Еl.kz. Жүктілік – әйел өміріндегі ең маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі. Болашақ ананың ағзасында ұрықтың дұрыс дамуына қажетті көптеген биологиялық өзгерістер жүреді.
Осы процестердің сау әрі табиғи өтуі көбіне дұрыс тамақтану мен витаминдік қолдауға байланысты. Солардың ішінде ерекше орын алатын – фолий қышқылы. Бұл қарапайым көрінетін дәруменнің жетіспеушілігі ұрықта ауыр туа біткен кемістіктердің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Ал жеткілікті мөлшерде қабылданса – баланың жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына кепіл болады.

Бүгін біз осы маңызды тақырыпты тереңірек талқылау үшін тәжірибелі гинеколог Рая Көптлеуовамен сұхбаттастық. Фолий қышқылы не үшін қажет? Қашан және қанша мөлшерде қабылдау керек? Тағам арқылы алу жеткілікті ме? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға нақты, ғылыми әрі түсінікті жауаптар іздедік.
— Фолий қышқылы жүктілік кезінде не үшін соншалық маңызды екенін түсіндіріп өтсеңіз.
— Фолий қышқылы — бұл В9 дәруменінің синтетикалық нұсқасы, ал табиғи түрі фолат деп аталады. Бұл дәрумен ағзадағы барлық жасушалардың өсуі мен көбеюіне қатысады. Әсіресе, жүктілік кезінде оның маңызы ерекше, өйткені дәл осы кезеңде ағзада жасушалар өте белсенді түрде бөлініп, жаңа тіндер мен органдар түзіледі.
Фолий қышқылы ұрықтың орталық жүйке жүйесінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Жүктіліктің ең алғашқы апталарында ұрықта жүйке түтігі деп аталатын құрылым түзіледі, бұл кейіннен баланың миы мен жұлын омыртқасына айналады. Егер бұл кезеңде ананың ағзасында фолий қышқылы жеткіліксіз болса, жүйке түтігінің дамуы бұзылып, ауыр әрі қайтымсыз туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл дәруменге жүктілікке дейін де, жүктілік кезінде де ерекше мән беріледі.
— Жүйке түтігінің кемістіктері туралы нақтырақ айтып берсеңіз...
— Ең жиі кездесетін ақаулардың бірі — спина бифида (омыртқа жарығы). Бұл жағдайда омыртқа жотасы толық жабылмай, жұлын мен жүйке талшықтары зақымданады. Мұндай балалар арбаға таңылуы, арнайы корсеттер киіп жүруі, өмір бойы оңалтудан өтуі мүмкін.
Тағы бір ауыр кемістік — анэнцефалия. Бұл кезде ми тіндері мүлде дамымай қалады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бала өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермейді — нәрестелердің көпшілігі өлі туады немесе бірнеше сағат, күн ішінде шетінеп кетеді.
Сирек кездесетін, бірақ өте күрделі кемістік — энцефалоцеле. Мұнда баланың миының бір бөлігі бас сүйектің сыртында орналасады. Бұл жағдай хирургиялық емдеуді талап етеді, бірақ баланың дамуына ұзақ мерзімді әсер қалдыруы мүмкін.

