Жер жаратылып, онда тіршілік иесі пайда болғалы бері түрлі вирустың қатарласып келе жатқанын көреміз. Жиырмасыншы ғасырдың басында халық шешек, тырысқақ, іш сүзегінен-ақ қынадай қырылып қалды. Тіпті қазір ауырған адам түрлі дәрі ішіп, демде жазылып кететін тұмаудың өзі ертеде емі табылуы қиын дерттің бірі болғанына сену қиын. Демек, адам бар жерде вирус бар. Ол болған, болады және бола береді. Ең қиыны, уақыт өткен сайын вирус та түрленіп, мутацияға ұшырап отырады. Ал оның емі әрине – екпе.

Вакцина ағзаны нақты ауру үшін қорғауға қажетті, белсенді, арнайы иммунитеттің пайда болуына ықпал етеді. Мәселен, вирустар, бактериялар әлі кең етек жаймай тұрған сол бір заманда ойлап табылған осы әдіс Еуропада кең өріс алып, кейінірек әлемде шешектің жойылуына негіз болды. Былтырдан бері жаһанды бір тарының қауызына сыйғызған коронавирустың да емі табылған сияқты. Қазір Қазақстанда осы індетке қарсы “Спутник-V” вакцинасы егіліп жатыр.

 Әлемде ковидке қарсы түрлі вакцина бар екенін де айта кетейік. Ресейдің “Спутник V” вакцинасынан бөлек, Қытай шығарған Sinovac, АҚШ өнімі Pfizer мен Moderna, Қазақстанда әзірге тіркелмеген QazCovid-in, Оксфорд университеті мен AstraZeneca британ-швед концерні бірігіп шығарған екпе. Олардың бір-бірінен айырмасы қандай? Қайсысы тиімді?

“Спутник V” туралы не білеміз?

“Спутник V” вакцинациясының матрицалық РНҚ-ның инновациялық технологиясы арқылы жасалған Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарынан айырмашылығы, SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын адам жасушаларына жеткізу үшін кәдімгі суық тиюді тудыратын аденовирус тұқымдасынан векторлық технология бойынша жасалған. Жасушалар иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады, осылайша организм вируспен күресуді үйренеді.

Иммун реакциясын күшейту үшін вакцина араға 3 апта салып екі рет жасалады. Бірінші вакцинамен 26 аденовирус серотипіне негізделген вакцина, ал екіншісімен 5 серотип енгізіледі. Векторлық технологияны Оксфорд университеті мен AstraZeneca вакциналарын өндірушілер де қолданады. “Спутниктің” екіншісінен айырмашылығы – ресейлік вакцинаны жасаушылар қабықша ретінде адамның аденовирусын, ал Оксфорд ғалымдары шимпанзе аденовирусын пайдаланады.

“Спутникті” -18 градус температурада сақтап, оны қолданар алдында еріту керек. Осыған байланысты ресейлік вакциналарды сақтау және тасымалдау процесі, мысалы, Pfizer-BioNTech РНҚ вакциналарына қарағанда әлдеқайда жеңіл.

Қазір еліміз бойынша екпе алып жатқандар көп. Біздің облыста да “Спутник-V” салдырғандар қатары күн сайын артып келеді. Екпе алған адам бастапқыда өзін әлсіз сезінуі мүмкін, бірақ жанама әсерлерінің көбі жеңіл және орташа деңгейде өтеді.

“Sinovac”  вакцинасы

Қытайдың Sinovac компаниясы әзірлеген вакцинаның тиімділігі 91%. Белгілі болғандай, түрік елінде жүргізілген зерттеу жұмыстарына 25 мыңдай ерікті қатысқан. Бұдан бөлек, препарат Бразилияда ауруы асқынған 13 мың адамға егіліп, 100 %  тиімділігін көрсетіпті. Алайда ауру жеңіл өтіп жатқандарға тек жартылай ғана әсер еткен. Енді осы деректердің бәрі тиісті органға жіберіліп, дәріні Бразилияда қолданысқа енгізу туралы шешім шығарылуы тиіс.

Айта кетейік, Sinovac вакцинасы қазір Қытайда кеңінен қолдануда. Sinovac Biotech директоры Инь Вэйдун: “Вакцинаның 7 миллионнан астам дозасы Қытайдың бірқатар өңіріне жеткізілді. Оның ішінде Бейжің мен Гуандун да бар. Қазір бұл қалаларда тұрғындарды жаппай вакциналау науқаны жүріп жатыр,”– дейді.

