29 қазан – Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Бұл қауіпті дертті дер кезінде анықтап, ауыр салдарлардың алдын алу өте маңызды.
63 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны Қанат Ахметов (аты-жөні өзгертілген) екі рет инсульт алған. Екінші реттен кейін оған ұйқы артериясына стент орнату отаны жасады, бұл қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Алты айдан кейін, стент толық бейімделген соң, пациент бақылау мақсатында МРТ-ға жолдама алды.
− Мерейтойдан кейін қан қысымым 250-ге дейін көтерілді. Жедел жәрдем ишемиялық инсульт деп диагноз қойды. Стационарда ұйқы артериясының қатты тарылғаны анықталды, стент орнатты. Қазір бақылау мақсатында МРТ-дан өтіп жатырмын. Жыл сайын МӘМС аясында КТ және МРТ тексерулерінен өтемін, – дейді пациент.
Инсульт алған пациенттерге бастапқы медициналық көмек МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Стационарда зақымдану ошақтарын анықтау үшін КТ жасалады. Ал әрі қарайғы ем мен оңалту шаралары МӘМС аясында жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, инсульттің алдын алу және оны уақытылы анықтау үшін «сақтандырылған» болу өте маңызды
– Кейбір пациенттер инсульттің белгілерін МРТ арқылы анықтауға болады деп қателеседі. Оны алдын ала болжау мүмкін емес. Егер адам гипертония бойынша диспансерлік есепте тұрса, жыл сайын скрининг аясында мойын тамырларының УДЗ-дан өтуі қажет. Дәл осы зерттеу инсульт қаупін уақытылы анықтауға мүмкіндік береді, – деді «ALEXEY SULTAN-AKHMET» ЖШС директорының орынбасары Қуанышбек Алмагамбетов.
Дәрігерлер профилактикалық ережелерді сақтауды ұсынады: артериялық қысымды бақылау, кардиологқа уақтылы бару, жоспарлы скринингтен өту. Сондай-ақ темекі мен алкогольден бас тарту, зиянды тағамдарды шектеу және күнделікті өмірге дене белсенділігін енгізу маңызды.
Айгүл Аханова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!