«Дүйсенбіден бастап жаңа өмір бастаймын». Осы айтылған дүние сол күйі қалатын кез көп. Себебі басым көпшілігіміз ойған алған істі ертеңге, келесі аптаға, алдағы айға, тіпті келер жылға қалдырудан жалықпаймыз. Ал кезекті кейіпкеріміз Ирина Ан жалқаулыққа жол бермей, онымен күресуге шақырады. Оны жеңуде арнайы жапон қағидасын ұстанатынын да айтады. «Кайдзен» қағидасы Иринаға әртүрлі сылтау тауып, орындағысы келмеген ісін жүзеге асыруға көмектескен екен. Тіпті, шабыт сыйлап, аэройога секілді жаңа хоббимен айналысуына сеп болған.

Йога бақыт гормонын бөледі

 «Кайдзенді» «1 минут қағидасы»  деп те атайды. Бұл қағиданы ұстау арқылы сіз өзіңізге деген сенімсіздікті жойып, алға ұмтыласыз. Сосын бара-бара 1 минуттік жаттығу 5 минутқа ұласады. Сөйте жүріп, жарты сағатқа да жетесіз. Бұл қағида Жапонияда пайда болған. «Кай» өзгеріс, «дзен» білімділік деген мағынаны білдіреді. Қағида авторы Масааки Имаи оның жеке өмірде де, кәсіпте де көмектесетінін айтады. Бұл рас. Өйткені мен де жаңа дүниелерге көп назар аудара бастадым. Ойда жоқта аэройогаға қызығушылық танытып, өзімді жетілдіруге күш салдым. Алматы, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында өткен арнайы шеберлік сабақтарына қатыстым. Тың тәжірибе жинақтап, өңірде алғашқылардың бірі болып, аэройога үйірмесін аштым», – дейді Ирина.

Йога бақыт гормонын бөледі

Кейіпкеріміз үйірме ашылған уақытта оған қызығушылардың саны аз болғанын айтады. Тек уақыт өте ғана сұраныс көбейген. Себебі, аэройоганың денсаулыққа әсері мол. Буын ауруына, омыртқаға тұз жиналу, артрит және артроз сырқаттарына шалдыққандарға пайдалы. Аптасына үш мәрте жүргізілетін жаттығуларда ойыңызды жинақтап, ағзаны қалыпқа келтіруге мүмкіндік аласыз. Бағасы қолжетімді.

Йога бақыт гормонын бөледі

«Йоганың көптеген физиологиялық процестерді қалыпқа келтіруі миф емес. Адам ағзасы сағат механизміндей қызмет ететіні белгілі. Егер өзіміздің биоырғағымызға бағынып, уақытылы ұйықтап, үйлестірілген тағам ішетін болсақ, ағзаға ешқандай да қосымша реттеу жұмыстары қажет болмас еді. Алайда қазіргі қарбаласқа толы кезеңде дұрыс режимді сақтап жүргендер сирек . Осыдан кейін денсаулыққа көмек ретінде қосымша құралдардың қажеттілігі туындайды. Аэройоганың көмекке келетін тұсы осы. Сондай-ақ ол қартаю процесін тежейді, бақыт гормонын бөледі. Адамның жасы оның омыртқасының иілгіштімен өлшенеді. Ал йоганың кез келген түрінің барлығы дерлік омыртқаға арналған. Аэройога немесе флаййога метаболизмді жеделдетуде де сеп. Көбіне келушілер йоганың косметологиялық әсерін байқайтыны сондықтан», – дейді жаттықтырушы.

Йога бақыт гормонын бөледі

Бұдан бөлек, адамның бір нәрсеге зейін қоюы йоганың тағы бір артықшылығы дер едік. Мұнда йоганың басты компонентерінің бірі – медитацияның көмегі зор. Бір сөзбен айтқанда, бұл – ақыл-ой гигиенасы. Қазіргі уақытта табысты, жетістігі мол деген әйгілі адам туралы ақпарат оқысаңыз, медитациямен айналысатынын білесіз. Психологиялық тренингтердің ішінде міндетті түрде медитацияның болуы да қалыпты жағдайға айналған. Мамандар да оны жүйелі қолданатын адамдардың есте сақтауы, мәселелерді тез шешу қабілеттілігі артатынын алға тартып жүр.

«Өзіңді үнемі жетілдіріп отыру – өмірлік қажеттілік»  деп білетін Иринаның тобында да осы медитацияға жақын әртүрлі жас өкілдері , соның ішінде жастар көп екен. Бұл ретте жаттықтырушы артық салмақ кедергі еместігін айтты. Ілулі гамак дене салмағын толық көтереді, оның максималды жүктемесі 500 келіні құрайды. Алайда сақтыққа салғырт қарамау қажет. Бүгінде аэройоганың жүйесін түсіне бермейтіндер бар. Үй жағдайында ғаламтор арқылы жаттығумен айналысып, жарақат алып жататындар кездеседі. Ал мұндай оқыс оқиғаға жол бермес үшін бастапқыда йога жаттықтырушысымен жұмыс жасаған жөн.

А.МАНСҰРҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!