Көктем айында басталып, жаз мезгіліне дейін жалғасқан қатаң карантин талаптарын тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Соңғы уақытта карантин шаралары жеңілдеді десек те, қауіп бір сәт сейілген емес. Арқаны кеңге салатын уақыттың әзір емесін ескерген біз аймақтағы ахуалды білу үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық.Есепке сүйенсек, бүгінге дейін аймақ бойынша коронавирус инфекциясының 3262 жағдайы тіркелген. Оның ішінде клиникалық белгілермен 1801, клиникалық белгілерсіз 1461 жағдай анықталған. Мамандар коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі соңғы рет 29 қазанда тіркелгенін айтады. Жүргізілген талдаулар нәтижесіне көз жүгіртсек, барлық тіркелген жағдайдың 69-ы сырттан тасымалданған, яғни 1292 адам Covid-19 инфекциясын қарым-қатынас арқылы жұқтырған. Ал 1901 тұрғынның вирус жұқтыру жағдайы скрининг арқылы анықталған. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясы облысқа қарасты барлық ауданда тіркелуде. Соның ішінде басым көпшілігі, яғни 1962 жағдай қала тұрғындарының үлесіне тиеді.‒ Әлемдік және республикадағы коронавирустың күрделі эпидемиологиялық ахуалын ескере отырып, аймақта Қызылорда облысының бас санитариялық дәрігерінің 31.10.2020 жылғы №25 Қаулысымен бірқатар шектеулер әлі өз күшінде. Атап айтқанда:‒ Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге;‒ Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар және басқалар), букмекерлік кеңселердің қызметіне;‒ Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметіне;‒ Фудкорттардың, банкет залдарының қызметіне;‒ Қалалық, қоғамдық жағажайлардың, ашық аквапарктердің қызметіне;‒ Балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне;‒ Спортшылардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға шығуына тыйым әлі де жалғасады, ‒ дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Әбдіқайымова.Бүгінгі таңда облыс бойынша COVID-19 инфекциясын ПТР әдісімен анықтау «Ұлттық сараптама орталығының» облыстық филиалында,облыстық фтизиопульмонология орталығының бактериологиялық зертханасы мен мемлекеттік тапсырыс бойынша «Olymp» пен «Invivo» жеке клиникаларында жүргізілуде. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда облыстық ЖИТС және «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы» Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының ПТР зертханалары дайын тұр.Айта кетейік, облыстағы зертханалардың бір күндік жалпы қуаттылығы 1820 анализді зерттеуге қауқарлы. Ағымдағы кезеңде СOVID-19 инфекциясын анықтауға күніне 500-800-ге дейін ақылы және мемлекеттік тапсырыс бойынша сынамалар алынуда. Жыл басынан бері облыс бойынша COVID-19 анықтауға барлығы 131736 сынама тапсырылған.Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!