Онкологиялық ауруларды жаңаша тәсілдермен емдеп, радиацияны медицинаның игілігіне пайдаланып жүрген жас физик. Шетелде білімі мен біліктілігін шыңдап, Ресейдің белгілі ядролық физигі, құрметіне химиялық элементтер кестесінен аты аталған әйгілі ғалым Юрий Оганесяннан тәлім алған маман. Бүгінде томотерапия бөлімінде қызмет етіп, ондағы күрделі математикалық есептеуден тұратын жұмыспен айналысып, өз кезегінде физиканың медицинаға беретін әлеуетін арттырып, адамзат пайдасы үшін адал еңбек етуді мақсат тұтатын жас ісмер, тарихы терең Қазалының тумасы Ернар Орда жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
– Ернар Мақсұтұлы, ең алдымен өзіңіз жайлы әңгіме өрбітсек…

– Отбасында анам, екі әпкем, бір қарындасым және келіншегім екеуіміз тұрамыз. Марқұм әкем Мақсут Ерімбетов деген кісі. Ол өз заманында ауданға танымал тұлға, интеллекті жоғары, өте сауатты әрі бала тәрбиесінде ұстанымы мен бағыт-бағдар бере білді.Сегізінші сыныпта облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына оқуға аттандым. Отбасында жалғыз ұл болдым. Әкем қимастығына қарамастан сонда білім нәрін сусындауға жіберген. Әрине, оның барлығы менің болашағым үшін жасалған әкемнің батыл қадамы деп білемін. Марқұм әжем оған «жалғыз ұлды неге жібересің» деп ұрысып та алатын. Сөйтіп, мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына тапсырдым. Студенттік өмірді сүріп жүріп, Ресейге әлемдік үздік зерттеу орталықтарының бірі болып саналатын «Біріккен ядролық зерртеулер институтына» оқуға тапсырып, Дубна қаласында білім алдым. Сол жақтан көп бағдарламалар жайлы біліп АҚШ-қа да барып қайтуды көздедім. Айта кетейін, отбасымызда шетелде дәріс алған жалғыз мен емес. 2007 жылы әпкем де АҚШ-қа барып, сонда мол тәжірибе жинап келген.Мектеп қабырғасынан физика саласына, яғни ядролық физика бағытына барғым келді. Онда мені еліткені шексіз энергия және оны алудың жолдары сутегі энергиясы. Сол уақытта бала қиялым болды. Осы энергияға қол жеткізсем, термоядролық синтезді жасай алсам деген. Әрине оның барлығы фундаменталды ғылым, бірақ солардың барлығын қорыта келе, оның практикалық қолдану жөнін, басқа да қырларын уйренуге тырыстым. Ал соның бірі – медициналық физика болып табылады. Діттегеніме жетіп, бүгінде сол салада қызмет етіп келемін.Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «ҮМІТ» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығында жұмыс істеймін. Алғашында магистратураны тәмамдаған соң, сан түрлі іріктеуден өтіп, орталыққа жұмысқа тұрдым. Жалпы ядро мен медициналық физика аз ғана ұқсастығы болғанымен, екі түрлі сала. Сондықтан білімімді жетілдіру үшін халықаралық екінші тәжірибем ретінде Индия елінің Дели қаласында орналасқан «Меданта» халықаралық клиникасында екі апта тәлім алдым. Онан соң, тиісті аппаратпен жұмыс жасау үшін, екінші мәрте АҚШ-қа томотерапия құрылғысын өндіруші «Аккюрей» компаниясының зауытына барып, құрылғының жасалу жолымен танысып қайттым. Білімнің ешқашан шегіне жету мүмкін емес. Сол себепті әлі күнге дейін, жер жаһанның түкпір-түкпіріне барып, арнайы курстар мен ғылыми конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасып, маңызды ақпаратты түйіп келеміз. Жуырда ғана Венгрия астанасы Будапешт қаласында болған, ауқымды конференцияда да болдым.Бүгінде онкологиялық ауруға шалдыққан жандарды емдеуге дәрігерлер доза тағайындаса, мен сол дозаның жеткізу жолдарымен айналысамын. Негізі дәрігер науқасқа доза тағайындау барысында кішкене ғана мөлшерде артық немесе кем болса, ол науқастың өміріне қауіп төндіреді. Сондай олқылықтың алдын-алу мақсатында физиктер, яғни біз жеткізу ісімен айналысамыз. Олар күрделі математикалық есептеу жолдары мен томотерапия аппараты арқылы жүзеге асырылады. Сол арқылы тиісті дозаны жеткіземіз десек те болады.

