мобилдік қосымшасын пайдалануды ұсынды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!