Дәрігер-терапевт, клиникалық фармаколог Аягөз Тұрсынбай аптап ыстықтан қалай қорғанған жөн және мұндай ауа райы қандай адамдарға аса қауіпті екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан синоптиктері 16-17 шілде күндері республиканың оңтүстік-батысында өте қатты ыстық – 39-44°С, 17 шілдеде орталықтың жекелеген аудандарында 40°С дейінгі өте қатты ыстық болатынын болжап отыр. Оңтүстікте 40-44°С, оңтүстік-шығыста 40-42°С, солтүстік өңірлерде 30-35°С, ал шығыста 35-38°С қатты ыстық күтіліп отыр. Осыған орай дәрігердің аптап ыстықтан қорғанудың жолдарын ұсынамыз.

Дәрігердің айтуынша, күн сәулесі адам өмірінде өте маңызға ие, жаз мезгілінде ағзаға қажетті D витамин қорын толықтырып алса болады.  

«Инфаркт пен инсульттің дамуына себепші»: аптап ыстықтан қалай қорғануға болады

«Ыстық күндерде сусыздану, қан қысымының көтерілуі, естен тану, миға қан құйылу туындауы мүмкін. Аптап ыстықта жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары бар адамдарға қауіпті. Қан қысымы жоғарылап, гипертониялық кризге, тіпті инсульт пен инфаркт дамуына себепші фактор болуы мүмкін. Күннің ең ыстық уақытында, яғни сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ашық аспан астында ұзақ уақыт болмаған жөн. Бұл уақыт аралығында ультракүлгін сәуленің әсері жоғары болады. Егер сыртқа шығу қажет болса, міндетті түрде бас киім киіп, күннен қорғайтын көзілдірік пен ашық түсті, жеңіл киімдер кию ұсынылады. Үй іші салқын болуы үшін ылғалдандырып сулы етіп едендерді жууға болады. Осы орайда кондиционерді шектен тыс қолданбауға кеңес беремін. Сусызданудың алдын алу үшін жиі-жиі таза су ішіп тұрған абзал. Жүрек қан-тамыр жүйесінің аурулары болса, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмекті уақытылы ішіп, күн астында көп жүрмеуге тырысу қажет», – дейді терапевт.

Ыстық күннің ағзаға әсері қандай?

  • Термореттелу жүйесінің бұзылуы;
  • Термен бірге көп мөлшерде су мен тұз жоғалту;
  • Қан қысымының көтерілуі;
  • Бас айналу, әлсіздік;
  • Жүрекке, миға, бүйрекке артық салмақ түсу.

Оның айтуынша, дене қызуы мен жалпы жағдайды бақылау өте маңызды.

«Ыстық өту белгілері – әлсіздік, бас айналу, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, естен тану сияқты симптомдар байқалса, дереу көлеңкеге немесе салқын жерге өтіп, су ішіп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Күн ыстықта ағза көп мөлшерде сұйықтық жоғалтады. Сондықтан суды жеткілікті мөлшерде – күніне кем дегенде 2-2,5 литр ішу қажет. Әлем елдерінің дәрігерлері газдалған, тәтті, кофеинді сусындардан бас тартуға кеңес береді, өйткені олар ағзаны одан әрі сусыздандыруы мүмкін», – деді Аягөз Тұрсынбай.

Ыстықтан болатын қауіп белгілері:

  • Қатты тершеңдік немесе керісінше – тердің тоқтауы;
  • Бас ауруы, бас айналу;
  • Жүрек соғысының жиілеуі;
  • Құрғақ ауыз, қатты шөлдеу;
  • Бұлшықет құрысуы;
  • Жүрек айну, құсу;
  • Тыныс алудың қиындауы;
  • Естен тану (ауыр жағдайда).

Дәрігердің айтуынша, тамақтану тәртібін де өзгерту маңызды.

«Майлы, қуырылған, ауыр тағамдардан бас тартып, рационға көкөністер, жеміс-жидек, салқын сорпа, айран сынды жеңіл, ағзаға пайдалы өнімдер енгізу керек. Бұл ас қорыту жүйесіне түсетін салмақты азайтып, дене температурасын қалыпты ұстауға ықпал етеді. Балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлу қажет. Олар ыстыққа аса сезімтал топқа жатады. Балалар жиі су ішпейді немесе шөлдегенін байқамай қалады. Қарт адамдарда тершеңдік азаяды, бұл ағзаның қызып кетуіне себеп болады. Сондықтан бұл жастағы азаматтардың бөлмесі салқын болуын, сұйықтықты жеткілікті қабылдауын, ашық ауада аз болуын қадағалау керек», – дейді маман.

Оның айтуынша, аптап ыстық – тек жайсыз ауа райы емес, денсаулық үшін нақты қауіп.

«Әлемдік медицина мамандары ұсынған бұл кеңестерді орындау арқылы күннің ыстығынан қорғанып, өзіңізді және жақындарыңызды түрлі тәуекелдерден қорғауға болады. Күн астына шыққан кезде SPF кремдерін қолданған дұрыс (30-дан төмен емес). Ол теріні ультрофиолеттен қорғауға көмектеседі, сол арқылы терінің күннен күйуінен сақтайды, және ерте әжім түсуінің алдын алады, пайда болатын кейбір дақтардан да сақтап қалады», – дейді Аягөз Болатқызы.

Сондай-ақ, клиникалық фармаколог дәрі қабылдап жүрген адамдарға қатысты кеңесін айтты.

«Кейбір дәрі-дәрмектер (мысалы, қан қысымын төмендететін немесе зәр айдайтын препараттар) ағзаның ыстыққа төтеп беру қабілетін төмендетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда дәрігермен кеңесіп, емдеу тәртібіне өзгеріс енгізу қажет болуы ықтимал», – деп түйіндеді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!