Гүлнәр ӘЛІБЕКҚЫЗЫ,

облыстық қан орталығының

бөлім меңгерушісі,

дәрігер-трансфузиолог:

Донор болу ‒ өзгеге өмір сыйлаумен тең. Себебі дер кезін­де берілген қан адам өмірін сақ­тап қала алады. Қайырым­дылық үшін 1000 рет қан тапсырып, шамамен екі милионнан астам сәбидің өмірін аурудан аман алып қалған австралиялық Джеймс Хариссонның ерлігін сіз де білетін боларсыз, бәлкім?! Одан бөлек өз елімізде донор болып, көмек қолын созатындар қаншама?! Сондықтан біз бүгін донор болудың талаптары жайында пайдалы ақпаратпен бөліскен маман кеңесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

‒ Ең алдымен сауалымызды қан тапсыру орталығының қызметінен бастасақ. Бұл жерде күніне қанша адам қан тапсырады? Кез келген тұрғын науқас үшін донор бола ала ма?

‒ Облыстық қан орталығында күніне шамамен 30-40 донор қан тапсырады. Жасы 18-ден асқан әрбір азамат алдын-ала тексеруден өткеннен кейін донор болып қан тапсыра алады.

‒ Донор болу үшін қандай талаптар қойылады? Қан тапсыруға дейінгі және кейінгі жағдайы қалай бақыланады? Бір адам науқас үшін қанша көлемге дейін қан бере алады?

‒ Донор қан тапсыру үшін алдымен дәрігердің қарауынан өтеді. Себебі оның денсаулығы жақсы болуы шарт. Ешқандай диспансерлік есепте тұрмайтын, созылмалы аурулары жоқ азаматтар донор болып қан тапсыра алады. Бұдан басқа қан тапсырар алдында да бірқатар дайындық бар: бір күн бұрын майлы тамақ жемеу, соңғы екі күн ішінде ішімдік ішпеу, түнде жақсы тынығып ұйықтап келуі қажет. Әрбір донордан 450 мл көлемінде қан алынады.

‒ Донор болуда қан топтары маңызды ма? Қай қан тобына донор жетіспейді? Қай қан топтары бір-бірімен сәйкес келеді?

– Кез-келген қан тобындағы адамдар донор болып қан тапсыра алады. Яғни, қай қан тобы болсын барлығы маңызды. Өйткені кез-келген қан тобының жетіспеушілігі болуы мүмкін, оларды алдын-ала болжап айта алмаймыз. Науқастардың ауыр жағдайда аурухана түсуіне байланысты барлық адамнан қан алынады. 

‒ Науқасқа құйылатын қанның сапасы қаншалықты сенімді? Қан қанша уақыт, қайда сақталады? Эритроцит 42 күн, плазма температурасына қарай 2-10 жылға дейін сақталады деген  ақпарат қаншалықты рас?

‒ Облыстық қан орталығы Қызылорда облысын қанмен қамтамасыз етеді. Біздің орталық қан және оның өнімдерін науқастарға құюға бірнеше сатыдан тұратын тексеруден өткеннен кейін ғана береді.

Қан және оның өнімдері арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Иә, эритроциттік масса арнайы тоңазытқышта 42 тәулікке дейін, плазма арнайы мұздатқышта 3 жылға дейінгі мерзімде сақталады.

‒ Донор болудың қандай пайдасы бар? Қанша уақытта қанды қайталап тапсыруға болады?

   ‒ Донор болудың ағзаға пайдасы өте көп. Атап айтсақ жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алады, жоғарғы қан қысымын ретке келтіреді, қанның қоюлануына жол бермейді. Әрбір 2 ай сайын донор болып қан тапсыруға болады.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!