Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
KAZINFORM – Соңғы уақытта әлемнің көптеген елдерінде маймыл шешегі ауруы белең ала бастады. Бұл ретте, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел шекарасында жолаушыларды тексеру жүйелі жүргізілетінін атап өтті.
«Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Шекарада аса қауіпті індеттерге күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау (алдын алу) бойынша іс-шаралар жалғасады», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Сұлтанғазиев Тимур.
Оның айтуынша, маймыл шешегі сирек кездесетін жұқпалы ауру. Ол қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың (қызару) пайда болуымен сипатталады. Індеттің инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін созылады. Адамдарда дененің қызуы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналу сияқты белгілер пайда болмақ.
Инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!