Торонто балалар ауруханасының ғалымдары баланың денсаулығы үшін ит асыраудың маңызын атады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Доктор Питерге» сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, үй жануары қауіпті аурулардың алдын алып, тыныс алу жүйесін нығайтады. 

Көп жағдайда балалар күшікті асырағысы келеді, ал ата-аналар жауапкершілік ауыр болады деп келісе бермейді. Алайда Торонто балалар ауруханасының ғалымдары жүргізген зерттеу ата-аналарға ой салатын жаңа дәлел ұсынды.

Зерттеу қалай өтті?

Ғалымдар 1050 нәрестенің үш-төрт айлығында үйінен шаң үлгілерін алып, оларды бес жасқа дейін бақылады.

Нәтижесінде 6,6 пайыз балада астма анықталды. Бірақ итпен ерте байланыста болған бүлдіршіндерде ауру қаупі 48 пайыз төмен екені белгілі болды. Себебі иттің сілекейі мен тері бездерінде болатын Can f1 аллергені ағзаға ерекше әсер етеді.

Сондай-ақ үйінде ит асыраған балалардың өкпе жұмысы жақсырақ болған. Ғалымдар жүргізген тыныс тестінде олардың терең тыныстан соң ауаны көбірек шығара алатыны байқалған.

«Бұл құбылыстың себебін әлі толық білмейміз. Бірақ адамның ит аллергеніне сезімталдығы артқан сәтте астма белгілері күшейетіні анық», – деді зерттеудің авторы дәрігер Джейкоб Маккой Амстердамда өткен Еуропалық респираторлық қоғамның конгресінде.

Мамандардың айтуынша, ит аллергендері балаларға белгілі бір деңгейде қорғаныс береді. Дегенмен бұл байланысты нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Айта кетейік, бұрын астмасы бар баласы бар отбасыларға үй жануарын ұстамауға кеңес берілетін.

«Астманың неден пайда болатынын, оны қалай алдын алуға болатынын және егер пайда болса, қалай дұрыс емдеу керегін әлі толық түсінбей отырмыз», – деді Asthma and Lung UK ұйымының бас директоры Сара Слит.

Батыс Аустралия университетінің зерттеушілері ит асыраудың тағы бір артықшылығын анықтады: үйге ит келгеннен кейін балалар көбірек қимылдай бастайды. Әсіресе қыздар белсендірек болып шыққан. Ал белсенді қозғалыс – кез келген жаста денсаулықтың кепілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!