Аман ТҰРСЫНОВ,
облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:
– Тәуелді адамды бірден-бір емдейтін маман кім?
– Бұл жерде әр дәрігердің өзіндік атқаратын міндеті болады. Дегенмен психологтардың кеңесі көп көмегін тигізіп жатады. Науқас қиналған кезде өзін қолдайтын жанды қадір тұтады. Бұл жерде де солай. Қаржылай емес, моральдық тұрғыдан көмек қолын созған адам қашанда ыстық. Тағы бір ескеретін жайт. Адам сау болуы үшін психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы шарт. Ал нашақорда психологиялық проблемалар болады, яғни оның жаны жаралы. Ол есірткіні мәселесін ұмыту үшін тұтынады. Бұл денсаулыққа зиян. Есірткіге тәуелді кез келген адам өзінің ауру екенін мойындамайды. Жоққа шығарады. Мотивация беру қиын. Оларды карьера, білім алу, спортпен шұғылдану қызықтырмайды. Өмірге деген құлшынысын ояту оңай емес.
– Құрсаудан шығудың жолы қандай?
– Есірткіден арылудың бірден-бір жолы – адамның өзіне деген сенімі. Күш-жігері, шешіміне, ниетіне байланысты. Егер науқас шынымен де есірткіден бас тартып, жаңа өмір бастаймын деген сенімі болса, онда ол мамандардың көмегі арқылы дерттен айыға алады. Бұл біздің практикада бар. Көп жыл есірткіге тәуелді болып, кейін дертінен айығып, кәсібін бастап, отбасын құрып, жаңа өмір бастағандар бар. Өкінішке қарай емдеу мекемесінен шыққаннан кейін бұрынғы әдетіне қайтадан әуестенетін науқастар болғаны жасырын емес. Тағы да айтайын, бұл ретте ең бірінші адамның күш-жігері үлкен рөл атқарады. Егер ол әлсіз болса, есірткіден бас тартып, емделіп кету екіталай.
– Орталықтың материалдық-техникалық базасына тоқталсаңыз. Қандай жаңа технологиялар келуде?
– Ұдайы жаңартылып отырады. Негізінен есірткіге тәуелді азаматтар психикалық көмекті қажет етеді. Өйткені медициналық, яғни дәрі-дәрмектердің көмегінен кейін ағзаны тазартқаннан кейін есірткіге тәуелді азаматтармен көп жағдайда психотерапевтер, психологтар, психиаторлар жұмыс істейді. Олар – есірткіден бас тартуына көмектесін бірден-бір мамандар. Негізінен есірткіден екі түрде емделеді. Біріншісі, медикаментті ем – оның ұзақтығы 3-4 ай. Одан кейін психиатор, психолог, психотерапевт мамандары жұмыс істейді. Әсіресе психологқа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені олар семинар, арнайы тест, басқаша әдіс-тәсілдер арқылы науқастың санасына әсер етуге тырысады. Орталық негізі екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші – наркологиялық стационар, келесісі – жүйке ауруына шалдыққан науқастарға арналған стационар. Наркологияға келер болсақ, ол жақта жеті бөлім бар.
– Оңай сала емес екені белгілі. Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?
– Аты айтып тұрғандай, тәуелді жандармен күрес қиын. Олардың санасымен арпалысу, ойын оқу, көмекке келу оңайға соқпасы анық. Жұмыс барысында науқастардың мінез-құлқы қиындық тудырады. Өйткені олар көбіне ата-анасының, жақындарының мәжбірлеуімен, талап етуімен келіп жатады.
– Есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмек беріле ме?
– Қазір метадоновая терапия әдісін қолданып жатырмыз. Ол – мемлекеттен берілетін препарат. Адам ағзасына еш зияны жоқ. Ұзақ уақыттан бері есірткіге тәуелді болған азаматтарға тегін беріледі. Бөлімде арнайы мамандар жұмыс істейді. Дәрілер арнайы есеппен алынады, сондай-ақ қатаң бақылауда. Қазір бұл емді қабылдайтын есепте тұрған 10-ға жуық науқас бар. Бір айта кетерлігі, емдеу мекемесіндегі науқастардың барлығы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
– Қазір қандай маңызды шаралар атқарылуда?
– Нашақорлық – отбасы үшін үлкен қасірет. Оны көріп жүрміз. Отбасында бір адам есірткіге тәуелді болатын болса, ол бүкіл отбасы мүшелеріне әсер етеді. Бізге емделуге науқастар келіп жатады. Оның артынан анасы, әйелі, балалары келіп, пациенттің жағдайына алаңдатушылық танытады. Күйзелісте жүреді. Коронавирус пандемиясының алдында психолог мамандар науқастардан бөлек сол науқастардың отбасы мүшелерімен жұмыс істейтін. Өйткені олардың өзіне психологиялық көмек қажет. Олардың өзі есірткіге тәуелді жақынынан әбден қажыған кісілер, психологиялық көмекке мұқтаж. Пандемия аяқталғаннан кейін де осы жұмысты қолға алу жоспарда бар.
– Синтетикалық есірткінің зияны туралы айтсаңыз. Оған әуестенудің соңы неге әкеп соғады?
– Синтетикалық есірткінің адам денсаулығына, психикасына кері әсері зор. Оны да емдеу қиын. Бұл кейінгі жылдары пайда болды, яғни 90 жылдардан бері қарай кең етек алды.Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі – каннабиноидтар, яғни спайс, басқаша айтқанда, «тұздар». Ол тәуелді етеді. Аталған есірткінің қауіптілігі адам ағзасын тез бұзып, оған бейімдейді. Спайс деп аталатын темекі қоспасының құрамына бірнеше шөптер, оның ішінде психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе, шалфей, көк лотос, гавайлық раушан гүлі. Кейіннен зерттеулер жүргізгенде ұнтақта қарасорада бар синтетикалық заттектер, каннабиноидтердің бірқатары табылған. Сондықтан адам өз-өзін жаттай күтіп, мұндай зиянды заттарға әуестенбегені абзал. Әсіресе, психологиясы енді ғана қалыптасып келе жатқан жастарды бұдан аулақ ұстауымыз қажет. Салауатты өмір салты – дені сау ұлттың, бақытты болашақтың кепілі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан:
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!