Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комиетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Pfizer вакцинасы қазақстандықтардың кейбір санаты үшін ақылы болатыны туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешегі өткен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын адамдар контингентін кеңейту туралы шешім қабылданғаны хабарланған болатын. Осы мәліметтің негізінде әлеуметтік желіде Pfizer вакцинасы ақылы негізде салынатыны туралы ақпараттар тарады. Ержан Байтанаевтың айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясына қарсы ақылы вакциналау мүлде атымен жоқ. Сондықтан, Pfizer вакцинасы ақылы болады деген ақпараттың жалған екенін түсіну керек. Вакцина алуға жататын кез келген адам кез келген вакциналау бекетіне немесе емханаға барып, Pfizer вакцинасын салғыза алады», – деді комитеттің ресми өкілі.

Сондай-ақ, ол Pfizer вакцинасын алуға құқылы азаматтардың санаты қалай кеңейтілгенін түсіндірді.

«Егер бұған дейін коронавирусқа қарсы вакцина алып көрмеген болсаңыз, Pfizer -дің бірінші және екінші дозасын алуыңызға болады. Ал бұған дейін басқа вакцина алып қойған болсаңыз, ревакцинацияға Pfizer -ді қабылдай аласыз. Шетелден Pfizer -дің алғашқы дозасын алып қойған болсаңыз, Қазақстанда қалған дозасын салғызуыңызға болады. Шетелге шығу қажет болса, онда да Pfizer -ді қабылдауыңызға болады. Демек Қазақстан аумағында Pfizer вакцинасын салғызу бойынша ешбір шектеу жоқ. Елімізде коронавирусқа қарсы белгіленген вакцинаның толық қоры бар. Pfizer бойынша да тапшылық жоқ», – деді Ержан Байтанаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!