Қазақстанда коронавирустың үндістандық түрі бар болуы мүмкін. Елордада жүргізілген скрининг тексеруде коронавирустың соған ұқсас түрі анықталған. Нақ үнді штаммы екеніне көз жеткізу үшін әлі де зерттеу жүргізілуі керек.

Бірақ мамандар қазірден-ақ оған қарсы сақтық шарасына кірісіп жатыр. Үнді штамына байланысты қосымша шектеулер енгізілетін болды. Қандай шектеу қанша уақытқа енгізілетіні ертең үкіметтік комиссия отырысында шешіледі.  

Үнді штаммы қалай анықталды? Ол қаншалықты қауіпті? Несімен ерекше?

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің күрт өсуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР-скринингін өткізді. Скрининг нәтижелері бойынша «Дельта» штамына тән мутацияға күдікті жағдай анықталды. Оны қарапайым тілмен «үнді» штаммы деп те атайды.

Үндістанның өзінде не болып жатқаны баршаға мәлім. Жағдайдың ушыққаны сондай, мамыр айында коронавирустан көз жұмып жатқандар саны бойынша әлемдік рекорд орнаған. Бір күнде қайтыс болғандар қатары  4200-ден асып кетті. Үнді штамының қаупі туралы дәрігерлер ерекше ескертіп айтады.

«Дельта» штамы осыған дейінгі түрлеріне қарағанда жұғу көрсеткіші 60 пайыз артық. Қазіргі штамдар бір адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады әрі оны жұқтырған адам ауру екенін 14 күн емес, жетә күн ішінде біле қояды. Белгілеріне келсек, оны жұқтырғандардың буыны мен іші қатты ауырады. Жүрегі айнып, лоқсиды. Тіпті адамды саңырау етіп, аяқтың микротромбозына әкелуі әбден мүмкін дейді мамандар. 

«Қазақстан мен Ресей аймағында осы күндері белең алған коронавирустың үнді штамы бұрынғы штамдарға қарағанда қаупі жоғары. Оны емдеу қиын және ең қиыны, осыған дейінгі штамдарға қарсы қалыптасқан антиденелерге төзімді. Сондықтан коронавируспен ауырып шыққандар да, вакцина салдырғандар да қайта ауыруы мүмкін. Тек вакцина салдырғандар жеңіл ауырады»,- дейді ресейлік медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.

Соңғы зерттеулерге қарағанда коронавирустың үнді штамын жұқтырғандардың ауруханаға түсуі мен олардың арасында өлім-жітімнің жиілеуі қатты байқалып отыр екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, SARS-CoV-2  «Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған. Отандық дәрігерлер одан сақтанудың ең тиімді жолын да айтып берді.

«ПТР-скрининг тексеру арқылы Қазақстанға коронавирустың үндістандық түрі әкелінді деген болжам жасап отырмыз. Вирустың дельта-нұсқасы. Ол Нұр-Сұлтан қаласында тест үлгілерін алғанда анықталды. Одан сақтану үшін адам вакцина салдыру керек. Вакцина сақтанудың ең тиімді сақтану жолы. Вакцина алуды өзіңізді ғана емес, ағайын-туысыңызды да қорғау деп түсіну керек», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов.

Үнді штамына қатысты қосымша карантин шектеулері де қабылданады. Бірақ қандай шектеу және қашан болатыны үкіметтік комиссияның ертеңгі отырысында шешіледі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов те қала тұрғындарына үндеу тастады. Елорданың «қызыл» аймақта болуы, күн сайын қалада 300-ге жуық адамнан коронавирус анықталып жатқаны әкімнің тынышын алғаен. Дәрігерлермен бірге қала әкімі де елорда тұрғындарын вакцина алуға шақырып отыр.

Ktk.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!