– Шетелде дәріс алу барысында болған қызықты да қиын сәтіңізді бөліссеңіз…

– Онда ең бірінші өзге елден келген азаматтар үшін қиыны, әрине ол – тіл. Мен де тіл білу мәселесімен бетпе-бет келдім. Қазақта «адам баласы үш күннен соң тозаққа да үйренісіп кетеді» деген сөз бар ғой. Расымен, кейін келе сол елдің тыныс-тіршілігі мен ағымына ілестік. Мені бір таңғалдырғаны американдықтардың менталитеті мен қарым-қатынасы. Олар еркін, әрі ессіз десек болады. Яғни, алдына қандай мақсат қойса, оған жету жолында бәрін құрбан етуге дайын.Ал қызықты сәтімді айтар болсам, сонда жұмыс жасап жүріп, жалға пәтер алғанбыз. Сөйтіп, бір аптадан соң, пәтерімізді өрт шалды. Тілсіз жаумен арпалысамын деп жүріп, қолымды күйдіріп алдым. Тиісінше жедел-жәрдем шақырып, мені ауруханаға алып бара жатқанда, ауруды сезбес үшін морфин салған. Оның әсерінен діттеген жерге жеткенге дейін неше түрліні айтыппын. Жеткен соң, бір күндік ем-домын алып, ауруханадан шықтым. Осы орайда айта кететіні, АҚШ-тың ең үлкен бір олқылығы десем де болады. Ондағы медициналық көмек пен ауруханада ем алу ақысы өте қымбат. Мен ауруханадан шыққаннан кейін, бір күндік емге арнайы түбіртек келді. Оның ішінде емделу ақысы жазылған екен. Сондағы бір күн ем мен морфиннің құны 10 мың АҚШ доллары болып шықты. Алайда мен онда студент болып барғаннан кейін, жеңілдікпен 700-800 долларға арзандады. Ол да сол уақыттағы нарықпен аз ақша емес еді. Қуанышқа орай сонда мекендеген қазақ бауырларымыз көмек етіп, емнің тиісті соммасын төлеп тастадық. Жалпы қазақтың бауырластығы бір төбе. Сол сәтте қол ұшын созған жандарға алғысым шексіз. Сөйтіп, АҚШ-тағы 4 ай уақытым қызықты сәттерге толы өтті. Елге оралғаннан кейін, мен тек қалта жайынан ғана емес, рухтық, мотивациялық жағынан да байып келдім десем болады.Жас буынға айтарым, шетелге бару мүмкіндігі туса қалыс қалмаңыздар. Ол жақта сіз бен біздің үйренеріміз көп.

– Ернардың осындай дәрежеге жетуіне кім немесе не себеп болды?