“Pfizer” және “Moderna”

Коронавирусқа қарсы Pfizer және Moderna әзірлеген алғашқы екі вакцина матрицалық (ақпараттық) РНҚ деп аталатын жаңа технологияны қолдана отырып, рекордтық уақытта жасалды. Алайда бұл зерттеушілер қауіпсіздікті ескермеді немесе жеткілікті дәрежеде сынақтар өткізбеді дегенді білдірмейді. Вакцинаға қажетті жаңа технологияға негіз болған зерттеулер біраз уақыттан бері жүргізіліп келеді.

“Бұл жаңа стратегия емес, – дейді Филадельфиядағы балалар ауруханасы жанындағы Вакцина бойынша білім беру орталығының директоры, доктор Пол Офит. Вакцинада матрицалық РНҚ-ны қолданудың бұл ерекше идеясы 20 жылдан бері бар. Тек қазір көпшілікке белігілі болып, коммерциялық жобаға айналған алғашқы өнім”.

Адам ағзасы вируспен күресу үшін дәстүрлі вакциналар вирустың белсенді емес немесе әлсіреген нұсқасын енгізеді. Мәселен Pfizer-BioNTech және Moderna әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакциналары вирустың генетикалық материалының бір бөлігі саналатын матрицалық РНҚ-ны (мРНҚ) қолданады. Ол ағзаға коронавирус бетіндегі ақуыздың көшірмелерін жасауға нұсқау береді және адамды ауыртпайды. Содан кейін иммун жүйесі сол ақуыздарды анықтап, оған қарсы антиденелер жасауды үйренеді.

Вакцинаның қай түрі болсын қатаң тексеруден өтеді. Мысалы, Pfizer-BioNTech жасаған вакцина шамамен 44 мың адам қатысқан клиникалық сынақтан өтті, қатысушылардың жартысы вакцинаны, қалғаны плацебоны қабылдады. Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер сапасын санитариялық қадағалау басқармасынан (FDA) вакцинаны шұғыл пайдалануға рұқсат алу үшін өндірушілер вакцинациядан кейін қатысушылардың кем дегенде жартысын кемінде екі ай бойы қадағалап отырды. 

Осы вакцинаға қатысты деректерге талдау жүргізген FDA 16 жастан асқан адамдар үшін вакцинаны қолдануға қатысты қандай да бір проблемалар анықтаған жоқ.

Дегенмен вакциналарды бақылау жұмыстары жалғасады. Қас-қағым сәтте басталып кеткен пандемия салдарынан вакциналар әдеттегіге қарағанда тез жасалу үстінде. Сондықтан вакцинаны шұғыл қолдануға берілген рұқсат клиникалық зерттеулердің аяқталғанын білдірмейді. Мысалы, Pfizer компаниясы қатысушыларды әлі 2 жыл бойы бақылауда ұстайды. Бұл қауіпсіздіктің басқа да мәселелерін және вакцина ұсынған қорғаныс қаншалықты сақталатынын анықтау үшін қажет. Вакцинаға сақтықпен қарап, дәрі-дәрмекпен жазылып кетуді қолай көретіндер де аз емес.

Жыл бұрын басталған індет жайлы қазір көп мағлұмат бар. Әуелгіде абдырап қалған дәрігерлер қазір тәуекел факторларын, әртүрлі науқастарды өлімнен құтқару үшін қалай емдеу керектігін біледі. Осының арқасында бүкіл әлемде өлім-жітім азайды. Ақпарат неғұрлым көп болған сайын вирустың бетін қайтару соғұрлым оңай болмақ. Ал вакцинация уақытты шегеруге, уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Өйткені қандай да бір дәрі вирусты емдейтінін дәлелдеу үшін ғалымдарға уақыт керек. Осы мақсатта клиникалық сынақ жүргізіледі. Мысалы, Бразилияда Азитромицин сынағына мыңдаған адам қатысып, бұл препарат вирусты емдемейтіні, оған қарсы мүлде әсері жоқтығы дәлелденді. Сондықтан бәлкім жарты жыл, бір жылдан кейін вирусқа қарсы қандай дәрі-дәрмекті қолдануға болатынын білетін шығармыз. Бірақ вирустың емін іздеу вакцинациямен қатар жүруге тиіс. Өйткені емнің бәрі екпеде.

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!