Тengrinews.kz. Қуырылған, тұзсыз жержаңғақты қабығымен жеу егде жастағы адамдардың ми қызметін және есте сақтау қабілетін жақсартады. Нидерландтағы Маастрихт университетінің медицина орталығы жанындағы Тамақтану және метаболизмді трансляциялық зерттеу институтының ғалымдары осындай қорытынды жасады, – деп хабарлайды Газета.Ru.

Зерттеуге 60 пен 75 жас аралығындағы 31 денсаулығы тұрақты адам қатысқан. 16 апта бойы қатысушылар күн сайын 60 грамм (яғни шамамен екі порция) жержаңғақ жеп отырған. Эксперимент қорытындысы бойынша, олардың ми қан айналымы 3,6 пайызға артқан, ал вербалды жад көрсеткіші 5,8 пайызға жақсарған.

«Ми қан айналымы когнитивті денсаулықты сақтау үшін қажетті оттегі мен қоректік заттарды жеткізетін қан мөлшерін көрсетеді», – деп түсіндірді зерттеу авторы, Маастрихт университетінің тамақтану және қозғалыс ғылымдары кафедрасының доценті Питер Йорис.

Сондай-ақ, ғалымдар қан айналымының жад пен ойлауға жауапты маңдай және самай бөлігіне жақсарғанын анықтады.

Жержаңғақтың құрамында өсімдік ақуызы, қан тамырларының саулығы үшін маңызды аргинин, сондай-ақ антиоксиданттық қасиетімен танымал қанықпаған майлар мен полифенолдар бар. Ал қабығында қосымша тағамдық талшықтар мен табиғи антиоксиданттар кездеседі.

Зерттеушілердің айтуынша, жас ұлғайған сайын мидың тамыр қызметі әлсірейді, бұл деменция қаупін арттырады. Сондықтан күн сайын аз мөлшерде жержаңғақ жеуді әдетке айналдырса, есейген сайын жадтың нашарлауының алдын алуға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!