Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға

   Ғасыр тажалы есірткі жайлы сөз қозғалғанда жабырқап кетемін.Көз алдыма есірткіге құмар, тәуелді болған қатарластарымның, замандастарымның есірткіге елтіген күйлері көлбеңдеп келеді. Есірткі естерін алған жастар мен жасөспірімдерді үйрететін тәжірибелі нашақорлар. Біреулер үшін бұл табыс көзіне айналса, біреулер үшін есірткісіз өмірді елестету мүмкін болмақ емес. Ғасыр дерті есірткі біздің қоғамға қалай дендеп енді, қалай өзіне тәуелді етті, қалай адамзатты  құрығына түсірді?.. 

Бұл сұрақтардың жауабын қарастырар болсақ, талай қылмыстың беті ашылып, бұзылған некенің салдары, жетім    қалған балалардың көз жасы менаналардың зары, қыршыннан қиылған жас желкен тағдырлардың сепептері айқындалар еді. Есіркі – қолда барыңнан айыратын,   денсаулықтың қадірін кетіретін кесел дер едім.  Есірткіні қолданған жандардың денелері босап, өзгеше әлемге еніп, рахат, ләззат сезімін кешіргендей күйде болғанымен бірте- бірте тұңғиыққа батып бара жатқанын аңғармай да қалады. Есірткіге тәуелді адамдар, әсіресе, жастар өз өмірлеріне балта шабады. Бүгінгі күні жастар мен жасөспірімдерді  қызықтыратын орта аз, қала баласы түнгі клуб, би алаңдарына бас сұқса,ауыл баласы көше тоздырып, арақ-шарап ішуге ,шылым шегуге әуес. Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның себебі бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі, Көбіне ата –аналардың баламен әңгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін білуге, оның ортасы қандай, достары кім екенін анықтауға , жасөспірімнің бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппайтындығынан деп ойлаймын. Көбіне ауқатты отбасының балалары қарны тоқтықтан, істейтін іс жоқ болғандықтан нашақорлыққа, есірткі сатушыларға қосылғанын байқамайды да.Осы орайда «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген ұлы Абайдың дана сөзі еріксіз еске түседі.      

               Нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді, бұл дендеген дертпен қоғам болып күресуіміз керек. Бұл жерде заңгерлер, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер, әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен жұдырықтай жұмылып күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің- өз қолыңда. Өмір- өмірді сүру үшін берілетінін ұмытпағанымыз абзал.Мектеп жасындағы жеткіншектерге көбірек үгіт – насихат жұмыстарын жүргізіп, бейнеүзіктер мен фильмер көрсету арқылы ғана шектеліп келеміз. Саламатты Қазақстанның салауатты, білімді ұрпақтарын тәрбиелеуде  барлығымызға жүктелген жауапкершіліктін салмағы ауыр болмақ.

Біз оны жете түсінгенде ғана әр білім шаңырағы шәкірттерін, әр отбасы шаңырақтың шаттығы –  балаларын, қоғам мемлекеттің басты байлығы- азаматтарын ажалға апаратын , есті алып, еліктірген, мәңгүрт күйге түсірген есірткіні ауыздықтар еді. Қорыта келе өз ойымды жүрекжарды өлең шумақтарыммен аяқтауды жөн көрдім.

Ғасыр дерті,қоғам дерті- есірткі,

Жастарымның есін алып елітті.

Жанұяның шырқын бұзды ұйыған,

Қылмыскер қып түрмелерге тоғытты.

 Жас баланы ата- анадан айырды,

Жаралы жан, зардап шегіп қайғырды.

Нашақорлық- қоғам дерті жайлаған,

Еркінен тыс тәуелді етті ұл-қызды.

Бірігейік,  күресейік тажалмен,

Алға басып асыл, асқар арманмен.

Есірткіге жол жоқ бізде, барайық,

Болашаққа салауатты қоғаммен!..

Еркежан Амангелді,

№15 М.Дүйсенов атындағы мектеп- лицейінің

оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!