Фото:aigak.kz

1 қарашада Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны аяқталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы хабарлады.

1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында әр азамат өз елдімекені шегінде емхананы таңдауға немесе ауыстыруға мүмкіндігі бар. Өтінішті келесі жолдармен беруге болады:

  • eGov.kz порталы арқылы (онлайн, 1 жұмыс күні ішінде қаралады);
  • таңдалған емханада жеке өтініш беру арқылы.

Маңызды: бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер емхананы ауыстыруды жоспарламасаңыз, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Жаңа емхана медициналық көмекті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетеді (Қормен келісімшарт болған жағдайда).

Ұсыныстар:

  • Барлық отбасы мүшелерін бір дәрігерге тіркеу сапалы бақылауды қамтамасыз етеді.
  • Үйде медициналық көмек көрсетілу үшін емхананы тұрғылықты жерге жақын (жаяу 15–20 минут) таңдаған жөн.

Бекітуден бас тарту себептері:

  • өтініштегі дұрыс емес деректер;
  • басқа елдімекенде тұру;
  • емханада тіркелгендер санының шектен асуы;
  • баланы тіркеуге қажетті құжаттардың болмауы.

Емхананы науқаннан тыс та ауыстыруға болады: жылына бір рет еркін таңдау құқығымен, сондай-ақ тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын өзгерткенде немесе бұрынғы емхана жабылған жағдайда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!