фото: ашық дереккөз

Медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау жүріп жатыр. Бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құрылуда, емделушілерге ыңғайлы болу және медицина қызметкері жұмысының тиімділігі үшін жаңа тәсілдер енгізіледі. Бұл туралы  Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлайды.

Қазірдің өзінде медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу бойынша пилоттық тестілеу жүргізілуде. Сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтаудың негізі болатын Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы қалыптастырылды.

Дәрілік заттардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілді. «Әлеуметтік әмиян» қызметі арқылы науқастар 1,7 млн электронды рецепт бойынша дәрі-дәрмек алды, енді бұл жоба барлық мемлекеттік медициналық мекемелерді қамтиды.

Сонымен қатар анықтамалардың сегіз түрі, соның ішінде еңбекке жарамсыздық парағы мен медициналық кітапшалар электронды форматқа ауыстырылуда, бұл емделушілер мен дәрігерлердің уақытын айтарлықтай үнемдейді.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар жаңа ауруханалар салудан бастап, медициналық көмекті қолжетімді, сапалы әрі заманауи ететін цифрлық шешімдерге дейінгі денсаулық сақтау саласының жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!