Елімізде алдағы уақытта қант, май және тұзы көп тағамдардың жарнамасына шектеу енгізілмек. Фастфуд, кондитерлік өнімдер, шоколад, газдалған және энергетикалық сусындардың жарнамасына тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі «Жарнама туралы» заңға осындай ұсыныс беруді көздеп отыр. Өйткені осы тағам түрлері қант диабеті, жүрек, қантамыр жүйесі аурулары мен онкология сияқты қауіпті дертке әкеледі. Сондай-ақ семіздік белең алған. Алайда шектеу халықтың фастфудтан бас тартуына қаншалықты әсер ететіні белгісіз.
Дүкен сөрелерінде газдалған сусын, тәттілердің түрі бар. Қауіпті дертке шалдықтыратыны мәлім болса да, тұтынатындар өте көп. Елімізде тамақ өнімдері мен сусындардың жарнамасы кеңінен таралған. Бұл балалардың зиянды тамақтану әдеттерін қалыптастыруына әкеледі дейді диетолог мамандар.
“Семіздік, қант диабеті аурулары тез шаршағыштыққа әкеліп, еңбек қабілетін, ойлау қабілетін төмендетеді. Осындай жағдайлардың негізгі себебі – осы зиянды өнімдерді көп тұтыну. Сондықтан ондай өнімдерді жарнамалауға тыйым салу, балалар үшін тиімді шара деп ойлаймын”, – деді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Нутрициология» кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаева.
Елімізде семіздік жылдан жылға артып келеді. Әсіресе кішкентай балалар осы дертке көптеп душар болуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір қант диабеті де қауіпті. Қазақстанда 400 мыңнан астам адам аурудың осы түріне шалдыққан. Дәрігерлер жыл сайын қант диабетімен сырқаттанған отандастарымыздың аяқтарының әр түрлі бөліктеріне 16 мыңнан астам ампутация жүргізеді. Мұның барлығы құрамында қант, тұз, май мөлшері көп асты тұтынғаннан дейді мамандар.
Жарнамаланатын тағамдардардың 79%-ы құрамында қант қосылған сусындарға, кондитерлік өнімдерге, фастфудқа, дайын таңғы асқа бағытталған. Сол себепті ол балалардың талғамына көп әсер етеді. Зерттеу бойынша алты және тоғыз жас аралығындағы балалар арасында семіздікке шалдыққандар саны жиырма пайызға жеткен”, – деді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарушы директоры Салтанат Назарова.
Кәсіпкерлердің айтуынша, олар жарнамаға мұқтаж емес. Қанша шектеу қойса да, фастфудтың дәмін татып, газдалған сусын ішуге халық құмар. Дұрыс тамақтанудың үлгісін қалыптастыруда насихатқа шектеу қою айтарлықтай көмектеспейді деген ойда.
“Шағын жерде донер дайындаймын. Өз өнімімді өткізу үшін ешқандай жарнама қолданған емеспін. Десе де, клиенттерім аз емес. Менің ойымша, жарнамаға шектеу қою мәселені шешпейді”, – дейді кәсіпкер Жасұлан Асылбек.
Құрамында қанты бар сусындарды шамадан тыс тұтынудың алдын алу үшін қазіргі уақытта 77 ел тәтті сусындарға салық салады. Олардың ішінде ең бай елдер БАӘ, Сауд Арабиясы, Еуропаның 10 елі және АҚШ-тың 8 штаты бар. Мұндай салық сауда бағасын көтеріп, тұтынушылар санын азайтады дейді қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары. Мұндай тәжірибені елге де енгізу мәселесі қазір талқыланып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!