Денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетудің сапасы көбінесе мейірбикелердің жұмысына байланысты бағаланады. Себебі, емдеу барысында мейірбикелер емделушілермен тығыз байланыста болады. Пациентпен сенімді қарым-қатынас орнату, емделушінің пікірін сыйлау, әрі науқас жайлы жеке ақпараттың құпиялылығы қамтамасыз етілуі тиіс. Облыста осы орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын бірнеше колледж бар. 9 мамандық бойынша білім береді.
‒ Қолданбалы бакалавриат бағдарламаны енгізу Жоғары колледж статусын алған 6 колледждің бірі ретінде 2014 жылдың қыркүйегінен Пилоттық жоба түрінде басталды. Алғаш рет, 2014-2015 оқу жылында 3,6 жыл оқу бағдарламасымен 21 студент, 2016-2017 оқу жылынан бастап 1,6 жыл жеделдетілген тәртіптегі оқу бағдарламасымен практикалық денсаулық сақтау саласында 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар мейіргерлер қатарынан 50 студент қабылданды. Біз облыстағы медициналық мекемелерді орта буын мамандармен 40 пайыз қамтуды межелеп отырмыз, – деді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің қолданбалы бакалавр бөлімінің жетекшісі Лаззат Байғабылова.
Жанат Әбдіқұлова – Қызылорда медициналық жоғары колледжінің түлегі. Еңбек жолын «Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан» бастады. Кейінгі жылдары Қызылорда заң колледжінде, облыстық қан орталығында мейірбике болып жұмыс істеді. Қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі болып істейді. Індетпен күресте аянбай еңбек етіп жүр. Тіпті айлап үйіне қайтпай, науқастарға ем-домын жасады.
‒ Жалпы, мейірбике ‒ ол кез келген аурухананың, емдеу орталығының жүрегі десек болады. Науқастың дертінен жазылып кетуі медициналық қызметтің сапасына байланысты. Сол қызметті негізінен мейірбикелер жүзеге асырады. Дәрі-дәрмегінен бөлек, жылы сөзімен, жылы шырайымен емін жасайды. Біздің мамандық мейірімділікті және жүректілікті қажет етеді деп ойлаймын. Індет үдеген уақытта қиналдық. Енді ондай жағдай қайталанбас үшін сақтық шараларына мән берсеңіздер, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі Жанат Әбдіқұлова.
‒ Бала кезімнен мейірбике болып, халыққа қызмет көрсетуді мақсат еткен едім. Жалпы, мейірбикелерге жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі өте салмақты. Дәрігердің берген нұсқаулығы мінсіз орындалғанда ғана науқас дертінен сауығып, денсаулығы жақсарады. Ем алушының ауруынан жазылуы 80 пайыз мейірбикенің біліктілігіне байланысты деп ойлаймын. Осыған орай, ұдайы білімді шыңдап, біліктілікті арттырып отыру негізгі рөл атқарады. Өткен жылы коронавирустық пандемияның ушыққан тұсында үй көрмей жұмыс жасадық. Абырой болғанда, көптеген азаматтардың сауығып кетуіне атсалыстық. Сындарлы сәтте мінсіз жұмыс жасаған әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Ең үлкен марапатым – «Шапағат» төс белгісі. Бұл төсбелгі ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес табысталды, – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі Құндызай Баянова.
мейірім маманы
Халықаралық деңгейде тойланатын мейірбикелер күнінің тарихына көз жүгіртсек, 1971 жылы Дүниежүзілік Медбикелер Кеңесінің ұйғарымымен бастау алып, содан бері Медбикелер күні деп аталып келеді. 12 мамыр – медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күні.
Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) тұңғыш рет мейірбикелер қызметін ұйымдастырған. Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күні денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді. Әлемнің 141 елінен мейірбикелер жиналып «Халықаралық Медбикелер Кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрғаннан кейін 12 мамыр – Дүниежүзілік мейрам мәртебесіне ие болды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін біздің елімізде де 12 мамыр – мейірбикелер күні болып ресми түрде тіркелді. Мереке күні халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өмірі мен қызметі жайлы сыр шертуді жөн көрдік. Науқастарға қалтқысыз еңбек етіп жатқан мейірбикелер елдің түпкір-түпкірінде халыққа тәулік бойы қызмет етуге аянбай, елдің медицина саласына үлес қосып жүрген мамандар өте көп. Соның бірі – қазалылық Толғанай Жұмамұратова. Ол бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығында мейірбике болып жұмыс істейді.
