Ақ халат – дәрігердің ғана емес, үміт пен сенімнің символы. Осы сенімді терең сезініп, маңызын түсінетін жан – Нұргүл Жалыбекқызы. Ол – Қызылорда қаласындағы №6 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіби тәжірибесі мол, адамгершілік қағидалары берік дәрігер- ұйымдастырушы.

Нұргүл ханым өзінің еңбек жолын қарапайым учаскелік дәрігер болудан бастаған. Медицина әлеміне алғашқы қадамын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Терапия» мамандығы бойынша білім алып, Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпитальде жасаған. Бұл жерде ол кәсіби шеберлігін шыңдап, үлкендерге деген құрмет пен ықыластың ерекше үлгісін көрсетті.

2014-2018 жылдары қаламыздағы №1 емханада терапевт болып қызмет етіп, кейін №3 емханада күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі болды. Сонымен қатар қосалқы жедел жәрдем стансасында да дәрігерлік міндеттерді атқарып, адам жанына дер кезінде араша түсудің үлгісін көрсетті. Ал 2018 жылдан бері №6 емханада бас дәрігердің орынбасары ретінде сапалы медициналық қызметті ұйымдастыру, емдеу сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Нұргүл Жалыбекқызы – кәсібін терең меңгерген, заманауи талаптарға бейімделген, басқару ісіне де жетік маман. Ол күнделікті қызметінде тек емдеумен шектелмей, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесін үйретуге де уақыт бөледі. Әріптестері оны біліктілігі мен қарапайымдылығы үшін құрметтейді, ал емделуші сеніммен қарайды. Оның басты ұстанымы – әрбір науқасқа сапалы әрі жанашырлықпен қызмет көрсету.

Медицина – үздіксіз даму мен ұдайы жаңашылдықты талап ететін сала. Нұргүл ханым да осы үдерістен қалыс қалмай, біліктілігін арттыру, жаңа тәсілдер мен технологияларды меңгеру жолында үнемі ізденіс үстінде жүреді. Нұргүл Жалыбекқызы тек кәсіби қызметімен ғана емес, жүрек жылуын қайырымдылық істерімен де бөлісіп келеді. Ол мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үнемі атсалысып, емхана ұжымы арасында да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады. Адамгершілік пен жанашырлықты өмірлік ұстаным еткен Нұргүл ханымның бұл қасиеті оны ел алдында ерекше құрметке бөлеп жүр.

Нұргүл Жалғасбаева – дәрігер болуды мамандықтан жоғары миссия деп қабылдайтын жан. Оның әрбір ісі, айтқан сөзі мен қабылдаған шешімі жүректен шығып, жүрекке жетеді. Ол үшін бір адамның денсаулығы – бүтін бір отбасының бақыты, ал әрбір сауыққан жан – еткен еңбектің шынайы жемісі.

Осындай жүрек жылуын кәсібіне арнаған тұлғалар – қоғамның тірегі, елдің сенімі. Нұргүл Жалыбекқызы – сол сенім үдесінен шығып жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі.

Жансая ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!