Фото: ДСМ
Қазақстанда жылына 600 баладан қатерлі ісік анықталады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Астанада Қазақстан президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында неонаталдық хирургияны дамыту туралы сөз болды.
Елімізде денсаулығында туа біткен ақауы бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ға өскен. Жыл сайын орта есеппен туа біткен кемістігі бар 1500 нәрестеге шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Оның 40%-ына эндовидеохирургия әдісімен операция жасалады, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ тиімді перинаталды технологияны енгізудің, жаңа туған нәресте реанимациясын дамытудың нәтижесінде дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе артқан.
Қазақстан – Орталық Азияда адам туғаннан бастап кардиохирургиялық операция жасалатын жалғыз мемлекет саналады.
Елімізде жылына орта есеппен ашық жүрекке 2 мыңға дейін операция жасалады. Мысалы, туа біткен жүрек ақауы бар балаларға, оның ішінде 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға ота жасалып жүр. Қазақстанда балалар онкологтары мен гематологтарының бақылауында қатерлі ісік ремиссиясындағы 4 мыңға жуық бала тұр. Жылына 600 балада қатерлі ісік анықталады, – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!