– Кейбір қазақ отбасында, бала мен әке арасындағы қарым-қатынас өте суық деп айтсақ қателеспейміз. Ал, менде бәрі керісінше. Уақытында әкеммен етене араласып, кез келген мәселені ашық түрде талқылай беретінбіз. Яғни, ол менің өмірімдегі ең алғашқы да, адал да досым болды десем артық айтқандық емес. Жалпы әкелік міндеті ретінде, қайсы біріміздің болмасын, жоғары дәрежелі білім алып, жақсы маман атануымыз жолында аянбай тер төкті. Әлі күнге дейін есімде, алғашқы сұрағыңызда айтқандай 2007 жылы әпкемнің АҚШ-қа барып, ел мен жерді көріп, сондағы ілім-білімді бойына сіңіру үшін несие алып, барлық мүмкіндікті жасаған. Сол жылдары әпкем аудан бойынша ең алғашқылардың бірі болып сапарлап қайтқан. Ол кезде әлеуметтік желі дамымаған. Әжем қаршадай қыздың шетелге жалғыз кеткенін құптамай, оны үнемі сұрап отыратын. Қуанышымызға орай Қазалы қаласында тұратын әкемнің досының үйінде мейл поштасы арқылы хат жолдап, келген хатты қағазға басып алатын мүмкіндік болды. Шетелден хат келісімен оны шығарып, ең бірінші әжеме оқытатынбыз. Сол кісінің көңілі орнығып, жаны тынышталсын деп. Кейін келе мағанда шетелге сапарлаудың сәті түскен.Менің өмірімдегі тағы бір өзіндік ойып тұрып орны бар бір кісі ол марқұм Абдулла Сапар деген ұстазым болды. Ол кісі менен бір ерекшелікті байқады ма, әйтеуір өзіне жақын тартты. Ағалық ақылын, ұстаздық тәлімін берді. Түрлі олимпиадаларға қатыстырып, географиялық бағытқа зейінімді ашқан бірден бір жан болатын.

– Жалпы елде көптеген жас буын мұхит асып, жер жаһанды көруді армандайды. Сол арманға жетіп, қажетті білімді бойға сіңіріп жатады. Бірақ, батыстың сұлулығына тамсанып, сонда біржола қалуды мақсат ететіндерге не айтасыз?

– Әрине, батыстың сұлулығы елітері сөзсіз. Осы орайда жас буынның мұхит асуды армандауы дұрыс және оны іске асыруға тырысқаны да дұрыс. Елде болашақ және стипендиялық бағдарламалар өте көп. Оны ізденген жан табады.Діттегеніне жеткен соң, еліп, қалып қоятындары бар келісемін. Бірақ сол үшін бізде өкініш болмауы керек. Себебі ол адам ертелі-кеш туған жерді сағынып болса да келеді. Біз қазақ болып туғаннан кейін, ел, жер, ағайын-туыспен қарым-қатынасты ешқашан үзбегенбіз және үзбеймізде.

– Егер сізге тұтастай бір елдің оқу жүйесін ауыстыру, яғни өзгерту мүмкіндігі туса, не істер едіңіз?

– Әлемге әйгілі ойшыл, пәлсапашы, математик Әбу Насыр әл Фараби айтып кеткен ғой «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас-жауы» деп. Бұған мысал Ресей ғалымы Сахаровтың ойлап тапқан сутегі бомбасы. Ол өзінің көптеген жылдар бойы ізденіп тапқан туындысын, яғни сутегі бомбасының әлемге әкелген зардабына куә болғанда, қыруар сызбасы мен жобаларын жойып тастағысы келді. Алайда, ол үшін өте кеш болды. Бұл жерде не айтқым келді. Тәрибесіз, негізсіз білімнің екі ұшы болады. Біреуі пайдасы болса, екіншісі зияны. Жалпы сутегі энергиясы дегеніміз ол сутегін энергия. Өйткені бұл өте арзан деңгейдегі энергия. Бірақ оның технологиясы өте күрделі және қиын.Негізі бізге ең алдымен керегі менталитет, көзқарас, сауаттану мен интелектуал жетіспейді деп ойлаймын. Жалпы алғанда біз де әлі де қараңғылық бар. Ал, кереметтей оқу системасын ойлап табу мүмкін емес. Яғни кез келген мемлекеттің өзіндік білім-ғылымды дамыту системасы бар. Оның әрқайсысының орны ерек және әрқайсысының өзіндік нәтижесі бар. Сондықтан өзгеріс заман ағымына байланысты жайлап, тамырын жаймаса, оны аяқ асты ешкім өзгерте алмайды.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғысымыз шексіз.

Әңгімелескен Серік АҚМЫРЗА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!