— Бұл кемістіктер жүктіліктің қай кезеңінде пайда болады?
— Жүйке түтігінің түзілуі жүктіліктің алғашқы 28 күнінде жүреді, яғни көп жағдайда әйел өзінің жүкті екенін әлі білмей жүрген кезде. Бұл дегеніміз — фолий қышқылының рөлі жүктілік анықталған сәттен бастап емес, одан бұрын — жоспарлау кезеңінен басталуы тиіс деген сөз. Сондықтан қазіргі заманғы медицинада фолий қышқылын қабылдауды жүктілікке дейін 2–3 ай бұрын бастауды ұсынады.
— Күнделікті қандай мөлшер ұсынылады?
— Жалпы ұсынылатын доза — күніне 400 микрограмм. Бұл — егер әйелдің денсаулығы жақсы, ешқандай қауіп факторлары болмаса. Бірақ егер ана бұған дейін жүйке түтігінің ақауымен бала босанған болса, немесе белгілі бір генетикалық тәуекелдер анықталған болса, фолий қышқылының мөлшері дәрігер кеңесімен 4–5 миллиграммға дейін арттырылуы мүмкін. Бұл өте жоғары доза болғандықтан, оны тек дәрігер бақылауымен ғана қабылдау қажет.
— Бұл дәруменді тағамнан алу мүмкін бе?
— Фолий қышқылының табиғи түрі — фолат — тағамдарда кездеседі. Мысалы, шпинат, салат, аскөк, брокколи, бауыр, жұмыртқа, цитрустық жемістер, бұршақ тұқымдастар мен жаңғақтарда фолат мөлшері жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, бұл тағамдарды термиялық өңдеу кезінде фолаттың 50%-ға жуығы бұзылып кетеді. Сонымен қатар, тағамдағы фолаттың сіңімділігі де төмендеу. Сондықтан жүктілік кезінде қажеттілікті тек тамақ арқылы жабу — тәуекел. Сол себепті фолий қышқылын дәрілік немесе витаминдік кешен түрінде қабылдау ұсынылады.
— Фолий қышқылын бәріне бірдей ішуге бола ма, әлде қарсы көрсетілімдері бар ма?
— Көп жағдайда фолий қышқылы қауіпсіз болып есептеледі. Бірақ сирек болса да, кейбір адамдарда аллергиялық реакциялар немесе ас қорыту жүйесі жағынан жағымсыз белгілер байқалуы мүмкін — мысалы, жүрек айнуы, іш кебуі, бас ауруы немесе ұйқының бұзылуы. Сонымен қатар, артық дозаланған жағдайда, фолий қышқылы ағзада В12 дәруменінің жетіспеушілігін «жасырып» қоюы мүмкін. Сондықтан фолий қышқылын қабылдағанда дәрігердің кеңесінсіз өз бетінше мөлшерін арттырмау өте маңызды.

— Фолий қышқылынан басқа қандай дәрумендер жүкті әйелдерге қажет?
— Жүктілік — ағза үшін үлкен жүктеме. Сондықтан көптеген дәрумендер мен минералдарға қажеттілік артады. Ең маңыздысы — темір, кальций, йод, D дәрумені, Омега-3 және кей жағдайларда магний мен В6. Темір — анемияның алдын алады. Йод — ұрықтың миының дамуы мен ана метаболизмінің тұрақтылығы үшін қажет. D дәрумені мен кальций — сүйектер мен тістердің қалыптасуына әсер етеді. Омега-3 май қышқылдары — ұрықтың мидың және көздің дамуына тікелей әсер етеді.
— Бұл дәрумендерді бір кешен түрінде қабылдауға бола ма?
— Иә, қазіргі уақытта пренаталдық мультивитаминдер кең қолданыста. Бірақ олардың құрамына да мән беру қажет. Мысалы, кейбір минералдар бір-бірінің сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін (мысалы, кальций мен темір). Сол себепті витаминдерді бөлек қабылдау қажет болатын жағдайлар да бар. Ең дұрысы — дәрігерге жүгініп, жеке қажеттілікке сай кешен таңдау.
— Жүктілікті жоспарламай көтеріп қойған жағдайда не істеу керек?
— Мұндай жағдайларда фолий қышқылын мүмкіндігінше ертерек — жүктілік анықталған бойда — қабылдауды бастау қажет. Жүктіліктің 12-аптасына дейін бұл дәрумен жүйке жүйесінің қалыптасуына, плацентаның дамуына, ұрықтың тіршілігіне шешуші рөл атқарады. Егер әйел фолий қышқылын мүлде қабылдамаған болса да, кеш емес — бұл дәруменнің басқа да пайдалы әсерлері бар, олар жүктіліктің кейінгі кезеңінде де маңызды.
— Фолий қышқылын қабылдау арқылы тек жүйке жүйесін қорғап қана қоймай, басқа қандай пайдасы бар?
— Бұл дәрумен тек баланың ғана емес, ананың денсаулығы үшін де маңызды. Ол анемияның алдын алады, қан түзілуге, иммундық жүйеге, жасушалардың қалпына келуіне, тіпті жүктілік уыттылығының жеңіл өтуіне әсер етеді. Кейбір зерттеулер фолий қышқылын жеткілікті қабылдаған аналардың нәрестелерінде ауыз-жақ кемістіктері аз кездесетінін, сөйлеу қабілетінің жақсы дамитынын көрсеткен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!