Мейірбикенің қызметі ұшан теңіз. Ол дәрігер тағайындауын қадағалаумен қатар, науқастың тікелей денсаулығына жауапты. Себебі науқастың ем-домын уақытылы қабылдату медбике жауапкершілігінде. Сондай-ақ олар ақ халатты абзал жандардың айнымас серігіне айналып, науқастың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүр.
Толғанай Шакизадақызы – 1988 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. №97 орта мектепте білім алған. Қызылорда медициналық колледжінде мейірбике ісі мамандығында оқыды. Бозкөл ауылдық ауруханасында мейірбике болып жұміс істеген.
– Мейірбике болу ақ халат киіп, науқас жанына шипа іздеген адамдарға көмектесу – бала күнгі арманым. Қандай қиындық кездессе де мен өз мамандығымды тастамаймын. Себебі өз мамандығымды мақтан тұтамын. Бұл мамандық – менің қалауым. Қандай жағдай кездессе де көтеруге, шыдауға тырысамын. Мәселен, бізде науқастармен тіл табысу кезінде әрине қиындықтар кездеседі. Алайда науқастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу және жылы сөйлесу арқылы шешімін тауып жатамыз. Ауру адамға жылы сөздің өзі шипа. Сіздің берген дәріңіз немесе салған екпенізден гөрі “сіз мықтысыз, бұл ауруды жеңесіз, аяқтан тұрасыз” деген сөзді айтсаңыз, сізге жай сөз болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұның науқасқа тигізер пайдасы көп”, – дейді мейірбике.
Иә, науқас адамға сөзден артық шипа жоқ. Қиын жағдайды бастан өткеріп, “аяқтан тұра алам ба?” деген күмәннің өзін жылы сөздің сейілткен сәттері көп. Ал оны медицина қызметкерлері айтса басқа әңгіме. Себебі науқас дәрігер мен медбикенің айтқанын орындайды. Сөзіне ешқандай күмән келтірмейді.
“Біздің жұмысымыз – дәрігер тағайындауын уақытылы орындау. Дәрілерін ішкісі келмейтін науқастарға қалай әсер ететінін, дәрілерді уақытында қабылдаса денсаулығының жақсаратынын яғни бір сөзбен айтқанда науқастарға түсіндіреміз”, – дейді мейірбике әңгіме барысында.
Науқастарға күтім жасау оңай емес. Бір науқастың өзіне көп уақыт керек. Оларға ем-домнан бөлек, көңілін табуда үлкен жауапкершілік. Ал сол еңбектің бәрі еленіп, науқас ауруынан айықса, онда үлкен жетістікке қол жеткізді деп есептей беріңіз.
– Науқастарға күтім жасау науқастың жағдайына қарай жүргізіледі. Күніне бірнеше рет төсекті өзгертіп, киімдерін ауыстырып, тамақтандырамыз. Мені өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім, науқастардың жазылуы мені үнемі жігерлендіріп отырады, – дейді ол.
Бүгінде вакцина алғаш болып медицина қызметкерлеріне салынғаны белгілі. “Менде алғаш болып вакцина салдырғандардың бірімін. Қазіргі таңда қорқыныш білдіріп жатқандар көп. Өзіме де сан түрлі сауалдар келіп түседі. Медицина қызметкері емес, вакцина салдырған тұрғын ретінде қорқынышты сейілткім келеді. Бастапқыда ауыртпалықтың болатыны жасырын емес. Дегенмен де денсаулығыңызға кері әсер ететін тұсы жоқ. Есесіне вакцина әлемді жаулаған дерттен құтқарудың бірден-бір жолы”, – дейді мейірбике.
“Мейірбике көзі жоқтың көзі, аяғы жоқтың аяғы бола білу керек. Себебі олар науқастың қасында күні-түні жүреді. Ал жылына бір келетін мерекенің біз үшін ерекшелігі көп. Мәселе алғыста, құттықтауда емес қой. Дегенмен де көңіл күйіміз көтеріліп, мерекені сезініп жүретініміз рас”, – дейді Толғанай.
Жалпы медицина қызметкері болу адамға жылылық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандар көп болсын.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!