Бүйрек тасы — Қазақстан тұрғындары арасында жиі кездесетін урологиялық аурулардың бірі. Бұл дерттің туындауына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі — тамақтану тәртібі, атап айтқанда, ет пен сүт өнімдерін шамадан тыс тұтыну, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы «СМ-Клиника» урологы Гурген Мартиросян айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, бұл өнімдер көп өңірдің тұрғындарының рационында жиі кездеседі. Алайда, оларды артық пайдалану — әсіресе ағзаның сусыздануы немесе жасұнық жетіспеушілігі жағдайында — бүйректе тас түзілуіне себеп болуы мүмкін.
Ет пен сүт тағамдары (стейк, қуырылған тауық, ішек-қарын, жұмыртқа, ірімшік, сүт) жануар майларына бай. Ағзада олар пуриндерге айналады, ал пуриндерден несеп қышқылы түзіледі. Бұл қышқыл бүйрекке зиян келтіріп, бүйрек тасының пайда болуына түрткі болады.
Уролог әсіресе ер адамдарға сақ болуға кеңес береді. Қызыл ет пен протеин коктейлдерін көп пайдалану — ағзада несеп қышқылының жиналуына, ал бұл өз кезегінде бүйрек қызметінің бұзылуына алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар, кальцийдің сіңуіне байланысты қиындықтары бар немесе ішек қабынуымен ауыратын адамдар үшін де қауіп жоғары. Майлы, калориясы көп тағамдар кальций алмасуын бұзып, зәрде оның мөлшері артып, нәтижесінде оксалат тастары пайда болуы ықтимал.
Мартиросян сүт өнімдерінен толықтай бас тартуға болмайтынын айтады. Себебі ағзадағы кальций жетіспеушілігі сүйек әлсіздігіне, остеопорозға және артритке әкелуі мүмкін. Оның орнына жастағы ерекшелікке қарай сүт өнімдерінің мөлшерін сақтау қажет:
- Жасөспірімдерге – 1300 мг,
- 19–50 жас аралығында – 1000 мг,
- 50 жастан асқандарға – 1200 мг кальций.
Уролог күнделікті тамақ рационына көкөністер, бұршақ тұқымдастар, кебек, маусымдық жидектер (қарақат, бүлдірген, құлпынай), цитрус жемістері сияқты өсімдік текті өнімдерді қосуды ұсынады. Олардың құрамындағы фитаттар кальцийдің оксалаттармен байланысып, тас түзуіне кедергі жасайды. Сонымен бірге теңіз балығы (лосось, форель, скумбрия) мен жаңғақтардағы омега-3 май қышқылдары ағзаға оңай сіңіп, бүйрекке де, жалпы денсаулыққа да пайдалы.
Ал стейк, ішек-қарын өнімдері, сары май мен ашытқылы нан-тоқаштар сияқты майлы тағамдарды шектеу — урологтар ұсынатын басты кеңестердің бірі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!